Accessibility links

Алтынбек Сәрсенбаев: «Елшілік қызметімде президент әкімшілігінен кедергілердің болғаны рас»


Қазақстанның Ресейдегі бұрынғы елшісі Алтынбек Сәрсенбаев тақау күндері «Ақ жол» партиясына мүше болатындығын және партия қандай қызмет ұсынса да қабыл алуға әзір екендігін «Азаттық» радиосына берген сұқбатында мәлімдеді.

- Сіз қызметтен кетуіңіздің себебін бірқатар республикалық басылымдарға Қазақстандағы «саяси-қоғамдық» істерге араласқым келгендіктен деп түсіндірдіңіз. Бұл шешімге келуіңіздің басқа себептері жоқ па?

- Бұдан басқа себеп ойлап табу қиын. Өйткені, қоғамдық қызметке ауысу мемлекеттік қызмет атқарғаннан да жауапкершілігі қиын. Себебі, мемлекеттік қызметте адам белгілі-бір функцияларды атқарушы ғана болса, қоғамдық қызметте саясаткер қоғам алдындағы өзінің жауапкершілігін терең сезінуі тиіс. Мемлекеттік қызметте жауапкершілігің негізінен сені тағайындайтын адамның алдында болса, ал бұл жерде жалпы қоғам алдындағы жауапкершілігің болады. Сондықтан, бұдан артық себеп ойлап табу өте күрделі және мүмкін емес. Мен бұл шешімге бір аптаның немесе бір айдың немесе екі айдың көлемінде келген жоқпын. Бұл шешімге келу үшін ұзақ уақыт қажет болды. Мен дайындала отырып, біздің елімізде, қоғамымызда, еліміздің маңындағы мемлекеттерде болып жатқан үлкен оқиғаларды талдай отырып, олардың біздің тәуелсіздігіміз бен ішкі тұрақтылығымызға, демократиялық процестерге әсер ететін факторларын ескере отырып, осындай шешім қабылдадым.

- Жалпы қоғамдық-саяси қызмет дегенде, нақты партиялық қызметті меңзеп отырсыз ба?

- Әрине, мен алдын-ала жар салғым келмейді. Бірақ Қазақстандағы партиялардың біреуінің қатарына кіріп, сол арқылы қоғамдық қызмет еткім келеді.

- Сіз «Ақ жол» партиясына ма?

- Енді егер естеріңізде болса, мен осыдан 2 жыл бұрын Ресейге елші болып тағайындалғанан кейін, елден жүріп бара жатқан кезде «Время» газетіне берген сұқбатымда «Ақ жол» партиясының жетекешілері туралы өз пікірімді айтқанмын: «Ақ жол» партиясын құрушылар Ораз Жандосов, Әлихан Бәйменов, Жаннат Ертілесова, Қайрат Келімбетов, Сауат Мыңбаевты - өзімінің мемлекеттік қызметте бірге келе жатқан идеалас серік, дос, пікірлерім ұштас азаматтар ретінде сезінетінмін. Ол партияға енуге тек қазіргі елшілік миссиям ғана кедергі болып отыр және сол жігіттер менің олармен бірге екендігімді біледі» - деп мәлімдеме жасаған болатынмын.

- Ал енді бүгін оған енді ешқандай кедергі жоқ қой…

- Әрине, әрине

- Кейбір басылымдар сізді «Ақ жол» партиясының теңтөрағасы болады деп есептейді…

- Меніңше, бұл асығыс қойылған сұрақ. Өйткені, мен үшін патияда кім болу деген әңгіме жоқ. Мен үшін партияның мүшесі болу және осы партияның жұмысын атқару мүмкіншілігі әлдеқайда кең. Себебі, мен саясатқа кеше немесе бүгін келген жоқпын. Партияда белгілі-бір дәреже алып, сол арқылы өзімінің сасяи жолымды ашайын деп отырған жоқпын. Сондықтан, мен «Ақ жол» партиясына дейін де Сәрсенбаев болып келсем, «Ақ жол» партиясында да сол Сәрсенбаев болып қала берем. Мен үшін партияда билікте болу принциптік мәселе емес.

- Қарашаның 9-да «Ақ жолдың» съезі өтеді. Сіз соған дейін партияға өтесіз бе?

- Бәлкім, солай болар.

- Сізді қызметтен премьер-министр Даниал Ахметовпен тіл табыса алмағандықтан кетуге мәжбүр болды деген пікірге қалай қарайсыз?

- Даниал Ахметов деген азаматты, қазақша айтқанда, елші қызметімде екі-ақ рет көрген адаммын. Онымен жұмыс барысында тікелей кедергі немесе түсінбестік, немесе пікір алмау кезінде болған текетірес, қарама-қайшылықты сезінген жоқпын. Менің білуімше, Ахметов біздің сыртқы саясатымызға ешқандай әсер ететін адам емес. Бізде сыртқы саясатты анықтайтын 2 адам бар: Сыртқы істер министрі Қысымжомарт Тоқаев пен Қазақстан президенті Нұрсұлтан Назарбаев. Сондықтан, Ахметовті бұл жерге қатыстырып жүрген кісілер – «саусақтан сорып» саясат жасап жүргендер.

- Бірақ сіз «Время» газетіне берген сұқбатыңызда елшілікте қызмет еткен кезде биліктегі кейбір азаматтардың тосқауыл қойып, аяғыңыздан шалғысы келгенін айттыңыз. Яғни, әңгіме Сыртқы істер министрлігіне қатысты ма?

- Жоқ. Мен сізге кесіп айтайын. Сыртқы істер министрлігімен(СІМ) мен осы елшіліктегі қызмет кезінде өте түсіністік дәрежеде жұмыс істедік. СІМ-нің елшіліктің атына 5 рет жазған алғыс хаты бар... Егер бізде осындай өзара түсіністік болмағанда, ол мүмкін болмас еді. Ал енді кедергілерге келсек, ол президент әкімшілігінде отырған кейбір шенеуніктердің өзара «сыртқы саясат жасау» мүмкіншілігінен туған әрекеттердің болғаны рас. Ол жайында болашақта кеңірек айтып беремін деп ойлаймын.

AzattyqTV

XS
SM
MD
LG