Accessibility links

Баспасөз шолуы


Мерзімді басылымдарда желтоқсанның бірінші жұлдызында Алматы қаласында орын алған 4 балдық жер сілкінісі туралы және тағы да басқа саяси, рухани, әлеуметтік тақырыптарға арналған мақалалар жарық көрген.

Желтоқсанның бірінші жұлдызында Алматы қаласында орын алған 4 балдық жер сілкінісі жұртты біраз дүрліктіріп тастаған еді. “Экспресс К” газетінің сейсенбілік санында жарық көрген Әсел Төлегенованың мақаласында осы оқиғаға орай талдау жасалыныпты. Мақала авторының айтуынша жер сілкінісінің эпицентрі Алматы қаласынан үш жүз шақырым жерде Қытайда болыпты. Алайда жер сілкінісінің күшін Алтай мен Қырғыз елдерінің азаматтары сезініпті. “Жер сілкінісі қайталануы мүмкін, бірақ ол ешқандай да үлкен залал әкеле алмайды. Қытайда тағы да дәл осындай жер сілкінісі қайталанады деп ойламаймын. 2003 жылға жасалынған ғылыми жұмыстарының нәтижесі 2003 жылы қатты жер сілкінісінің болмайтындығын әйгілейді” ” дейді Қазақстан Республикасының сейсмология ғылыми-зерттеу институты директорының орынбасары Асқар Оспанов. Мақала авторының айтуынша, Алматы қаласында жер сілкінісі бірнеше рет қайталанған. Алматы қаласындағы ең қатты жер сілкінісі күндізгі сағат төрттен отыз минут кеткен мезгілде байқалған. Дегенмен желтоқсанның бірінші жұлдызындағы ең қатты жер сілкінісі Алматы облысының Нарынқол ауданында болған. Төтенше жағдайлар жөніндегі агенттіктің мәліметтеріне сүйенсек, Райымбек пен Ұйғыр ауданында жер сілкінісінің салдарынан бірнеше үй мен мектеп ғимаратына зиян келген. Ал Қытайда жер сілкінісінің салдарынан он адам қаза тауып, отыз төрт адам әр түрлі жарақат алған.

“Жас алаш” газетінің кезекті санындағы Гүлзат Табынның мақаласында осы тақырып жалғасын тауыпты. “Қираған үйлер жоқ. Қабырғалары жарылған, сылағы түскен үйлер болса, қолдан келген көмекті жасаймыз. Қазір ауданда арнайы комиссия құрылып жатыр. Олар барлық үйлерді тегіс қарап шығады. Жөндеу жұмыстарына бюджеттен қаржы көзін қарастырамыз” дейді Райымбек ауданының әкімі Байғожа Нұрғожаев “Жас алаш” газетінің тілшісі Гүлзат Табынға берген сұхбатында.

“Начнем с понедельника” апталығының 2 желтоқсан күнгі санында жарық көрген мақаласында жазушы Ақселеу Сейдімбек “Қазақстандағы орыс тілді бұқаралық ақпарат құралдарын өртке теңепті”. “Қазақстандағы орыс тілді бұқаралық ақпарат құралдарында отаншылдық ұстаным жоқ деуге болады. Яғни Қазақстандағы орыс тілді бұқаралық ақпарат құралдары өздерін Қазақстан мемлекеттігіне оппозицияда ұстауды нормаға айналдырып алған” деген жазушы Ақселеу Сейдімбек орыс тіліндегі бұқаралық ақпарат құралдарының қазақтарды дәстүрлі ділінен жаңылдырып жатқандығын сөз қылыпты.

Парламентте Қазақстан Республикасының “Бұқаралық ақпарат құралдары туралы” заңының жобасы бойынша жұмыс тобы құрылғандығы белгілі. “Егемен Қазақстан” басылымының 2 желтоқсан күнгі санында сол топтың мүшесінің бірі Уәлихан Қалижан газет тілшісінің қойған сауалдарға жауап беріпті. Уәлихан Қалижанның айтуынша бүгінгі таңда Қазақстанда 1915 Бұқаралық ақпарат құралы бар. Олардың 1237 сі газет, 503 і журнал, 162 телерадиокомпаниялар, Солардың 80 проценті жеке меншік бұқаралық ақпарат құралдары екен. Сонымен бірге Қазақстанда қазақтар саны 57 процентке өсіпті” деген Уәлихан Қалижан мемлекеттік тілді қоғамдық өмірдің барлық саласына енгізу керектігіне тоқталып өтеді. “Мемлекеттік тілдегі хабарлар түн асырып беріліп, таң сарғая тәмәмдалады. Өз мемлекетінде өгейсітетіндей қазақ тілінің қандай жазығы бар еді. Енді оны түзейтін сәт келді. “Бұқаралық ақпарат құралдары” туралы заң жобасының 6 бабының 2 тармақшасында мемлекеттік тілдегі хабарларды таратудың тәуліктік кестесіне орналастыру, эфирге шығудың барлық кезеңі аралығында біркелкі көлемінде жүзеге асырылатындығы туралы бап енгізілді” дейді Уәлихан Қалижан.

“Известия Казахстан” басылымының мұнай тақырыбына арналған сейсенбілік санындағы Татьяна Абраменконың мақаласында “Қазмұнайгаздың” Каспийде жұмыс істейтін қосалқы компаниялардың көбеюіне ықпал жасайтындығы айтылыпты. Мақалада келтірілген деректерге жүгінсек, алдағы жылдары да осы аймаққа тартылатын инвестиция көзі көбейе түседі.

“Алматы ақшамы” газетінің сейсенбілік санында жарық көрген профессор Мәулен Құдайқұловтың мақаласында бүгінгі таңда қоғамымызға дендеп еніп кеткен жезөкшелік проблемасы сөз болыпты. Мақала авторының айтуынша “жезөкшелік – қазақтың өмірінде ешқашан болмаған құбылыс, ұлтымыздың тұрмыс салтына ежелден жат нәрсе”. Мақалада келтірілген деректерге жүгінсек, “Рек Тайм”, “Плюс”, “Из рук в руки”, “Эврика”, “Караван” секілді жезөкешілік қызметін саудалап жазғандардың жарнамасы басылатын көрінеді. Мәулен Құдайқұлов өз мақаласында жезөкшелікке байланысты арнайы заң шығару қажет деп санайды. “Заң бойынша жезөкшелікті кәсіп деп қарасақ, онда оған оқыту, тәрбилеу, оларды мамандығы бойынша жұмысқа орналастыру қажет болатын шығар” деген мақала авторы жезөкшемен бірге болған еркектің де заңдық тұрғыдан жауапқа тартылуы қажеттілігін тілге тиек еткен.

“Бұрын орысша білмейтіндерді “мәмбет” деуші едік, енді қазақша білмейтіндерді “мәмбет” деуіміз керек “ деп мәлімдепті Үміт Жұманова “Қазақ үні” басылымының соңғы санында жарық көрген мақаласында.
XS
SM
MD
LG