Accessibility links

“Сайлау туралы” заңға өзгерістер енгізу мәселесіне орай Қазақстандағы барлық саяси партиялардың лидерлері бас қосты


Дүйсенбі күні «Сайлау туралы» заңға өзгерістер енгізу мәселесіне орай Қазақстандағы барлық 8 саяси партияның лидерлері бас қосты. Қазақстан Коммунистік партиясының лидері Серікболсын Әбділдиннің айтуынша, пікіралмасу барысында «Сайлау туралы» заңға өзгерістер мен толықтырулар енгізуге байланысты парламентке, Тұрақты кеңеске және Қазақстан президентіне үндеу әзірлеу ұйғарылған. Онда «заңға өзгеріс енгізу үшін алдымен Қазақстан Конституциясына өзгеріс енгізу қажеттігі» айтылыпты.

«Сайлау туралы» заңға түйінді өзгерістер енгізуге қарсы пікірлер айтылмай қалған жоқ - дейді коммунистер лидері: «Әрине, әділетті заң Президенттің қол астында жүрген партиялар үшін қажеті жоқ. Олар қаралық жасайтын заң болса, соны қолдауға даяр. Олар ананың-мынаның керегі жоқ дегенді айтып жатыр».

Алайда, президентке жақы партиялардың бірі – Азаматтық партияның жетекшісі Азат Перуашев өз партиясының «Сайлау туралы» заңға елу шақты өзгерістер әзірлегендерін айтты: «Осыншалық нақты ұсыныстарды біз ОБСЕ жанындағы дөңгелек үстелде, Тұрақты Кеңесте жарияладық». Оның айтуынша, бүгінгі жиынға қатысты пікір білдіру ертерек. «Бұл өз ішімізде болған пікірталас, пікірталас деп айтуға болмайды, жәй әңгіме болды. Әңгіме біткен жоқ. Екінші отырыс сәрсенбі күні болайын деп отыр. Сол кезде ғана бір шешімге келуіміз мүмкін».

Кездесуге қатысушылардың сөзіне қарағанда, бұл жиынға «Ақ жол» партиясының лидерлері ұйытқы болған. Осы партияның теңтөрағасы Әлихан Бәйменовтің айтуынша, «барлық саяси партиялардың бас қосуының өзі - жетістік».

Айтпақшы, партиялардың ресми емес бұл басқосуы жабық формада өтті. Яғни, бұқаралық ақпарат құралдары шақырылмай, келгендері ғимаратқа бас сұға алған жоқ. Мұны Әбділдин мырза былай түсінідіреді:

«Ондай кеңеске қаламгерлерді шақыру ертерек деп ойлаймын. Егер бір түйінді шешімдер қабылдасақ, сіздерді шақырамыз».

Ал маңызды шешімдер саяси партиялардың кездесуінің екінші «раундында», яғни, сәрсенбі күні қабылданбақ.

AzattyqTV

XS
SM
MD
LG