Accessibility links

Баспасөз шолуы


Мерзімді басылым беттерінде Қазақстан патриоттар партиясының заңды қызметіне күмән келтіретін мақала, президенттің кеңесшісі Ермұхамет Ертісбаевтың, қаржы полициясы агенттігінің төрағасы Болатбек Бұлғақбаевтың сұқбаттары жарық көрді.

«Президент неден науқас?» «Сөз» газетінің алғашқы парағы осындай сауалмен ашылады. Редакция Қазақстан президентінің Еуропадағы қауіпсіздік пен ынтымақтастық ұйымының штаб-пәтерінде жасауы тиіс баяндамасы алдында ауырып қалуының себептерін былайша топшылайды:

- Сонымен Сергей Дуванов пен Ғалымжан Жақиянов қашан еркіндікке шығатыны туралы сұраққа жауап беруге тура келеді. - Еуропадағы қауіпсіздік пен ынтымақтастық ұйымының Орталық Азиядағы филиалдарын әкетуді ұсынған өзінің күйеу баласы мен елші Рахат Әлиев үшін ақталуға тура келеді. - Осы ұйымның жергілікті орталығының басшысы Антон Рупниктің Алматы әуежайында уақытша кідіруінің себебін түсіндіруге тура келмек.

«Президенттің рейтингі қазіргі уақытта бұрын болмаған дәрежеде жоғары», - деп есептейді «Егемен Қазақстан» газетіне берген сұқбатында президенттің кеңесшісі Ермұхамет Ертісбаев. Ол өзінің сұқбатында «Ақ жол» партиясының теңтөрағасы Алтынбек Сәрсенбайұлының «саяси ұстанымы көкейге қонбайтындығын» және «сайлау кезінде болған жаппай бұрмалаушылықтың бос сөз екендігін» айтады. «Жақияновтың тек қана қылмыстық-процессуалдық рәсім арқылы босатылуы мүмкін екендігін» тілге тиек ете отырып, «Мемлекет басшысына басқадай кез-келген қысым жасау әрекеттері, «Қазақстандағы саяси тұтқындар» тақырыбын даңғазалау, қазақстандық оппозициялық газеттердегі, ресейлік және шетелдік кейбір газеттердегі жосықсыз айқай-шулар мен бопсалау, қазақстанда және шетелдерде әр түрлі құқық қорғау ұйымдарының осы мәселені саяси саудаға салуы – мұның бәрі мүлдем пайдасыз және мұндай қысымдар президентке әсер ете алмайды», - деп есептейді президенттің кеңесшісі.

«Сөз» газетінің қазақша қосымшасында Қазақстанның патриоттар партиясының Қызылордада бөлімшесі жоқ болып шыққандығы туралы хабар берілген. Мұндай фактіні Қызылорда облыстық ақпарат басқармасы министрліктің тапсырмасын орындау барысында анықтаған. Облыстық әділет басқармасында «партияларды тіркеген түбіртектерге қарап, облыстық Патриоттар бөлімшесінің басшысы деп жазылған Жәрімбетов Әбдірашит деген есімді табады. Құжаттағы мекен жайына қарап іздеп барса, ол жерде ондай адам тұрмайтын болып шығады». «Саяси партиялар туралы соңғы заң бойынша әрбір облыста партияның бөлімшесі және кем дегенде 700 мүшесі болуы тиіс. Бұл заңның кім үшін қабылданғанын, кімге тиімділігін осы оқиғадан-ақ біле беріңіздер. Қазақстанның демократиялық таңдау қозғалысы мен Қазақстан Республикалық халық партиясы мүшелерін қуғындап, бұл ұйымдарды тіркемей келе жатқан билік үшін өтірік оппозиция, өтірік партия, өтірік бөлімше, өтірік мүшелер қажеті осыдан-ақ көрініп отыр», - дейді мақала авторы Сағат Жүсіп.

«Новости недели» газетінде Асқар Омаров «Патриоттың» ойындары» деген мақалада Патриоттар партиясының сенбі күні өткізген пленумына республиканың түкпір-түкпірінен 80 адам қатысты делінгенмен, «сыртқы есептің өзі-ақ делегаттар саны одан аз екенін көрсетті. Бәлкім, біреулердің Алматыға келуіне қаражаты болмаған шығар», - дейді журналист бұл басқосудың өте жұпыны жағдайда өткенін тілге тиек ете отырып. «Бірақ мұндай кедейшілікке қарамастан, «патриоттар» 130 мыңнан астам мүше жинапты. Яғни, бұлардан сан жағынан тек «Отан» партиясы ғана басым шығатын шығар», - деп жазады Асқар Омаров.

«Мүлікті жария етуге байланысты рақымшылық туралы» заң жобасына орай «Алматы қаласы бойынша жылжымайтын мүлік жөніндегі орталықтың» басшысы Қуанышбек Естаев «Заң газетіне» берген сұқбатында «аталған заң жобасын қабылдап, жүзеге асыру шамамен 320 миллион теңге қосымша қаржыны талап етеді деп есептелгенін, мұның жергілікті бюджеттерден бөліну мүмкіндігін» айтады.

Ал «Эксперсс К» газетінің соңғы санында Қаржы полициясы агеттігінің төрағасы Болатбек Бұлғақбаев: «ішімдіктер әзірлейтін отандық зауыттардың өздерінде жасырын түрде артық өнімдер шығарылып, сатылатындығын, содан қалтарыстағы рынок пайда болатындығын», сондай-ақ, «Бас прокуратураның өздеріне кінә артуының тек жарым-жартылай ғана дұрыс екендігін» тілге тиек етеді.

«Аргументы и факты Казахстан» басылымы Қазақстанда Алла Пугачевадан аумайтын екінші адамның, яғни, Александр Ратеев деген әртістің бар екендігін, тіптен ол танымал ресей әншісінің дауысын айнытпай салатындығын жазса, «Комсомольская правда Казахстан» басылымы Қазақстанда, дәлірек айтқанда, Көкшетауда ресейлік тағы бір әнші Авраам Руссоның Марина Ганижева атты «тәтесінің» табылғанын жазады.
XS
SM
MD
LG