Қазақстан Республикасының Бас прокуратурасында қарашаның 5-і күні өткен алқа мәжілісінде қаржы саласындағы осындай қылмыстардың ашылу жайы қаралды.
Бас прокуратураның алдын-ала тергеу және анықтау бойынша заңдылықты қадағалау жөніндегі департаментінің бастығы Серікбай Ерімбетовтің айтуынша, жалған фирмалар бойынша қозғалған істердің сотқа жеткендері жоқтың қасы.
- Үйі-күйі жоқ адамдардың атына фирма ашылады. Банкіден ақша алынады. Істелмеген жұмысты өтірік істелді деп жазады. Банкіден нақты ақша алынғаннан кейін, оның соңын іздей бастағанда, ол фирмалар өтірік ашылған болып шығады. Ол фирмалар бір жетім-жесірлердің атына ашылған. Ол адамдар өз атына фирма ашылғанын білмейді. Құжатын жоғалтып алғандардың атына да фирма ашылған. Алматының өзінде 30-дан артық іс қозғалды. Өкінішке қарай оның сотқа жеткені жоқ десе де болады. Алматыда ғана осындай өтірік фирма ашқан адамды сотқа жеткізді. Республиканың басқа өңірінде сотқа жеткен мұндай іс жоқ.
Серікбай Ерімбетов, жалған фирмалар жайын кездейсоқ оқиға деп есептемейді.
- Бұлардың барлығын ұйымдасқан қылмыс деп дәрежелеуге болады. Себебі, бір адамның қолынан ондай іс келуі мүмкін емес. Оның бәріне әр саладағы адамдардың қатысы бар. Соның барлығы құралақан істелмейтіндігі. Біздің елімізде парақорлықтың барын құпия жасап отырған жоқпыз. Ауыл шаруашылығы министрлігінің Жер комитеті бар. 18-ші тамыз күні сол саладан осындай бір жалған фирмаға ақша аударылған. 20 жасар қыз банкіге келіп, тал түсте 1 миллион АҚШ доллларын алған. 40 миллион теңге тағы алып кеткен. Жаңағы қыз жалпы 500 миллион теңге алуы керек болған. Банкіден алып үлгергені, 1 миллион доллар мен 40 миилон теңге, банкте басқа ақша болмаған.
Серікбай Ерімбетовтің айтуынша, өткен жылы елде коррупциялық қылмыстары үшін құқық қорғау органдарының 537 қызметкері әртүрлі жауапкершілікке тартылған. Оның 59-ы ішкі істер органдарының, 3-уі қаржы полициясының қызметкерлері болған. Ал, биылғы жылы ішкі істер органдарының 98, қаржы полициясының 22 қызметкері жауапкершілікке тартылған. Ал, Бас прокурордың орынбасары Әбдірашит Жүкеновтің айтуынша, бас прокуратура Үкіметке, Парламенке коррупцияға қарсы заңдарды күшейту туралы ұсыныс берген.