Европа одағының Сыртқы істер бойынша басшысы Хавиер Солана мырза ядролық бағдарламасының жай-жапсарымен таныстыру барысында Иран елі барынша шыншыл болуда, деп айтып өткен болатын. Мұндай мәлімдемені ол Иран Ұлттық қауіпсіздігінің Жоғарғы кеңес басшысы Хасан Роуханимен Брюссельде кездескеннен кейін жасаған еді. Солана мырзаның осы мәлімдемесінен кейін АҚШ Мемлекеттік хатшысы Колин Пауел мырза аталған сауалға орай Вашингтонның бұрынғы бағытынан қайтпайтындығын айтқан болатын.
Мұндай пікір алшақтығы осы аптада Венада болатын Атом Энергетикалық агенттігі кездесуі қарсаңында тіпті айқындала түсуде. Бұған дейінгі зерттеулер қорытындысында аталған агенттік: Иран ядролық қару бағдарламасын қалптастырып жатқан жоқ-, деп шешкен болатын. Германия Сыртқы істер министрі Йошка Фишермен Вашингтондағы сөйлесулерінен кейін Пауел мырза “мұндай қорытындының растығына сену қиын”-, деді. Ал, Германия, Франция және Британия елдері Иранның ядролық бағдарламасына орай дипломатиялық жолмен шешім қабылдағанды жөн көруде.
Бейсенбі күні болатын Атом Энергетикалық агенттік кездесуі қарсаңында Франция, Британия және Германия елдері қарар жобасын айқандауда. Ол бойынша, Құрама Штаттарының Иранға қатысты талабын қоштамау көзделген. Кейбір сарапшылардың пікірінше, жоғарыда айтылған пікір қайшылықтарының болуына қарамастан бейсенбіде болатын Вена кездесуі барысында екі жақ өзара түсіністікке келетін сыңайлы. Сондай-ақ, Иран елінің өзі де болашақта Атом Энергетикалық агенттігімен арасындағы әріптестікті жақсарта түсетін болады.
Өткен айда, Теһранда Британия, Германия және Франция Сыртқы істер министрлерімен кездесуден кейін Иран елі уранды байыту ісін тоқтата тұратындығын, сондай-ақ Атом Энергетика агенттігі тексерушілеріне өз бағдарламасын барынша ашық түрде көрсететіндігін мәлімдеген еді. Егер мұндай қадамдарға бармаған жағдайда Иран елімен сауда қарым-қатынастарын үзетіндгін аталған үш ел Сыртқы министрлері жариялаған еді. Ал, қарашаның 10-ы күні болса, Ядролық қаруларды таратпау жөніндегі келісімге қол қоятындығын ресми Техран мәлімдеген болатын. Мұның өзі БҰҰ-на кең тұрғыда тексерулер жүргізуге мүмкіндіктер беріп отыр-, дейді сарапшылар.
Өткен аптада Израиль Қорғаныс министрі Вашингтонда болған кезінде әлемдік қауымдастықтың жасап отырған шара-қадамдарына қарамастан Иран өзінің ядролық қару бағдарламасында ілгерілеп кетуі мүмкін-, деп дабыл қаққан еді. 1981 жылы көршілес Ирақ еліндегі, Франция салып берген Осирак ядролық реакторына Израиль тарапы әуеден соққы берген болатын. “Саддам Хусейн ядролық қару жасағысы келеді”-, деген себеп айтқан еді ресми Тель-Авив. Израиль жария емес түрде ядролық қуатты елге айналғысы келеді. Иранмен салыстырғанда Израиль ядролық қаруларды таратпау жөніндегі келісімге қол қойған жоқ-, дейді Азаттық радиосының Вашингтондағы тілшісі Жефри Донован.