Accessibility links

Кофи Аннан Ауғанстандағы жағдайға ерекше алаңдаушылық танытты


Біріккен Ұлттар Ұйымының бас хатшысы Кофи Аннан Бас Ассамблеяға жылдық баяндамасын тапсырып, Ауғанстандағы жағдайға ерекше алаңдаушылық танытты. Келесі жылдың ішінде халықаралық қауымдастық Ауғанстандағы қарбаласты тоқтата алмаса - жасалған еңбектің барлығы далаға кетеді делінді.

Біріккен Ұлттар Ұйымының бас хатшысы Кофи Аннан Ауғанстанда қылмыскерлік ешкімге бағынбай кетті, рулардың арасында болатын шайқастар, есірткінің қара базары екі жыл бұрын Бонн келісімінен басталған бейбіт құбылысқа кері әсерін тигізеді деп секертті. Тыйылмаған шабуылдардың барысында Біріккен Ұлттар Ұйымының және қайырымдылық ұйымдардың қызметкерлері де құрбан болып жатыр деп айтылды. Кофи Ананның баяндамасын ұсынған Біріккен Ұлттар Ұйымы бас хатшысының бітімгершілік қызмет жөніндегі орынбасары Джейн-Мари Гюхенноу келесі жылдың ішінде жағдай күрт өзгеруге тиіс деп сипаттады:

- Келесі 12 айда біз жағдайды реттеуге тиістіміз. Бонн келісімі көздеген құрылымдарды орнатамыз, Ауғанстанды мықты конституцияға қол жеткізген, сайлау арқылы іріктелген басшысы бар мемлекет ретінде көруге тиістіміз. Әйтпеген жағдайда, жарты жолда тұрып қалсақ, соңғы екі жылда қол жеткізген шаруаларымыз теріске шығады. Сондықтан Ауғанстандағы жағдайға қайта жұмылу, күшті қайта біріктіру - халықаралық қауымдастық үшін өте маңызды.

Біріккен Ұлттар Ұйымының бас хатшысы Кофи Аннан Ауғанстанда ең алдыменен қауіпсіздік мәселесін шешу керек деп мақсат қойды. Бұл шаруаға халықаралық бітімгершілік жасақ қызмет етіп жатқаны белгілі. Биылғы жылды оны басқару НАТО батыс әскери одағына өтті. Алайда, халықаралық жасақтың қарамағындағы аймақ көбінесе ел астанасы Қабулмен шектеледі. Тек Құндыз қаласында шағын германиялық топ орналастырылды. Осындай топтар көбірек болса, халықаралық қауымның әрекеті тек Құндыздағы жағдаймен шектелмесе, дейді бас хатшысының бітімгершілік қызмет жөніндегі орынбасары Джейн-Мари Гюхенноу.

Кофи Аннанның баяндамасында, сондай ақ, Ауғанстан мәселесіне арнап Бонн конференциясы сияқты тағы бір мәслихатты өткізсе жөн деп айтылды. Джейн-Мари Гюхенноу конференция мәселесі Ауғанстан басшыларымен талқыланып жатқанын хабарлады:

- Бұл конференция әңгіме барысына қарай орын алмақ, қозғау салуы мүмкін шара болмақ. Бұл табиғи жолмен болуға тиіс конференция деп ойлаймын. Ол ауған халқының мұқтаждығын көрсетпек, мақсатымыз қалай орындалып жатқанын айқындамақ.

Кофи Ананның баяндамасында Ауғанстан бір қатар табысқа қол жеткізіп жатыр деп көрсетілді. Экономика өсе түсті, балалар мектепке қайта бара бастады деген деректер келтірілді. Ауғанстан ұлттық әскерінде алты жарым мың сарбаз шоғырландырылып, негізгі министрлердің қауіпсіздік үшін жауапкершілігі арттырылды деп айтылды.
XS
SM
MD
LG