Accessibility links

Қазақстан Адам құқығы жөніндегі халықаралық билльге қосылады


Қазақстан президенті республиканың «Экономикалық, әлеуметтік және мәдени құқықтар туралы халықаралық пакт» пен «Азаматтық және саяси құқықтар туралы халықаралық пактіге» қосылуы туралы жарлыққа қол қойды.

Бұл туралы дүйсенбі күні түстен кейін өткен брифингте Қазақстан президенті әкімшілігі жетекшісінің орынбасары Игорь Рогов хабарлады. Адам құқықтары саласындағы маңызды халықаралық құжаттар саналатын бұл екі құжат - «Экономикалық, әлеуметтік және мәдени құқықтар туралы», сондай-ақ «Азаматтық және саяси құқықтар туралы» халықаралық пактілер бұдан 37 жыл бұрын БҰҰ-ның Бас Ассамблеясында қабылданған болатын. Содан бері бұл құжаттарды 140-тан аса ел бекітіпті. Енді оларға Қазақстан да қосылмақ.

Жалпы, «Қазақстан өз алдына дербес мемлекет болғалы адам құқықтары саласында 40 жуық халықаралық келісім-құжаттарды бекіткен», дейді Қазақстан президенті әкімшілігі жетекшісінің орынбасары Игорь Рогов:

- Ал бұл жолғы пактілердің ерекшелігі – олар БҰҰ-ының Бас Ассамблеясында 1948 жылғы желтоқсан айының 10-ында қабылданған «Адам құқықтарының жалпыға бірдей декларациясымен» бірге Адам құқықтары жөніндегі халықаралық билль деген атауға ие осы саладағы негізгі құжат болып саналады.

Қазақстан өзінің қосылатынын жариялап отырған бұл екі пактіге қосымша тағы екі құжат бар. Олардың біріншісі – «Азаматтық және саяси құқықтар туралы пактіге қатысты факультативті хаттама», ал екіншісі «Өлім жазасын жою бағытталған, азаматтық және саяси құқытар туралы халықаралық пактіге қатысты екінші факультативті хаттама» деп аталады. Бұл хаттамалар жаңағы пактілермен бірге адам құқықтарына байланысты құқықтық қатынасты реттейді.

- Алайда, Қазақстан әзірге тек пактілерді ғана бекітуге ниет етіп отыр, ал хаттамаларды бекіту мәселесі кейінірек шешіледі, - дейді И.Рогов мырза.

Адам құқықтары мен бостандықтарына арналған осы пактілер Қазақстан парламентінде мақұлдаудан өткеннен соң толық бекітілмек.

- Әйткенмен, адам құқықтары саласында мемлекеттің қабылдаған заң ерекшелігін ескере отырып, Қазақстан бұл пактілердегі кейбір мәселелерге байланысты өз ұстанымында қалуы да ықтимал, - дейді И.Рогов.

Осы кезге дейін халықаралық ұйымдар мен дамыған елдер, сондай-ақ, республиканың өз ішінде де қоғамдық ұйымдар Қазақстан басшылығын осы халықаралық құжаттарды бекітуге үндеп келген еді.

Тағы бір атап өтер жайт, осы аптаның ішінде Қазақстан президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың Еуропадағы қауіпсіздік және ынтымақтастық ұйымына барып, сөз сөйлеуі жоспарланған. Бұл ұйым ара-тұра Қазақстандағы адам құқықтарының қолайсыз ахуалына байланысты сындар айтып келеді. Ал ресми Астана болса 2009 жылы осы ұйымға төраға болудан дәмесі барын білдіріп отыр.
  • 16x9 Image

    Кенжебек НҰРҚАСЕНҰЛЫ

    Кенжебек Нұрқасенұлы - 1967 жылы туған. Семей мемлекеттік университетін тәмамдаған.
    Семейдегі «ТВК-6» телеарнасында, «СолDAT» газетінде, «Қазақ тарихы» журналында жұмыс істеген. Азаттық радиосында 2001 жылдан бері еңбек етеді. 

XS
SM
MD
LG