Accessibility links

Арқалықтағы түрмеде не боп жатыр?


Өткен сенбі күнгі хабарымызда Қостанай облысына қарасты Арқалық қаласындағы түзеу мекемесінде қамауда отырғандардың туыстары түрме әкімшілігі тұтқындағы жандардың құқығын бұзып, азаптап-қорлап жатқаны туралы суыт хабар жеткізгенін айтқан болатынбыз.

Дүйсенбі күні олар радиомыздың Астанадағы бюросына тағы да хабарласып осы түрмеде қазанның 25-күні көз жұмған бір жас жігіттің аты-жөні мен оның неден қайтыс болғанын жеткізді.

Арқалықтағы түрмеде қамауда отырғандардың жағдайына көз жеткізбек болып өткен жұма күні Астанадан Арқалық қаласына аттанар алдында «Азаттық» радиосына берген сұқбатында Алматыдағы «Халықаралық құқық қорғау орталығы» деп аталатын қоғамдық ұйымның қызметкері Оралғайша Омаршанова Арқалықтағы түрмеде адам өлімі туралы хабарлар түсіп жатқанын айтқан еді.

Өткен сенбі күні Арқалық қаласынан «Азаттық» радиосының Астанадағы бюросына телефон шалған Руслан Оздоев есімді азамат Арқалық түрмесінде қазан айының 25-күні жасы әлі отызға да толмаған тұтқын жігіттің мезгілсіз қаза болғаны жайлы бізге алғаш хабарлаған болатын. Руслан Арқалықтағы түрмеде отырған өз інісімен кездесуге барған-тұғын.

Дүйсенбі күні кешкіліік бізге тағы да телефон шалған Руслан әлгі қайтыс болған адамның аты-жөнін атады. Оның айтуынша қазанның 25-інде Арқалық түрмесінде мезгілсіз көз жұмған жас жігіттің аты-жөні Андрей Пашков көрінеді, ол 1976 жылы туған екен.

- Түрме әкімшілігі тұтқын Пашков өз күретамырын өзі кесіп өлтірді дегенді айтып отыр. Ал қазір олар Пашковты жерлеуді ұйғарып отыр, - дейді Р.Оздоев.

Марқұмның туған-туыстары бар-жоқ екені белгісіз көрінеді. Бұдан өзге Руслан бізге А.Пашков қаза болардан бір күн бұрын, яғни қазан айының 24-күні, Арқалық түрмесінде бірнеше тұтқын түрме әкімшілігіне наразылық ретінде өз қарындарын жарып, тамырларын кескенін айтты.

Осы айтылған жайттардың анық-қанығына тұщымды жауап беретін бірден-бір ресми мекеме – Қазақстан әділет министрлігінің қылмыстық атқару жүйесі комитеті өзіне жазбаша сауал жолдауды талап етіп отыр.
  • 16x9 Image

    Кенжебек НҰРҚАСЕНҰЛЫ

    Кенжебек Нұрқасенұлы - 1967 жылы туған. Семей мемлекеттік университетін тәмамдаған.
    Семейдегі «ТВК-6» телеарнасында, «СолDAT» газетінде, «Қазақ тарихы» журналында жұмыс істеген. Азаттық радиосында 2001 жылдан бері еңбек етеді. 

XS
SM
MD
LG