Accessibility links

ҚР Үкiметi мен Жапон халықаралық банкiнiң келiсiмi мақұлданды


Парламент Мәжiлiсiнiң қарашаның 5-i күнгi отырысында Қазақстан Үкiметi мен Жапон халықаралық ынтымақтастық банкiнiң Астананы сумен жабдықтау және кәрiз жобасын iске асыру жөнiндегi келiсiмi мақұлданды.

Келiсiмге сәйкес, аталған қаржы көзi Қазақстан Үкiметiне 21 миллиард 361 жапон иенiн, яғни, 160 миллионнан астам долларды 30 жылға 2,2 пайыздық жылдық өсiммен беруге тиiс.

Қазақстан Сыртқы iстер министрiнiң 1-орынбасары Қайрат Әбусейiтовтың айтуынша, Астана қаласын сумен жабдықтау жобасы жүзеге асқан күнде астаналықтар сапалы сумен қажеттi мөлшерде қамтамасыз етiлiп, тұрғындардың денсаулығы жақсара түседi.

Жоба бойынша Вячеслав су қоймасында жаңа су тоғаны және сүзгi-сорап стансалары салынып, Астананың су құбырлары мен кәрiз жүйелерi жаңартылмақ. Депутат Хайрат Шалабаевтың пiкiрiнше, бұл мәселе жапон ақшасына тiрелiп тұрған жоқ..

«Шет елден несиесе алғаннан Қазақстанның өз ақшасын ұқсатқан көп пайдалы. Ал жапон қарызының жылдық пайыздық өсiмi 2,2 пайыз деп көрсетiлгенмен, түбiнде үш-төрт есе қымбатқа түсуi мүмкiн:

- бiрiншiден, консултациялық қызмет көрсеткенi үшiн сол ақшаның 10 пайызын жапондық мамандар алады; - екiншiден, келiсiм шарттың болжанбаған шығындар деген тармағы негiзделмеген; - үшiншiден, барлық жұмыс ауқымының 60 пайызын жапондар жүргiзуге тиiс. Олардың еңбегi бiрнеше есе қымбатқа түседi»,
- дейдi.

Ал депутат Серiк Әбдiрахмановтың сөзiмен айтқанда: « Бұл келiсiм Қазақстанның ұлттық қауiпсiздiгiне нұқсан келтiредi. Тұрғындарының саны 300 мыңнан асатын қалалардың ауыз су жүйелерi – мемлекеттiк құпия. Демек, су құбырлары құрылысын шетелдiктердiң қолына беруге заңдық құымыз жоқ».

Бүгiнгi таңда Астана тұрғындарының ауқаттылары таза суды дүкеннен сатып iшедi, былайғы жұрт құбыр суына қарап отыр. Депутаттардың қайсыбiрi "Құбыр суы iшпек түгiлi, жуынуға жарамсыз. Сондықтан, жапон ақшасын пайдаланып қалу керек ,"- дестi. Ақыры солардың дегенi өтiп, Қазақстан Үкiметi мен Жапон халықаралық ынтымақтастық банкiнiң Астананы сумен жабдықтау және кәрiз жобасын iске асыру жөнiндегi келiсiмi мақұлданды.
XS
SM
MD
LG