Accessibility links

Халықаралық ізгі көмек атқарып жатқан ұйымдар Ирактағы қызметін қысқартуға мәжбүр


"Халықаралық Қызыл Крест" сияқты ұйымдар Бағдадтағы қызметкерлерінің көпшілігін кері қайтарды. Ирақ İшкі істер министрлігі қауіпсіздікті арттырамыз деп уәде айтса да, жағдай әлі күрделі.

Бағдадта өткен аптада террористердің нысанасына халықаралық ізгі көмек ұйымдарының кеңселері мен қызметкерлер тұратын мейманха алынған соң кейбір ұйымдар қызметін қысқартып жатыр. Қауіпсіздік шараларын қайта қарастырумен қатар Бағдадта қалу-қалмау мәселесі күн тәртібіне еңді. 27 қазанда "Халықаралық Қызыл Крест" ұйымының 27 қызметкері қаза тапты, олардың арасында екі сақшысы да бар.

"Қызыл Крест" ұйымының Женевадағы өкілі Пиерр Крехенбюль қазіргі таңда ең алдымен өз қызметкерлеріміздің сақтығына мүдделіміз дейді:

- Қызметкерлеріміздің қауіпсіздігін ойлау біз үшін басымдылық болып табылады. Бұл - біздің жауапкерлігіміз. Сондықтан халықаралық бөлімшеміздің санын азайтып отырмыз және Бағдадта қалған қызметкеріміздің қауіпсіздігін күрт арттырып отырмыз.

Халықаралық Қызыл Крест ұйымына қарағанда Біріккен Ұлттар Ұйымы Бағдадтан барлық қызметкерімізді кері қайтарамыз деп мәлімдеді. Шетелдік қызметкерлер солтүстіктегі Ербил қаласының маңында, қауіпсіздеу жерде ғана қалатын болды. Тамыз айында Біріккен Ұлттар Ұйымының Бағдадтағы кеңсесіне бомбашы-жанкешті шабуыл жасағанда, елші Серж Виера де Мелло бастаған 20-дан аса қызметкер қаза тапты. Бас хатшы Кофи Аннан Біріккен Ұлттар Ұйымының әлемнің түпкір-түпкіріндегі кеңселерінде қауіпсіздік шараларын қайта қарастыртып отыр.

Біріккен Ұлттар Ұйымы дегенмен Бағдадтан шетелдік қызметкерлерін тек уақытша қайтаратынын айтты. Шетелдік қызметкерлердің қайтуы жұмыс ауыртпалығын көптеген жағдайда ирақтық қызметкерлерге түсіріп отыр. "Шекарасыз дәрігерлер" ұйымында, мысалы үшін, жүзден аса ирақтық азамат жұмыс істесе, шетелдік қызметкерлердің саны онға да жетпейді. Британиялық "Мерлин" дәрігерлік ұйымында шетелдік қызметкерлердің саны үшеу ақ, ирақтық азаматтардың саны отыз үш. Оның үстіне "Мерлин" ұйымы қауіпсіздік мәселесіне бола Ирақтағы қызметімізді қысқарту жоспарымыз жоқ дейді.

Бағдадта жұмыс істеп жатқан шағын қайырымдылық ұйымдар шаруаларын жалғастыруға бел буып отыр. Төтенше жағдайда негізгі қызметкерлерімізді кері қайтарсақ, жұмысымыз ақсап қалады, оның үстіне көмегімізге талай халық қарап отыр дейді германиялық "Мұқтаж халыққа көмектесетін жаратушылар" ұйымының өкілі Александер Христоф:

- Біз тәуелсізідігіміз бен бейтараптығымызды көрсетіп отырмыз. Демек қару жараққа біздің ешқандай қатысымыз жоқ. Бізде ешқандай оққағар жоқ. Әлбетте, біз сақтығымызды барынша ойлауға тырысамыз. Ел ішінде, не Бағдадта жүрісімізді барынша, жұмысымызға бөгет жасамайтын дәрежеге шейін азайтып отырмыз.

Германиялық "Мұқтаж халыққа көмектесетін жаратушылар" ұйымы Бағдадта халыққа медициналық жәрдем көрсетумен, ауыз су және тазалық мәселелерімен айналысады. Шағын қайырымдылық ұйымдар нысанаға аздау алынамыз деп біледі. Сондықтан олар сырт көзге көп түспей жұмыс істеуге тырысады.
XS
SM
MD
LG