Accessibility links

Өзбекстан азаматшасы есірткімен ұсталды


Оңтүстік Қазақстан облысына қарасты Шымкент қаласындағы темір жол вокзалында Өзбекстан Республикасының азаматшасы есірткі затымен ұсталды.

Оқиғаның мән-жайын білу үшін қарашаның 10-ы Қазақстан Республикасының ішкі істер министрлігінің баспасөз қызметі бастығының орынбасары Ғалымжан Хасеновке хабарласқан едік.

Ғалымжан Хасеновтің айтуынша, қарашаның 9-ы күні ішкі істер органдары қызметкерлері жүргізген операция барысында, ұсталған өзбекстан азаматшасының жол сөмкесінен 2 келіден аса героин табылған. Әзірге ол әйелдің қайда бара жатқаны немесе қайдан келе жатқаны туралы ақпарат жоқ.

«Нашақорлық және есірткі бизнесіне қарсы күрес ішкі істер органдары үшін басым бағыттардың бірі болып қалуда. Бұл бағыта жекелеген жетістіктер де бар», - дейді Қазақстан Республикасының ішкі істер министрлігінің баспасөз қызметі бастығының орынбасары Ғалымжан Хасенов.

Оның айтуынша, жыл басынан бергі он айдың ішінде ішкі істер органдарының қызметкерлері қылмыстық айналымнан 16 тоннадан аса әртүрлі есірткі заттарын алған.

«Ал, егер героин жайында айтсақ, 2003 жылдың он айында 78,5 келіден аса героин алынды. Бұл өткен жылдың осы кезеңіне қарағанда анағұрлым көп», - деді Ғалымжан Хасенов.

Ресми мәліметтерге сүйсенсек, бүгінгі күні республикада есепке алынған 48 мыңнан аса нашақор бар. Ал, мамандардың айтуынша, шынайы жағдайда бұл көрсеткіш әлдеқайда жоғары.
XS
SM
MD
LG