Accessibility links

Cергей Дуванов: бір жыл өткеннен кейін...


Қазан айының соңғы аптасында Қазақстан оппозиционерлері тәуелсіз журналист Сергей Дувановтың қамауда отырғанына бір жыл толғанын атып өтті.

28 қазан күні осы мақсатта Сергей Дувановтың қорғаушылары арнайы баспасөз мәслихатын өткізіп, Жоғарғы соттың шешімін күтіп отырмыз дегенді жариялады. Журналисттің құқығын қорғаушы Евгений Жовтис, айтарлықтай үміт артып отырған жоқпыз, бірақ әр-түрлі жағдай болуы мүмкін, дегенді айтқан болатын.

Көпке созбай, 28 қазан күні Жоғарғы соттың баспасөз қызметінің өкілдері Сергей Дувановтың ісі бойынша Алматы облысы Қарасай ауданының соты шығарған шешімі мен Алматы облыстық соты шығарған қаулы өзгертусіз қалады, дегенді жариялады.

Мұндай мәлімдемеден кейін Сергей Дувановтың жақтаушылары енді журналистті саяси әдіспен қорғайтынын жариялады. «Халықаралық адам құқығы және заңдылықты сақтау жөніндегі» ұйымның директор орынбасары Жеміс Тұрмағанбетова Қазақстанда заңдардың орындалмайтыны тағы бір рет дәлелденді дегенді айтты.

Жеміс Тұрмағанбетова, «Халықаралық адам құқығы және заңдылықтардың сақтау жөніндегі» қор директорының орынбасары: -

Бір жыл бойы адвокаттар да, біз де жіберілген қателерді көрсетіп, Жоғарғы сот шығырылған үкімді өзгертеді, әділдік орнайды, деп сендік. Сот жүйесінде жүрген азаматтар заңдарды сақтай алмайды екен, заңды олар өзінің түсінігімен түсінеді екен. Сол себептен біз Қазақстан сотында әділдік жоқ екеніне көз жеткзіп отырмыз. Сергей кінәлі емес, Сергейді кінәлі деп айтқан адамдардың өздері күнәһар. Себебі бұл оқиғаның барлығы қолмен жасалып отырған дүние. Сергей Дуванов өз мақалаларында Қазақстандағы жоғарғы шенді мырзалардың абыройын айрандай төкті, сол себептен бұл оқиғаның артында саясат бары анық болып тұр. Саясат бар жерде сот әділ бола алмайды.

Абақтыда отырған тәуелсіз журналисттің әріптесі, «Қазақстанның демократиялық таңдауы» атты бірлестіктің Алматы қалалық бөлімінің жетекшісі Маржан Аспандиярова Сергей Дуванов қамауға алынғаннан бері Қазақстандағы саяси өмір қиындап кетті, деген ойда.

Маржан Аспандиярова, «Қазақстанның демократиялық таңдауы» атты қоғамдық бірлестік мүшесі:

- Сергей Дувановтың тағдырына тоқталар болсақ, бізге жаңа ғана қара хабар келді. Жоғарғы сот Сергей Дувановтың ісі бойынша, шығарылған шешімді өзгертусіз қалдырды. Ал қоғам өміріне келсек, Қазақстандағы жағдай нашарлап бара жатыр, оны мойындау керек. Қазіргі кезде Астанада отырған шенеуніктер оппозицияда жүрген азаматтарды жақсылап танып алған, егер керек болса, олар кез-келген азамтқа түрлі айып таға алады. Сол себептен бұл жағдайды бағалай келе, мен айтар едім Қазақстан қоғамы бір қиын дертке ұшырап отыр, сол дерттен жазыла алмай отыр.

Бақылаушылардың ойынша, оппозицияның үнін шығармау үшін пайдаланған әдіс жалғасын таба береді. Осы тұрғыдан алғанда, Қазақстанның Республикалық халық партиясының мүшесі Әлейхан Рамазановтың пікірінше, мемлекеттегі саяси жағдай өзгерген жоқ.

Әлейхан Рамазонов, Қазақстанның Республикалық халық партиясының мүшесі:

- Нұрсұлтан Назарбаев өзгерген жоқ, үкімет өзгерген жоқ, сот өзгерген жоқ, шенеуніктер параға батып жатыр, бұл жағдайда өзгерген жоқ, жалпы жағдай өзгерген жоқ. Қазіргі кезде оппозиция бірігіп жұмыс жасап жатыр, бірақ олардың жұмысы туралы айтатын газет, телеарна қалмады. Жағдайды өзгеру үшін оппозиция бірігіп, бір шешім қабылдау керек.

Әлейхан Рамазонов пен салыстырғанда журналист әрі саясаткер Шәріп Құрақбай болып жатқан жағдайға оң баға беріп отыр. Шәріп Құрақбай оппозиция мен үкімет арасындағы күрес күшейіп келе жатыр деген ойда.

Шәріп Құрақбай, саясаткер:

- Ең маңыздысы Сергей Дувановтың өзінің саяси көзқарасынан бас тартпағандығы, тырнақшаның ішіндегі қылмысын мойындамағаны .Ол өзінің саяси көзқарасын өзгертпеген сайын билік өзінің әлсіздігін білдіртіп жатыр. Билік те оның қылмыскер екенін дәлелдеген жоқ, оны көзі ашық адамның барлығы біліп отыр. Бұл менің пікірімше ,күрестің жалғасы.

Қазақстан оппозиционерлері Жоғарғы соттың шығарған соңғы шешімінен кейін Қазақстан президенті халықаралық ұйымдардың алдында не айтады екен, деп ойланып жүр.
XS
SM
MD
LG