Accessibility links

Германия канцлерінің Қазақстанға ресми сапары басталды


Желтоқсанның 4-күні Қазақстанға тұңғыш рет ресми сапармен келген Германия Федеративтік Республикасының канцлері Герхард Шредер Қазақстанды тынышсыздық жайлаған Орталық Азия мемлекеттері ішіндегі тұрақтандырушы рөл атқаратын мемлекет деп атап өтті.

Канцлер сонымен қатар Қазақстанды табиғи ресурстарға бай мемлекет екендігін тиек етіп, бұл Германия секілді өндірістік және экспорттаушы мемлекеттерге экономикалық қарым-қатынасты дамытуға зор септігін тигізеді дейді.

Ал Қазақстан басшысы екі жақты кездесуден кейінгі журналистермен өткізген баспасөз маслихатында Германияны Еуропа мемлекеттері ішіндегі Қазақстанмен сауда –экономикалық серіктестігі жағынан ең жетекші мемлекет деп атады.

Қазақстан Президентінің келтірген мәліметтері бойынша, былтырғы жылы екі елдің сауда-тауар айналымы 806,5 миллион долларға жетсе, ағымдағы жылдың қаңтар-қыркүйегі аралығында бұл меже 619,6 миллион долларды құраған. Соның ішіндегі 108,1 миллионы экспорт, 511,5 миллионы импорт болған. Бұл ретте, Қазақстанға тартылған германиялық инвестицияның жалпы ауқымы 2003 жылғы шілденің 1-не дейін 664 миллион АҚШ долларына жеткен. Мұндағы тікелей тартылған инвестиция 198 миллион доллар болса, портфельдік инвестицияның үлесі 5 миллион доллар, басқа инвестициялар 461 миллион доллар көлемінде көрініс тапқан. Жалпы алғанда Қазақстанға тартылған неміс инвестициясы 2002 жылы 580,4 миллион долларды құрап, соның 248,8 миллионы тікелей, 325 миллионы қаржылық инвестиция түрінде келген.

Ал Канцлер Герхард Шредер болса, алдағы үш жылдың ішінде Қазақстанмен тауар айналымды одан әрі ұлғайтуды жоспарлап отырмыз дейді. Ол сөзінде экономикалық қарым-қатынасты тек табиғи ресрустармен ғана емес, жоғарғы технология саласында да дамытқымыз келеді деді. Ол бұл салада Германияның ірі «Сименс» секілді фирмаларымен қоса, орта және шағын бизнес салаларында да ынтымақтастық құруға да әзір екендігін білдірді.

Кездесуде халықаралық ынтымақтастық, лаңкестікке қарсы күрес мәселелері де сөз болып, екі елдің бұл бағыттағы көзқарастарында еш қайшылық жоқ екендігі айтылды. Ал желтоқсанның 5-күні неміс және қазақстандық кәсіпкерлерінің қатысуымен өтетін бизнес форумда экономикалық қарым-қатынас жан-жақты талқыланатын болады,– деді Қазақстан Президенті.
XS
SM
MD
LG