Accessibility links

АҚШ үкіметі Қазақстанды демократиялық қоғамы бар елдер қатарынан көргісі келеді


АҚШ-тың мемлекеттік хатшысының көмекшілері Элизабет Джонс пен Лорн Крейнер қарашаның 11-12-і аралығында Қазақстанда болып қайтты.

Орталық Азиядағы төрт мемлекет – Қазақстан, Қырғызстан, Тәжікстан және Өзбекстанға жасалған сапар бұл жолғы сапар бағдарламасында американдық дипломаттар Қазақстанның ресми билік және қоғамдық ұйымдар өкілдерімен кездесті. Сондай-ақ, олар сәрсенбі күні АҚШ-тың Қазақстандағы елшілігінің Астанада жаңа өкілдігінің ашылу рәсіміне қатысты.

АҚШ мемлекеттік хатшысының Еуропа және Еуразия мәселелері жөніндегі көмекшісі Элизабет Джонс пен мемлекеттік хатшының демократия, адам құқығы және еңбек жөніндегі көмекшісі Лорн Крейнердің бұл жолғы сапар бағдарламасына Орталық Азияның төрт мемлекеті – Қазақстан, Қырғызстан, Тәжікстан мен Өзбекстан еніп отыр. Экономикалық мәселелер, азаматтық қоғам мен демократияны дамыту және адам құқықтарын қорғау, қауіпсіздік мәселелері – бұлардың барлығы аймақтағы елдердің әрқайсысымен өткізілетін екіжақты кездесулерде сөз болатын ортақ тақырып.

Қарашаның 11-і күні АҚШ мемлекеттік департаментінің өкілдері Алматыда бір күн аялдап, қазақстандық ресми билік адамдарымен, қоғамдық ұйымдардың белсенділерімен және Еуропадағы қауіпсіздік пен ынтымақтастық ұйымының осындағы өкілдерімен жүздескен. Кездесуде жоғарыда аталған мәселелер сөз болған. Ал Қазақстан президенті Н.Назарбаев пен елдің сыртқы істер министрі Қ.Тоқаев бұл уақытта Оңтүстік Шығыс Азия елдерінде сапармен жүр.

Американдық ресми тұлғалар сәрсенбі күні Астанада Қазақстан Республикасының әділет министрі Оңалсын Жұмабековпен, ақпарат министрі Сауытбек Әбдірахмановпен және Қазақстанның сыртқы істер министрінің 1-орынбасары Қайрат Әбусейітовпен кездескен. Онда американдық шенеуніктер халықаралық терроршылдыққа қарсы күресте және Ауғаныстан мен Ирақ мәселесінде қолдау танытқаны үшін Қазақстан жағына АҚШ президенті Дж.Буш пен сол елдің қорғаныс министрі Д.Рамсфельдтің алғысын жеткізген. Бұл туралы сәрсенбі күні кешкілік Астанадан аттанар алдында журналистерге берген сұқбатында АҚШ мемлекеттік хатшысының Еуропа және Еуразия мәселелері жөніндегі көмекшісі Элизабет Джонс хабарлады.

Сонымен бірге американдық дипломаттар бұл жолғы кездесуде Қазақстан жағымен экономикалық және әлеуметтік салаларда бірқатар мәселелер бойынша әңгіме болғанын айтты.

- Онда Қазақстанның дүниежүзілік сауда ұйымына мүше болып қабылдануы, есірткі траффигіне және адам саудасына қарсы күрес жайлы сөз қозғалды. Бұдан өзге қазірде Қазақстан Парламентінде қаралып жатқан «Бұқаралық ақпарат құралдары туралы» заң жобасы мен сайлау заңына қатысты жан-жақты пікір алмастық, - деді Э.Джонс ханым. Ол «Қазақстанда еркін баспасөзді кең көлемді дамытатын мезгіл туып отыр» деген өз ойын да жеткізді.

Бет Джонс Қазақстанның Орталық сайлау комиссиясының «Сайлау туралы» жаңа заң жобасын танысып, өз ескертпелерін білдіру үшін Еуропадағы қауіпсіздік және ынтымақтастық ұйымына ұсынып отырғанын құптады.

- Осындай әріптестіктің нәтижесінде халықаралық талаптарға сәйкес сайлау заңы өмірге келеді. Қазақстан халқына да дәл сондай заң лайықты, - деді Э.Джонс.

АҚШ мемлекеттік хатшысының демократия, адам құқығы және еңбек жөніндегі көмекшісі Лорн Крейнер жыл өткен сайын әлемде демократиялық қоғамдардың қатары өсіп келе жатқанын айтты.

- Бұдан 30 жыл бұрын жер бетінде 40-шақты демократиялық мемлекет болса, бүгінгі таңда үш есеге жуық көбейді. Ал АҚШ үкіметі Орталық Азия мемлекеттерін осы елдердің қатарынан көргісі келеді, - деді Лорн Крейнер.

Ираққа қатысты қойылған сауалға жауабында Бет Джонс: «Ирақты демократиялық елге айналдыру қазіргі таңда күн тәртібінде тұрған мәселе, оны Еуропадағы және Орталық Азиядағы барлық елдер, соның ішінде Қазақстан да толық құптап отыр», деп жауап қатты.

Осы жолғы сапар кезінде АҚШ-тың мемлекеттік хатшысының көмекшілері Элизабет Джонс пен Лорн Крейнер қарашаның 12-күні АҚШ-тың Қазақстандағы елшілігінің Астана қаласында жаңа өкілдігінің ашылу рәсіміне қатысты. Қараша айының басынан бері жұмыс істей бастаған бұл өкілдікте қазіргі таңда американдық 3 дипломат пен қазақстандық 35 азамат еңбек етіп жатыр.
  • 16x9 Image

    Кенжебек НҰРҚАСЕНҰЛЫ

    Кенжебек Нұрқасенұлы - 1967 жылы туған. Семей мемлекеттік университетін тәмамдаған.
    Семейдегі «ТВК-6» телеарнасында, «СолDAT» газетінде, «Қазақ тарихы» журналында жұмыс істеген. Азаттық радиосында 2001 жылдан бері еңбек етеді. 

XS
SM
MD
LG