Accessibility links

Қайта өңдеу саласы салықтық жеңілдіктерді сұрап отыр


Қазақстан Дүниежүзілік сауда ұйымына енуге дайындық шараларын жасауда. Бұл бағытта ауылшаруашылық өнімдерін қайта өңдеу саласы қызметкерлерін алаңдатып отырған мәселе жетерлік.


Бүгінде ауылшаруашылығы тауарларын өндірушілерге қосымша құнға салық мәселесінен біраз жеңілдіктер жасалған. Ал, ауылшаруашылығы өнімдерін қайта өңдеушілерге мұндай жеңілдік қаралмаған. Сондықтанда олар экономиканың басқа салаларындағы кәсіпорындар сияқты 16 пайыз көлемінде салық төлеп отыр.

Бұл орайда қайта өңдеу саласының кәсіпорындары Аграрлық партияның парламенттік фракциясына салықтық жеңілдіктердің қаралуы жөнінде өтініш білдірді.

Қарашаның 11-і күні парламенте өткен бас қосуда фракция мүшелері мен қайта өңдеу саласының қызметкерлері осы мәселе бойынша үкіметке ұсыныс жасау туралы пікірге келді.

Шығыс Қазақстан облысына қарасты Өскемен қаласындағы «Шығыс сүт» кәсіпорнының бас директоры Сейілжан Сайлыбаевтің айтуынша, Қазақстанда қайта өңдеу саласы тек шығын шегіп отыр. «Ал, алыс шет елдерде бұл сала өте пайдалы»,- дейді ол:

«Алдымызда Дүниежүзілік сауда ұйымына ену мәселесі тұр. Оған қазігі кезде біздің жағдайымыз өте қиын. Қалай болады, біз оған өте қиналып отырмыз.Техникалар кеңес кезінен қалған.»

Мәжіліс депутаты Шәймерден Оразалинов қайта өңдеу саласын көтеру үшін оларға қосымша құн салығының көлемін азайту керек деп есептейді.

Оның айтуынша, Үкімет бұл ұсынысты қош көрмей отыр. Себебі, бюджетке түестін қаржы кеміп қалады.

«Қайта өңдеу саласын қосымша құн салығынан босатудағы түпкі мақсат олардың бәскелестік қабылетін арттыру», - дейді Аграрлық партияның орталық аппаратының жетекшісі Алмас Жолтаев:

- Қазақстанның азық-түлік рыногында шетелдің, әсіресе, ресейдің тауарлары өте көп. Ал, біздің қайта өңдеу саласы әзірше бәскелестікте жеңе алмай отыр. Үкімет тарапынан қосымша құн салығынан босату немесе оны екі есе жеңілдету туралы қолдау көрсетілетін болса, қайта өңдеу саласы біраз түзеледі. Екіншіден, тұтынушылар сатып алатын азық-түлік бағасы арзандайды.

Қайта өңдеу саласындағы кәсіпорындарға салықтық жеңілдіктер беру бірінші рет көтеріліп отыр.
XS
SM
MD
LG