Accessibility links

Бішкекте Ұжымдық қауіпсіздік шарты ұйымының кезекті басқосуы өтті.


Қарашаның 19-ы сәрсенбіде Қырғызстан астанасы Бішкекте алты мүше ел Сыртқы істер министрлерінің қатысуымен Ұжымдық қауіпсіздік шарты ұйымының келесі мәжілісі болып, жиын соңынан баспасөз мәслихаты өтті.

Қырғызстан астанасы Бішкекте сәрсенбі күнгі жиын соңынан алынған хабарларға қарағанда, алты мүшелі Ұжымдық қауіпсіздік туралы шарт ұйымы алдағы кезде де халықаралық террорға қарсы одақтастық күрес шараларында белсенді қатыса бермек.

- Бұл көзғарас бірлігін Бишкек басқосуына келген 6 ел – Ресей, Қазақстан, Қырғызстан, Армения, Беларусь және Армения сыртқы істер министрлері бір ауыздан білдірді, - деп хабарлайды Бішкектегі тілшілеріміз.

Бас дипломаттар халықаралық ұйымдарды, Ауғанстандағы саяси және экономикалық тұрақтылықты нығайту жолында өзара ынтымақтаса әрекет етуге шақырды.

Бішкек жиынын Тәжікстан сыртқы істер министрі Талбақ Назаров жүргізіп отырған. Мәжіліске Ұжымдық қауіпсіздік кеңесінің бас хатшысы Николай Бордюжа қатысты.

Талбақ Назаров терроршылықпен күрестегі шаралардың мәні жөнінде айта келіп:

- Біздің Ұжымдық ұйым Орталық Азия елдері және Қапқаз аймағындағы халықаралық терроршылыққа қарсы күресте белсене қатысатын болады, - деді.

- Біздің ұйым жаңа қауіп-қатерлерге қарсы тұрып, аймақтық тұрақтылықты қалыптастыруда аймақтық механизм күшіне айналмақ, - деді Назаров, баспасөз маслихаты кезінде.

Сондай-ақ Назаровтың айтуынша,

- Мәжіліске қатысушылар аймақтық тұрақтылық үшін Ұжымдық қауіпсіздік шарты ұйымы мен НАТО арасында өзара серіктестік байланыс құру қажет, - деп тапқан.

Сондай-ақ, Ұйым оңтүстік шегаралардағы қауіпсіздік мәселесіне де жіті назар аудармақ. Сол мақсатпен қазан айында Қырғызстанның Қант кентінде құрылған Ресейдің әскери әуе базасы өз ісін бастады. Ол база көмегімен Ұжымдық одақ күштері қажет кезде жедел әрекетке кірісе алады.

Ал Қырғызстан сыртқы істер министрі Асқар Айтматов:

- Ұжымдық қауіпсіздік туралы шарт ұйымы мен Солтүстік Атлантикалық әскери одақ – НАТОның мақсаттары өте ұқсас. Екі ұйым дa халықаралық терроршылық, әсіресе, біз жасайтын аймақтағы діни жікшілдік жағдайын жоюды негізгі шара деп есептеп отыр, - дейді.

Сондай-ақ Асқар Айтматовтың айтуынша,

- АҚШ жетекшілігіндегі терроршылыққа қарсы одақтастардың Қырғызстандағы әуе базасын ашудан мақсаты - көршілес Ауғанстандағы тұрақтылықты қамтамасыз етуге көмектесу. Себебі, Ауғанстандағы тұрақсыздық жағдайы тек қана Орталық Азия елдеріне емес, бүкіл әлем қауіпсіздігіне де кесір болып тиюі мүмкін. Ал , Қырғызстандағы Ресей әскери базасы болса көршілес мемлекеттерден келетін ықтималды әуе шабуылына қарсы қалқан болу ғана.

Ал, ТМД елдерінің Ұжымдық қауіпсіздік кеңесі ұйымының бас хатшысы Николай Бордюжа:

- Біз НАТОмен бәсекелес емес, әсіресе, қауіпсіздік мәселесінде, өзара ынтымақтас серіктес болуды қалаймыз. Себебі , ол екі ұйымның әскери, саяси мақсаттары бір емес пе, - деп өз ойын ашық айтқан.
XS
SM
MD
LG