Accessibility links

Американдықтардың жартысы Джордж Буштың Ирақ саясатын қолдайды


Америка Құрама Штаттарында өткізілген қоғамдық пікірдің жаңа зерттеуі қалың бұқараның шамамен жартысы президент Джордж Буштың Ирақ саясатын қолдайтынын көрсетті. Дегенмен, саяси талдаушылар Буштың әкімшілігі Ирақ болмысын терең түсінбей соғыс бастады, әлі де талай қиындыққа тап болады дейді.

Зерттеуді өткен аптада «Вашингтон пост» газеті және АБС телекомпаниясы өткізді. Сауалдарға жауап қайтарған адамдардың 47 проценті жеті ай бойы жүріп жатқан Ирақ соғысын қолдайтындарын білдірді. Жауап бергендердің 51 проценті соғыс қимылдарын қабылдамады. Бұл зерттеудің алдында Бағдадта Біріккен Ұлттар Ұйымының кеңсесі мен "Халықаралық Қызыл Крест" ұйымының бөлімшелері аса ауыр бомбылауларға тап болғанын айтқан жөн. Президент Джордж Буш негізгі шайқастар аяқталды деп 1 мамырда жариялағалы бері Ирақта кемінде 138 американдық сарбаз қаза тапты. Ал 16 американдық сарбаздың өмірін қиған тікұшақтың апаты бұл қоғамдық пікір зерттеуінен кейін орын алды.

Жалпы, зерттеу нәтижесі президент Джордж Бушты қолдаушылардың қатары сәл-пәл кемігенін көрсетті. Осыдан бір ай бұрын «Галлап» компаниясы өткізген сауалнама Буштың әкімшілігін жұрттың 47 проценті қолдайтынын айғақтады. "Азаттық" радиосына пікір айтқан сарапшылар, дегенмен, Буштың әкімшілігінің қазіргі беталысы күтіліп отырған нәтижеге нұқсан келтіруі мүмкін дейді. Вашингтонда орналасқан Стратегиялық және халықаралық зерттеу орталығының халықаралық дипломатия және әскери істер сарапшысы Саймон Серфети қорғаныс министрлігінің Ирақтағы қимылдарында олқылық көп дейді. Саддам Хұсейннің ұзақ билігінің кезінде Батыс қауымдастығын жек көру Ирақ халқының санасына терең құйылды. Сондықтан, АҚШ әкімшілігі Ирақтың болмысын жетік түсінбеді дейді Саймон Серфети. Терроризмге қарсы соғысты американдықтар, жалпы, Ирақ соғысымен теңестіргісі келмейді дейді Саймон Серфети:

- Президент Джордж Буш соғыс аяқталды, қызметіміз орындалды деп 1 мамырда асыра бағалады. Ондай болса адам шығыны неге жалғасып жатқанын халық түсінбей отыр. Ең бастысы, жұрт 11 қыркүйектегі шабуылдармен Ирақ соғысының байланыстырылғанын қабылдамай отыр.

Джордж Буштың беделі алда төмендеуі мүмкін, мұны қоғамдық пікірдің келесі зерттеулері айғақтауы мүмкін деген пікірді Вашингтонда орналасқан Американ университетітінің Америка тарихы профессоры Алан Лихтман да айтып отыр. Оның үстіне Джордж Буш 2004 жылдың қараша айына белгіленген президенттік сайлауда жеңуге бел буды. Ирақ мәселесінде айтарлықтай алға баспаса, Джордж Буш өткен 2000 жылға сайлаудағы Ал Гормен тірескендегі жағдайға қайта тап болады дейді профессор Алан Лихтман:

- Буштың экономика және ішкі мәселелерде қол жеткізген көрсеткіштері әрдайым төмен. Буштың жоғары беделін қорғаныс саласын және ұлттық қауіпсіздік саясатын күшейткені тіреп тұр. Бірақ Ирақтағы жағдайдан соң бұл шаруалар да теріс сипат берді, жұрт Буштың саясатына күмәндәніп отыр. Біз 2000- жылдағы жағдайға қайта оралдық. Ел қақ жарылып, екіге бөлінді.

Дегенмен, Буштың беделіне дем болатын жақсы жағдай бар. Биылғы жылдың үшінші тоқсанындағы даму қарқыны АҚШ экономикасының жылдық өсуі 7 процентке жетуі мүмкін екенін көрсетті дейді Алан Лихтман.
XS
SM
MD
LG