Accessibility links

Біріккен Ұлттар Ұйымының делегациясы Солтүстік Ауғанстанның жауыздасқан рубасыларын сабырға шақырды


Ауғанстан мәселесімен көзбе көз танысуға елге Біріккен Ұлттар Ұйымы Қауіпсіздік кеңесінің арнайы тобы келген болатын. Германия елшісі Гюнтер Плюгер бастаған халықаралық топ Ауғанстанның солтүстігінде қайта басталған қақтығыстарға аса көп алаңдаушылық танытты. Сондықтан олар жауыздасып отырған тәжік қолбасшысы Атта Мұхамад және өзбек қолбасшысы Рашид Достымды жеке рулардың мүдделеріне емес, ортақ мемлекеттің мүддесіне қызмет етуге шақырды.

Тәжік қолбасшысы Атта Мұхамад және өзбек қолбасшысы Рашид Достым пуштундар басым Талибан үкіметін бірігіп құлатқан болатын. Талибан қозғалысы Ауғанстанды билегенде екі қарсылас араздықты доғара білді. Талибан үкіметі Америка Құрама Штаттарының көмегімен қиратылған соң ескі жаралар қайта ашылды. Талибанның көзі құрығанына екі жыл өтті, осы кезеңде Солтүстік Ауғанстандағы байырғы көршілер – тәжік пен өзбектің жеке әскерлері бірнеше рет қатты қақтығысты. Сайып келгенде, бұл барша мемлекеттің тұрақтылығын жақындатпақ түгіл, алыстатып отыр. Мәселен, қазан айында екі жақтың әскері Мазари Шарифтің төңірегінде шайқасып, екі жақтан да танк пен зеңбіректерден оқ жаудырылды, 60 шақты азамат қырылды.

Біріккен Ұлттар Ұйымы Қауіпсіздік кеңесінің арнайы тобы Мазари Шариф қаласында сәрсенбіде генерал Рашид Достым және тәжік қолбасшысы Атта Мұхамадпен сөйлесіп, барша елге үлгі көрсетуге шақырды. Біз тек уәде естуге келген жоқпыз, қойылған талаптарымызға қанағаттандыратын жауап алдық, дейді халықаралық делегацияны бастаған Германия елшісі Гюнтер Плюгер:

- Жергілікті басшылар Қабулдағы орталық үкіметпен бірауыз болуға сөз берді, бұл жөнінде қанағаттанатындай жауап алдық. Достым мырза мен Атта мырзалардың сөзі Ауғанстанда өті өтімді, олардың билігі мықты. Олардың көзқарастары, олардың істер барша Ауғанстанның тағдырына әсер етеді. Біз осыны алға тарттық.

Солтүстік Ауғанстандағы тәжік-өзбек араздығының ерекшелігі – 20 мың әскерді басқаратын Мұхаммад Аттаға Ауғанстан қорғаныс министрі маршал Мұхамед Қасым Фахим бас-көз болып отыр. Мұхамед Қасым Фахимның ұлты – тәжік, асылы ол Қабулға осы аймақтан жоғарлап барған тұлға, тәжіктер басым " Жамиат Исламия" саяси тобының адамы.

Ал өзбектердің серкелері болса басқа саяси ұйымда – "Жүнбеши Милли Ю Ислами" тобында бас қосқан. Генерал Рашид Достымда 20 мың сарбазды басқарып отыр. Рашид Достымға қорғаныс министрі орынбасарының қызметі берілседе, ол Қабулға жоламады, өз әскерін, асылы оқшауланған өз руын өз аймағында жатып алып басқарады.

Атта Мұхамад пен Рашид Достым Біріккен Ұлттар Ұйымының елшілерімен кездескен соң журналистерге әңгіме орталық үкіметпен серіктес болу жөнінде, есірткінің заңсыз тасымалына тосқауыл қою жөнінде өрбігенін айтты. Рашид Достым Ауғанстанға халықаралық көмек көрсету жөнінде, есірткі контрабандасына сонда қане төтеп беру мүмкін деп өз тарапымнан айттым деді.

Біріккен Ұлттар Ұйымы Қауіпсіздік кеңесінің арнайы тобы негізі Ауғанстанда келесі жылы белгіленген президенттік сайлаудың өткізу мүмкіншіліктерін қарастырып жатыр. Халықаралық бітімгершілік жасақтың қызметін Қауіпсіздік кеңесі жақында тағы ұзартып, оған Қабулданда тыс аймақтарды бақылауды бұйырды.
XS
SM
MD
LG