Accessibility links

Қазақстандағы саяси партиялардың қатары толықты


2003-ші жылдың аяқталуына бір ай қалғанда Қазақстандағы оппозиция өкілдері жаңа партия құратыны жөнінде жариялады. «Қазақстанның демократиялық таңдауы» атты қоғамдық бірлестік негізінде дүниеге келетін халықтық партия, халық мүддесінің қорғалғанын қалайды. Бұл мақсатқа қол жеткізу үшін жаңа партияны қолдаушылардың бірі, сенатор Зауреш Батталованың ойынша, мемлекеттегі конституцияны өзгерту керек.

Зауреш Батталова,Қазақстан Парламентінің мүшесі: - Ең алдымен біз республиканың президенттік мемлекет болғанын қаламаймыз,яғни біз республиканың парламенттік болғанын қолдаймыз. Сонымен қатар, біз бұқаралық ақпарат құралдарының тәуелсіз болғанын қалап, осы мақсатта жұмыс жасауға дайынбыз. Соңғы жылдары байқалып қалды, билік сайлау барысында белсенділік көрсетіп, парламент пен мәслихат қалталы болды. Сол себептен біздің ойымызша, бұл салада біз жұмыс жасауымыз керек. Әрине, бізде әлеуметтік жағдай да күрделі болып тұр. Мемлекеттің экономикалық жағдайы көтерілгеніне қарай халықтың жағдайыда көтерлуі керек. Мысалы, біз мұнайды өндіріп, сатып жатырмыз, бірақ мұнайдың ақшасы бюджетке, немесе халықтың жағдайын көтеруге жұмсалып жатқан жоқ.

«Қазақстанның демократиялық таңдауы» атты халықтық партияның жетекшісі Ғалымжан Жақиянов болып қала береді деді, жаңа партияны құрушылар. Сонымен қатар, өздерін демократтармыз деп атаған азаматтар партияны отандық кәсіпкерлер қаржыландырып отырады дегенді айтты. Сол себептен жаңа пария өкілдері мемлекеттегі орта және шағын кәсіпкерлікті қолдауға дайын.Сонымен қатар, жаңа партияға мүше болатын азаматтардың пайымдауынша, «Қазақстанның демократиялық таңдауы» атты халықтық партияға қолдау көрсетіп отырған бизнесмендер де Қазақстандағы әділетсіздікке наразы. Бұл әділетсіздікті жою үшін партия құрғады жөн көрдік,- деді жаңа партияны қолдаушы тұлғалардың бірі Батырхан Дәрімбет.

Батырхан Дәрімбет, «Қазақстанның демократиялық таңдауы» атты халықтық партия құрушылардың бірі: - Заңдардың қабылдауына байланысты біздегі саяси күрестердің түрлері өзгерді. Сонымен қатар , саяси партияларға көбірек өкілеттік беріп жатыр. Болашақта, келесі күзде болатын парламенттің жартысы саяси партиялардың тізімімен құрылады, деген ой бар. Қазіргі кезде сондай ұсыныс жасалып жатыр. Мұндай ұысынысы бар сайлау туралы заң жоба бір-екі күн бұрын парламентке тапсырылды. Сол себептен біздің қоғамның одан әрі дамуына әсер ету үшін саяси партия болып құрылған дұрыс, деп есептейміз. Бізд осындай шешімге келіп, саяси партия құруға кірісіп жатырмыз. Бұл заңдылық, кез-келген қозғалыс қоғамның дамуына әсер ету үшін өзінің тәсілін өзгертіп отырады. Бұл өте жауапты шешім, бұл көп жұмысты талап етеді, болашақта біздің саяси жүйедегі орнымыз бос болып қалмау үшін осындай шешімге келіп отырмыз. Біздің саяси мақсатымыз – Қазақстанда демократиялық қоғам орнату. Қазақстанда барлық даму халықтың қатысуымен өту керек. Ал қазір бізде ондай жағдай жоқ.

Қазіргі кезде «Қазақстанның демократиялық таңдауы» атты қоғамдық бірлестіктің Алматы қалалық бөлімінің жетекшісі Маржан Аспандиярова дүниеге келетін партияның республика бар саяси партиялардан ерекшелігі болады,дегенді айтады. Себебі бұл партия үкімет пен шенеуніктерді ғана емес, мемлекет жетекшісінде сыңға алатын болады.

Маржан Аспандиярова, «Қазақстанның демократиялық таңдауы» атты қоғамдық бірлестіктің Алматы қалалық бөлімінің жетекшісі: - Бұл партия Қазақстандағы қоғамдық-саяси жағдайға байланысты дүниеге келіп отыр. «Қазақстанның демократиялық таңдауы» атты қоғамдық бірлестік дүниеге келгеннен бері Қазақстан тарихындағы көп өзгерістерге себепкер болды. Біз айтарлықтай қалыптастық, қасымызға бізді қолдайтын адамдарды жинадық, өстік, жеттік. Енді мына саяси жұмысты одан әрі жалғастыру үшін ресми партия түрінде жұмыс жасау керек. Мен ойлаймын, әрине, біз адамдарды жинаймыз. Қазір бізде 10-шақты партия бар. Оның ішінде: «Отан», «Азаматтық» партиялар бар, олардың барлығы бір жақта. Олардан біздің айырмашылығымыз, біз осы бір адамның қолындағы билікті, саяси режимді өзгертуді көздейміз.

Сонымен, Қазақстан оппозиционерлері жаңа партия құратыны жөнінде жариялап, келер жылдың ақпан айында алғашқы құрылтайын өткізуді жоспарлап отыр. Оппозицияда жүрген тұлғалар жаңа патияға мүше болмаса да, дүниеге келетін партияны қолдап отыр.Дәлірек айтқанда, партиялар туралы жаңа заңға байланысты тіркеуден өтпеген, бірақ ресми түрде жабылмаған Қазақстанның Республикалық халық партиясының атқару комитетінің жетекшілері жаңа құрылатын партияға қолдау көрсететінін жариялады. Мұндай қолдауды «Қазақстанның демократиялық таңдауы» атты қоғамдық бірлестік жетекшісі Төлен Тоқтасыновта көрсетті. «Азаттық» радиосына берген сұхбатында Төлен Тоқтасынов былай деді.

Төлен Тоқтасынов, «Қазақстанның демократиялық таңдауы» атты қоғамдық бірлестік саяси кеңесінің төрағасы: - Мен дұрыс деп бағалаймын, мұндай партия керек, әсіресе мына Әзірбайжан мен Грузияда болып жатқан жағдайларға байланысты,Қазақстанның саяси алаңыңа «Асар» және «Руханият»атты жаңа партиялар шыққан тұста. Осы оқиғаларды есептегенде мен жаңа партияның дүниеге келгенін дұрыс, деп бағалаймын. «Қазақстанның демократиялық таңдауы» атты халықтық партияға билікке жақын партиялар қандай баға береді екен деп Қазақстанның «Азаматтық» партиясының жетекшісі Азат Перуашевтың пікірін білдік.

Азат Перуашев, Қазақстанның «Азаматтық» партиясының жетекшісі: - Қазақстанның кез-келген азаматы, қоғамдық қозғалыстар саяси партия құруға құқылы, сол себептен еш қандай қарсылық жоқ.

Дүниеге келетін жаңа партия алғашында өз бағдарламасын жарияласын, сонда бұл партияға баға беруге болады, -дейд «Отан» партиясының мүшесі Абзал Нүкенов айтып отыр.

Абзал Нүкенов, «Отан» партиясының мүшесі: - Өткен жылы қабылданған партиялар туралы заңға байланысты әр ұйым, әр азамат партия құруға құқылы. Алдымен жаңа партия өз бағдарламасын жарияласын, сосын бұл бағдарламаны сараптай келіп, бір пікір айтуға болады.

Ал саясаттанушы Бөріхан Нұрмухаммедовтың ойынша, жаңа партияның дүниеге келетіні жақсы, бірақ бұл партияны укімет тіркемей қою мүмкін, деген ойда.

Бөріхан Нұрмухаммедов,саясаттанушы: - Бұл партияға сырттан әсер ететін мәселе бар, сонымен қатар бұл партияның ішкі мәселесі де бар. Республикада «Қазақстанның демократиялық таңдауы» атты бірлестікке бірнеше саяси күштер кіреді. Біріншіден, Қазақстанның Республикалық халық партиясы, екіншіден, Коммунисттік партия, үшіншіден, Халық конгрессі және «Поколение» деген қозғалыс кіреді. Болашақта бірлестік қатарынан саяси күштер, яғни Коммунисттік, Республикалық халық партия ДВК-дан шығып кетуі мүмкін. Себебі олар қозғалыстың партия болғанын қолдамайды. Негізінен, «Қазақстанның демократиялық таңдауы» атты бірлестік халық арасында танымал, сол себептен олардың сайлаушылар арасында қолдаушылары да бар. Осы қолдаушыларды ДВК мүшелері пайдаланбақшы, бірақ бұл партиядан коммунисттер мен республикандықтар кетіп қалса, бұл партияда кім қалады, жаңа партия өз бағдарламасын қалай ұсынады, деген сұрақтар туындайды. Ал тіркеу мәселесіне келер болсақ, бұл жерде бұрыңғы тәжірибемізді ескеруіміз керек. Бізде бір партиялар тіркеуден жылдам өтеді, екінші бір партия түрлі қиындық көріп өтеді. Сол себептен менің ойымша, бұл партияға кедергі жасалады, кедергі болғанда бұл партияны сайлауға дейін тіркемеуі мүмкін, деген болжау бар. «Қазақстанның демократиялық таңдауы» атты халықтық партиясының ресми тіркеуден өтуі немесе өтпеуі халықаралық бақылаушылар мен сарапшыларды да толғандырып отыр. Біріншілерінің пікірінше, ресми Астана бұл партияны тіркемейді, себебі бұл партияның алдына қойып отырған мақсаты қазіргі билікке ұнамайды. Сарапшылардың екінші бір бөлігі «Қазақстанның демократиялық таңдауы» атты халықтық партия тіркеуден өтеді деген ойда. Себебі дейді, олар Қазақстан үкіметі халықаралық қауымдастықтың пікірінен қорқақтайды.
XS
SM
MD
LG