Accessibility links

Европалықтар АҚШ-тың Ирактағы саясатына әлі де қарсы.


Еврокомиссия жүргізген сауалнама нәтижесі көрсеткендей, европалықтардың дені АҚШ-ның Ирақтағы саясатына әлі де қарсы. Сауалнама Евроодақтың 15 елінде жүргізілген. Әлем қауіпсіздігіне қатер төндіруші елдер дегенде европалықтар ҚШ-ын Иранмен қатар қойған.

Еврокомиссия ЕО елдерінде "Евробарометр" атты сауалнама жүргізді деп жазады радиомыздың талдаушысы Чарлз Рекнагел. Сауалнамаға ЕО-тың 15 елінде 500 кісі тартылған. Солардың 53 пайызы әлемге қатер төндіріп тұрған елдер деген сұраққа ҚШ-ын Иран, Солтүстік Кореямен қатар қойған.

Бейбітшілікке қатер төндіріп отырған елдер дегенде ең нашар баға Израилге берілген. Сауалнамаға қатысқандардың 59 пайызы әлемдегі бейбітшілікке басты қатер төндіруші Израил деген. Европада өткен бұл сауалнама нәтижесі Израил мен ҚШ-да шу тудырды. Бұл елдің екеуі де сауалнаманың әділ жүргізілгеніне күмән келтірді. Израил сауалнама сұрақтарының өзі Израилге күйе жағу мақсатында түзілген деді. Ал, ҚШ мемлекеттік департментінің өкілі Адам Ерели болса, сауалнамаға қатысқандардың Америка туралы түсінігі шындықтан мүлдем аулақ жатыр деді.

Не де болса осынау сауалнама европалықтардың Ирақтағы Америка саясатына наразы екенін көрсетті. Гамбургтегі Таяу Шығыс зерттеу институтының маманы Геннер Фюртиг:

"Менің ойымша бұл европалықтардың соғыс қарсаңындағы алаңдаушылықтарын нақтылап отыр. Европадағы басты-басты ақпарат құралдары Американы соғысты бастамауға үндегені аян. Енді міне олар өз алаңдаушылықтарының ақиқатқа айналғанын көргендей әсерде".

Германияда үкіметтің сылап-сипағанына қарамастан, көптеген саясатшылар ҚШ-дың Ираққа шабуылын ашық сынайды. Брюсселдегі Евросаясат тану орталығының маманы Майкл Емерсон:

"Ауғанстандағы соғысты қолдағанымен европалықтар Ираққа қарсы соғысқа шу дегеннен қарсы болғаны аян."

"Бүгіндері европалықтар бұны бақылап отыр. Бұл шынында да масқара былық. Жағдайды бақылай алмай отырған Құрама Штаттары өзін-өзі тұзаққа түсіргенмен бірдей болып отыр".

Алайда, Европа елдерінің бәрі бірдей ҚШ-ның Ирақтағы саясатына қарсы деуге болмайды. Мысалы, Британия, Испания, Португалия ҚШ-ды қолдап отыр. Тағы да неміс талдаушысы Фюртигтің пікіріне ден қоялық:

"Евроодақтың өз арасында мысалы Франция мен Британия, Германия мен Испания көзқарастары арасында алшақтықтар үлкен. Меніңше шешуші мәселе БҰҰ-ның рөлі".

БҰҰ болса өткен айда Ирақ мәселесінде ҚШ-на негізгі рөл беретін қаулы қабылдады. БҰҰ-ның бұл қаулысы Ирақ Басқарушы кеңесіне Ирақ Конституциясын жазу мен сайлау өткізу жәйлі жоспар түзуге екі ай мерзім бергені белгілі.
XS
SM
MD
LG