Accessibility links

Баспасөз шолуы


Мерзімді басылым беттерінде Қазақстандағы саяси партиялар туралы талдау мақала және басқа қоғамдық-саяси мәселелер талқыланған материалдар жарық көрді.

”Үлкен жалақы беру арқылы мемлекеттік қызметкерлерді пара алмауға үйрете ала ма?” деген мақалада “Комсомольская правда Казахстан” газетінің тілшісі Наталья Соколова Экономика және бюджеттік жоспарлау министрі Қайрат Келімбетовтің келесі жылдан бастап министрлердің жалақысын екі есеге арттыратындықтарын хабарлағанын еске түсіреді. Ал мемлекеттік қызметкерлердің жалақысын өсіру бойынша әзірленіп жатқан құжатта орта және төменгі деңгейдегі қызметкерлер жалақысын 50 пайызға, ал жоғары лауазым иелерінікін 30-40 пайызға арттыру көрсетілген. Газет ұсынған анықтамаға сүйенсек, бүгінде ауыл әкімшілігіндегі хатшы айына 7 мың теңге, облыстық мекеменің бас маманы – 12 мың теңге, министрліктің жетекші маманы 15 мың теңге, ал әкім немесе вице-министр 100 мың теңге алады.

“Известия Казахстан” газеті “Игіліктер мен жеңілдіктер” деген мақалада шет елдік инвесторлардың өз бизнестері үшін заңда жеңілдіктердің болуын кезекті мәрте күйттегенін жазады. Олар шет ел инвесторларының 3-ші кеңесінде “Кеніштер туралы” жаңа заң жобасын, парламентте талқыланған салық өзгерістерін сынға алған. “Мұның барлығы реті келгенде жәй айтылғандай болды, ал басты екпін Қазақстан экономикасы шикізаттық болмауы керек дегенге салынды. Шет елдік инвесторлар жергілікті билікпен диалогты жайлап, оларды шамдандырмай жүргізуді жөн көрсе керек. Қалай болған да, Қазақстанмен ынтымақтастық көп нәрсені уәде етеді”, - дейді мақала авторы Татьяна Абраменко.

Осы тақырып “Заң газетінде” де қозғалыпты. “Елбасы кәсіпкерлерді нығайту мақсатында екінші деңгейдегі банктердің несиелерді неге өте жоғары ставкамен беретіндігін тексеруді бұйырған болатын. Алайда, құқық қорғау орындары бұл тапсырманы өздерінше түсініп, кәсіпкерлердің өзін тексеруге кіріскенге ұқсайды”, - дейді газет тілшісі. Сондай-ақ шетел инвесторларымен кездесуде президент “еліміздің енді өндіруші мемлекеттен өңдеуші елге айналуы тиіс екендігін мәлімдегенін” айтыпты.

Алайда, “Новости недели” газетінде сөз алған Қоғамдық мәселелер орталығының директоры Меруерт Махмұтованың айтуынша, қазіргі кезде республиканың барлық экспортының 80 пайызын минералды-шикізатық өнімдер құрайды. “Үкіметтің жоспарларына қарағанда, 2017 жылы жылына 130 миллион тонна өнідіру топшыланған. Яғни, бұл шикізаттық саланың одан сайын басымырақ бола түсетінін байқатады”, - дейді сарапшы.



Екінші сыңарын бойында көтеріп келген қазақстандық жеті жасар Әлімжан туралы “Шошындыратын дене” деген деректі фильм британ теледидары арқылы көрсетілгенін хабарлайды “Экспресс К” газеті соңғы санында. Бұл фильмді түсірушілер Қазақстанға Нематилаевтар отбасына арнайы келген. Әлімжанның ата-аналары британ теледидары арқылы әңгімелерін биылғы жылдың сәуір айында баланың шектен тыс үлкен қарнына қауіптеніп Шымкенттегі бір ауруханаға барғандарын айтудан бастайды. Осы газеттегі “Шығатын жол бар ма?” деген мақалада журналистік екі ұйым “Әділ сөз” бен “Интерньюстің” “Бұқаралық ақпарат құралдары туралы” заң жобасын қарайтын жұмысшы тобынан өз еріктерімен шыққандары жазылған. “Үкімет бәрібір өзіне тиімді заңды өткізеді. Ал біздің журналистиканың дамуын шектейтін және Ақпарат министрлігіне шексіз билік беретін заң нұсқасына қатысты болғымыз келмейді”, - депті Интерньюс-Казахстан ұйымының директоры Олег Кациев.

“Аргументы и факты Казахстан” басылымында Николай Кузьмин “Қазақстандағы партиялық жайлау - 2” деген мақаласында республикадағы саяси партияларға талдауын жалғастырады. “Отан” партиясының электораттық шаң сорғышқа ұқсайтыны ол үлкен тазалау жұмысы кезінде партиялардың басым көпішілігін өзіне сіңіріп алды“. “Азаматтық партия” – қайратты, жеңіл, икемді. Алюминийге тән қасиеттердің барлығы осы партияда тоғысқан. “Ақ жол” - кадеттер. Өйткені, олар – салыстырмалы түрде жастар. Ал кадет француз тілінен аударғанда “кіші” дегенді білдіреді. Екіншіден, олар – конституциялық демократтар. Яғни, олар Конституцияда жазылған демократиялық нормалардың бірден өмірге енуін талап етеді. Оған қоса оларды лидерсіз команда деп атауға болады. “Ақ жолдың” теңтөрағалары - лидерге лайықтап құрылған команда. Ал лидер, оқырмандар байқап отырғандай – президент. Ал Патриоттар партиясы – командасы жоқ лидер. Бір актердің театры сияқты. Аграрлы мен “Ауыл” партиясының арасында 10 айырмашылықты тауып көріңізші. Олардың бағдарламасын оқып отырып оны таба алмадым”, - дейді мақала авторы.

“Егемен Қазақстан” газеті желтоқсанның 8-і күні Тараз қаласының маңында “Қаз ТрансГаз” кәсіпорнының мамандары бар тікұшақтың құлағанын, қазір оқыс оқиғаның болу себептерін анықтау үшін тиісті мекеме қызметкерлері тергеу-саралау жұмыстарын жүргізіп жатқанын хабарлайды.

AzattyqTV

Жаһан жаңалықтары

Жээнбеков кім?

XS
SM
MD
LG