Accessibility links

Самарада қазақтардың тарихи-мәдени автономиясы құрылды


Батыс Қазақстан облысының 35 адамнан тұратын делегациясы Ресейдiң Самара облысындағы қазақ жұртшылығының ұлттық-мәдени автономиясының тұсаукесерiнен оралды.

Батыс Қазақстан облысы Ресейдiң Саратов, Астрахан, Орынбор, Волгоград және Самара облыстарымен шектеседi. «Осылардың алдыңғы төртеуiндегi қазақ қаумдастықтарымен рухани байланыс бұрыннан бар. Тек Самара қазақтарының бас бiрiктiре алмай жүргенiне алаңдаушы едiк. Ендi оның да орайы келдi», -- дейдi өнер қайраткерi, Батыс Қазақстан облыстық филармониясының директоры Донедiл Қажымов.

Сарамаралық қазақтар тарихи-мәдени автономиясын «Ақжол» деп атапты. Бұл – Ресей бойынша «тарихи-мәдени автономия» атауын алып отырған алғашқы ұлттық орталық. Оның президентi Тоқтарбай Дүйсенбаев: «Ақжол» тарихи-мәдени автономисы келешекте Қазақстаннан мұғалiмдер мен өнер адамдарын шақырып, мәдени-рухани қарым-қатынас орнатуға мүдделi. Келешекте қазақ мектептерi мен сыныптарын ашу да ойда бар, -- дейдi.

Ресейдегi соңғы санақта мұқым халық «ресейлiктер» деп жазылғандықтан, самара облысында қанша қазақ тұратынын нақтылау мүмкiн емес. Оның алдындағы, 1989 жылғы санаққа сүйене отырып, олардың санын шамалап шығаруға болады. Тоқтарбай Дүйсенбаевтың есебiнше, сол болжаммен алғанда, он төр жарым мыңдай болуы мүмкiн.

Бұл күндерi «Ақжол» тарихи-мәдени автономиясы Ресейдегi қазақ ұлттық орталықтарының Бас қауымдастығын, яғни, федерациясын құру мақсаттында демеушi iздестiрiп жатқан көрiнедi. Қаражат мәселесi шешiлетiн болса, 2004 жылдың ақпан айында Самара қаласында Ресейдегi қазақ ұлттық орталықтары Федерациясының құрылтайы өткiзiлуi мүмкiн.
XS
SM
MD
LG