Accessibility links

Қазақстандық ғалымдар әмбебеп катализ жасап шығарды


Қазақстандық органикалық катализ және электро химия институтының ғалымдары 10 жылғы ғылыми ізденістерінің нәтижесінде әмбебап катализ арқылы арзан әрі тиімді мұнай өңдеудің жаңа әдісін ойлап тапты. Мұнайдан жоғарғы сапалы жанар-жағар май айыру процесін жүзеге асырды. Бұрын мұнай өңдеудің 3-4 кезеңінің әрқайсысына бірнеше катализ қолданылып келсе, жаңа жоба бойынша жасалған катализатор барлығының орнын ауыстырады. Бұл ғылыми еңбек Қазақстан ғылымы құлдырап, ғылымының деңгейі төмендеп барады деп байбалам салып жүрген адамдарға Қазақстан ғылымының жоғарғы деңгейін көрсетеді. Жуырда ғана Қоғамдық бірлестік болып қайта құрылған бұрынғы Ұлттық ғылым академиясының болашағына да сенбейтіндер көп. Қабілет қарымы, білім-деңгейі жоғары ғылым жасауға қабілетті ғалымдар тұрғанда Қазақстанның ғылымы жоғалып кетпейді дейді ғалым Надір Надіров.

- Қазір жұртшылық арасында ақша бөлмеген соң ғылым құрып кетеді деген пікірлер бар. Бізде компаниялар деген өте көп. Сол компанияларға ғалымдар дұрыс технология жасап берсек. Сол технологияны олар пайдаланса неге ақша бермейді? Ғалымдарға ынта-жігер қажет. Отырып алып мемлекет, үкімет ақша бермейді деп құр айғайға басқаннан ғылым да, өндіріс те алға баспайды. Президентіміз Н.Назарбаев «Біздің келешегіміз мұнай мен металда емес, біздің келешегіміз жоғарғы сапалы технологияларда», - деп айтып отыр. Сондықтан да біздің мақсатымыз - өндіріске жоғарғы сапалы технология ұсыну. Шымкент пен Пaвлoдар мұнай өңдеу зоводтарын шет елдіктер қолына беріп қойған. Олар біздің технологияларымызды пайдаланбайды. Ол да бізге үлкен қиыншылық.



Ғалым Асқар Үмбетқалиевтың айтуына қарағанда, әмбебап катализ Қытай елінің екі қаласының мұнай өңдеу заводтарында сынақтан өткізіліп, жоғарғы баға ие болған технологияны қытайлықтар сатып алған көрінеді.

- Қытайда екі заводта әмбебап катализ сынақтан өтті. Қазірге Қазақстанның өндіріс заводтарынан бізге сұраныс болған жоқ. Егер де үкіметтің өзі Қазақстанның ғылымына дұрыс қарайтын болса біздің катализаторлар шет елдің катализаторларынан кем емес. Өндіріс заводтары ғылыми зерттеу институттарымен байланысса біздің ғалымдардың деңгейі өте жоғары. Аталған технологияның экологиялық жағдайы өте жоғары. Мұндай катализатор ТМД елдері көлемінде әлі шыққан жоқ. Егер Қазақстанда өндіріс орындарында мұндай технологияны пайдаланатын болсақ біздің экономикамызға да тиімді болар еді.

- Шет елдіктер тарапынан жоғарғы бағаға ие болған технология өндіріске қашан енеді оны біз білмейміз. Осындай жоғарғы технологияның жасалғандығын үкіметіміз де біліп отыр, - дейді Асқар Үмбетқалиев мырза.

- Көрмелерде президент Н.Назарбаев өз көзімен келіп әмбебап катализді көрді. Енді өндіріске ендіру жағдайын қалай шешейін деп жатыр ол жағы белгісіз. Бүгін, ертең шешілмесе де алдағы уақытта дұрыс шешілуі керек. Біз солай ойлаймыз. Қытайға біз технологияны саттық. Оны үкімет біледі. Сату үшін үкіметтің рұқсаты керек. Оны заңдастырып саттық.

Аталған технологияны жасап шығаруға қатысқан жас ғалым Айжан Ғазизова былай дейді.

- Қазіргі кезде мұнайдан сапасы төмен өнімдер алынады. Ал біздің мақсатымыз - сол мұнай өнімдерінің сапасын арттыру. Көп функционалды катализатор арқылы дизель отындарын өңдеуге болады. Дизель отындарын өңдегенде біз қысқы жағдайларға төзімді дизель отынын өндіреміз. Атырау, Павлодар мұнай өңдеу заводтарынан әкелген дизель отындарының қату температурасы -12° болса, біздің катализ арқылы өңделген дизель отынының қату темпартурасы -42°-қа дейін жетеді. Біздің әмбебап катализ арқылы өңделген дизель отыны еуропалық және американдық стандарттарға сәйкес келеді. Қазақстандық ғалымдар жасаған әмбебеп катализ әлемдік деңгейдегі технология.
XS
SM
MD
LG