Accessibility links

Американдық көрмеде бұрынғы Совет Одағының елдерінен келген технологиялар ұсынылды


АҚШ-тың Филадельфия қаласында өткен аптада "Өркендеу мен қауіпсіздік серіктестігі" деген атаумен көрме ұйымдастырылды. Онда Қазақстан, Ресей және Украинадан әкелінген технологиялық жаңалықтар ұсынылды.

Жүзден аса жаңа технологияның көпшілігі американдық компанияларға таңсық боп шықты. Дегенмен, американдық компаниялардың құлаққағысы әр түрлі. Қазақстаннен әкелінген технологияларды баяндайтын болсақ, көрмеде Қарағанды химия металлургия институтының ғылыми жетістіктері ұсынылды. Атап айтқанда, кен шикізатынан арзан жолмен көбірек металл алу жөнінде жаңа үш әдіс көрсетілді. Институт директоры Манат Толымбеков батыс базарына шығуға өте мүдделіміз дейді:

- Ресей, Қазақстан және Тәуелсіз мемлекеттер достастығында бір сыпыра тұтынушыларымыз бар. Батыс Европа мен Америкаға құрыш пен ферроқортпалар сияқты өнімдерімізді шығаруға мүдделіміз. Сондай ақ инвестиция тапсақ деп отырмыз.

Қарағанды базарына ақша салған шетелдік компаниялар екі жақтан да пайда табады, дейді Манат Толымбеков. Жаңа технологиялық кәсіпорындар салынса және айырықша өнім өндірілсе ішкі базардың да сұранысы қамтылады, экспорт мүмкіншілігінен де қайтарым болады, дейді Қарағанды химия металлургия институның директоры.

Әлбетте, бұл көрме арқылы аса пайдалы келісімдерге қол жеткізбейміз. Американдықтар әзірше қолымыздан келетін істі біліп-танып жатыр, дейді Манат Толымбеков. Бұл металлургия саласындағы көрме болса - әңгіме басқа еді, мұндағы жұрт ядролық технологияларды іздеп келгендер көбінесе, дейді қарағандылық ғалым:

- Шындығын айтқанда, біз қол алысқан американдық компанияларды тапқан жоқпыз. Келген адамдар жарнамалық кітәпшаларымызды, адрес-телефондарымызды алып, ұнаса хабарласамыз деп жатыр. Көрмеге шақырылғанымызда, көрменің тақырыбын оқығанымызда біздің жұмысымыз сәл өзгеше екенін түсіндік. Сұраныс көп бола қоймайтынын сезгенмін.

"Өркендеу мен қауіпсіздік серіктестігі" деген атаумен өткен көрмеде, сондай ақ, Ресей мен Украинадан әкелінген технологиялық жаңалықтар ұсынылды. АҚШ энергетика министрлігінің демеушілігімен өткен көрме бұрынғы Совет Одағында жойқын қару өндірген кәсіпорындарға жаңа мүмкіншіліктерді қарастыруды мақсат тұтты. Өз кезегінде батыс базарына жаңа тәуелсіз елдердің компаниялары есік қағып отыр. Сондай компаниялардың бірі – украиналық "Авенчурес" компаниясы.

Әлбетте, көрменің аты көрме, келісімдерге лезде қол қоя алмаймыз. Көрме арқылы жаңа серіктестерді табамыз, Филадельфиядағы шараның маңызы осында, дейді Мәскеуде орналасқан Ядролық қауіпсіздік институтының өкілі Олег Павловский:

- Біз компьютерлік бағдарламаларды жасаймыз. Дайын бағдарламаны еңгізу ол басқа әңгіме. Ал оларды өндіру барысында серіктес мамандарды табу үнемі қиын. Әсіресе біз шұғылданатын салада.

Олег Павловский жұмыс істейтін Ядролық қауіпсіздік институты "радиоактивті терроризм" сияқты аса маңызды салаларда жұмыс істейді. Бұл өте күрделі жұмыс, қолымызда сан алуан құпия мәлімет бар, дейді Олег Павловский. Бұл институт мемлекет тарапынан биыл тек 15 процентке қаржыландырылды. Қалған ақшаны сырттан тапты. Ғалымдардың жалақысы айына бірнеше мың долларға жетеді, бұрынғы совет елдерінде бұл өте жоғары табыс деп саналады.

AzattyqTV

Аудиоподкаст

XS
SM
MD
LG