Accessibility links

Ресей Думасына өткен сайлауда президент В.Путин өз билік күші ықпалын барынша нығайтып алды. (1-бөлім)


Жексенбі күңгі Парламенттік сайлауда Кремль қолдауындағы Біртұтас Ресей партиясы үлкен жеңіске жетсе, коммунистер бұрыңғы деңгейінен айтарлықтай төмендеді. Ал Яблоко мен Оңшыл күштер одағы партиясы 5 пайыздық межеге жете алмай жеңіліске ұшырады.

- Бұл азаматтық қызметкерлер, ұлтшылдар және коммунистердің Думасы болады, - деген еді, Парламенттік сайлауға 2 күн қалғанда демократ саясаткер Борис Немцов.

Оның айтқаны дәл келді. Берілген 91 пайыз дауыс саналғаннан соң, Орталық сайлау коммиссиясы төрағасы А.Вешняков, - Біртұтас Ресей 38.8 пайыз дауыспен 1- орында. Ресей Федерациясы Компартиясы 12.7 пайыз дауыспен 2-орында. Ресей Либералды демократиялық партиясы - 11.8 пайыз дауспен 3- орында, ал Родина блоғы – 9 пайыз қолдаумен жеңіске жетті, - деп мәлімдеді.

Сонымен, Кремльдік әкімдер оппозициядағы коммунистерден айтарлықтай басымшылықпен үлкен табысқа жетті.

Ал демократиялық оппозициядағы Яблоко мен Оңшыл күштер одағы тіптен тиісті межеден де көріне алмады.

Оның есесіне, ұлтшыл Жириновский жетекшілігіндегі әсірешілдер партиясы - ЛДПР күтілгеннен көбірек дауыс алып, енді ғана дүниеге келген Родина блоғы күтпеген деңгейдегі қолдауға ие болды. Қазірдің өзінде Біртұтас Ресей өз одақтастарымен бірге Думадағы үштен екі дауысқа ие болып, енді Ресей Ата заңына қажетті өзгерістер еңгізе алады. Ал бұл, В.Путин қаласа, енді өз президенттік мерзімін одан әрі ұзарта алады деген сөз.

Сайлау нәтижесін білісімен-ақ, Компартия жетекшісі Г.Зюганов сайлауда заңсыздық әрекетке барды деп Біртұтас Ресейге жеңіс әперген Кремльді айыптауға кірісті.

- Кремльдің бұл ұятты ісі мемлекеттің де демократияның да мүддесіне қарама – қайшы, - дейді Зюганов.

Демократтардан Яблоко мен Оңшыл күштер одағы партиялары жеке мандат бойынша үш-үштен депутаттық дауысқа ие болғанымен бестік межеге жете алмады.

Әйелдер арасынан шыққан ерекше дарынды саясаткер Ирина Хакамада, – Бұл жеңіліске, демократтар - өзіміз кінәліміз. Себебі біз қалай болғанда да жеңеміз деп сеніммен кірісе алмадық, - деді.

Яблоко жетекшісі Гр. Явлинский, - Егер ақша төлемесең онда адамдар коммунистерге дауыс береді. Су бермесең ЛДПРді қолдайды. Ал, Яблокоға дауыс бергізу үшін оларға электр қуатын да, суды да жеткізіп беруің қажет болады, - деп өз философиясын айтты.

Күтпеген жерден табысқа жеткен Родина блоғы жетекшілері Сергей Глазьев пен Дмитрий Рогозинді көптеген демократтар ұлтшыл социалистер деп атап, Ресейге фашизм келе бастады, деп ескертеді.

Кейбір талдаушылар, Родина блоғын Кремль коммунистердің даусын азайту үшін әдейі құрды, бірақ олар Кремльшілдер және ЛДПР мен араласып, ол ортаға сіңіп кетуі де мүмкін, дейді.
XS
SM
MD
LG