Accessibility links

Кейбір елдерді Ирақ шартынан шеттетудің АҚШ үшін нашар салдары болуы мүмкін.


Ирақ соғысында бізді қолдамаған елдер сол қолдамауының зардабын шегеді деп АҚШ әкімшілігі соңғы айларда ескертумен келгені аян. Енді міне АҚШ қорғаныс департменті Ирақты қайта құру үшін контрактарға ие болатын елдер тізімін жасады. Ол тізімде Франция Германия Ресей және Канада жоқ.

Пентагон жария еткен құжат бойынша Ирақты қайта құруға ҚШ бөлген 18 миллиард долларлық контрактарға Британия, Италия, Польша және Испания компаниялары ие болмақ. Франция, Германия, Ресей, Канада компаниялары болса бұл май шелпектен тыс қалды. Осынау құралақан қалғандар тізіміндегі ел Канаданың жаңадан болғалы отырған үкімет басы Пол Мартин ҚШ бұл шешімін жерден алып жерге салды:

"Миға симайды бұл дегеніңіз. Басқасын былай қойғанда Канада Ирақты қайта қалыпқа келтіруге 300 миллион доллар қаржы бөлмеппе еді!"

Ресей жағы да қатты тулады. Сәрсенбі күні Ресей қорғаныс министрі Сергей Иванов ендеше біз де Ирақтың 8 миллиардтық Ресейге қарызын есептен шығармаймыз деді. Бұл Америкадан табан астында кек қайтару белгісі болды.

"Ирақты қайта қалыпқа келтіруге келер болсақ бұл жалпы халықаралық қауымдастық шаруасы."

ҚШ шешімін БҰҰ-ның бас хатшысы Кофи Аннан да қолдамады. Бұл шешім Ирақты қалыпқа келтіруге пайдасын тигізбейді деді. Ал, ҚШ әкімшілігі болса өздерінің бұл шешіміне шаң жуытар емес. Ақ Үй өкілі Скот Магкеллан Саддам Хусйінді құлатуға күш салып әскер қосқан елдердің Американдық салық төлеушілердің 18 миллардтық контрактіне ие болуға құқы бар деді:

"Бұл мәселеге біз қайта –қайта назар салып отырмыз. Бұл ҚШ салық төлеушілерінің Ирақты қалыпқа келтіруге қосқан үлесі."

Ақ Үй өкілінің айтуынша Ирақтағы соғысқа қатысқан елдер негізгі контрактарға ие болуға тиіс. Одан қалған шағын контрактар жөнінде әңгіме басқа. Демек шағын контрактарға кез-келген елдің компаниялары ие бола алады.

"Егер кейбір елдер Ирақтағы коалициялық әскерге кәзір күш қосар болса онда мәселені қайта қараймыз", - деді Ақ Үй өкілі.

Алайда, талдаушылар бұл мәлімдемеге сенбейді. Франция, Германия және Ресеймен Америка соңғы айларда ара жылытқандай болған, енді бұл елдермен қайта ара суытатын болды деп біледі. Вашингтондағы Карнеги зерттеу орталығының маманы Томас Каротерс:

"Олар Ресей жағы Америка бізді Ирақтан итеріп шығарды, енді экономикалық тұрғыдан да ысырып жатыр деп біледі."

Вашингтондағы стратегиялық зерттеулер орталығының маманы Симон Серфати болса жоғарыда аталған елдерді құнды контрактарға ие болудан шеттету А ҚШ Ирақты оның тек мұнайы үшін ғана жаулап алды деген айыптау отына май құйғанмен бірдей дейді.
XS
SM
MD
LG