Accessibility links

1986 жылғы желтоқсан көтерілісінің күніне орай Алматыдағы республика алаңында еске алу шаралары кеңінен аталып өтті


Осыған орай 17 желтоқсанда таңертеңгі сағат оннан бастап сол көтеріліске қатысқан және оқиға құрбандарын еске алуға азаматтар жиналды. Алматыдағы Тәуелсіздік монументі түбінде көтеріліс құрбандарына бағышталып, құран оқылды.

Осыдан кейін Қазақстан тәуелсіздігінің бастауы болған 86 жылғы тарихи оқиғаны еске алушылар шығып, шетінен өз пікірлерін айтып жатты. Солардың қатарында Желтоқсан ұйымын құрушылардың бірі, кезінде сотталып, қуғынға түскен, артынан Таразға кетуге мәжбүр болған Шора Қарабаев былай дейді:

Желтоқсан көтерілісіне қатысушылар кезінде қоғамдық бірлестік құрып едік, міне сол азаматтар жылда осында жиналамыз. Мен сол қудалаулардан соң Тараз қаласына кетуге мәжбүр болдым. Алайда сол көтеріліске белсене қатысқан маған бұл алаң ерекше ыстық, сондықтан әр жыл сайын осында келемін, құрбандарды еске аламын.

«Аттан» қозаласының жетекшісі Амантай

Асылбек сол кезде бұл алаңға Алматыдан келмеген қазақ жоқ , бес минутқа болса да келіп-кетіп жатты, ауысып тұрды, ондаған мың адам жиналды дейді.

Өз кезегінде Нұғыманова Ғалия да осында келіп, соққыға жығылып, қамалып, қасыретті басынан өткергенін айтады.

Әйгілі желтоқсан көтерілісі құрбандарының қатарында әлі күнге дейін ақталмаған екі азамат бар. Олар - Жамбыл Тайжұмаев пен Мырзағұл Әбдіқұлов. Өздерінің әлі күнге дейін неліктен ақталмай жүргені туралы Мырзағұл былай деді:

- Сол тұста адам өлтірді деген негізсіз айып тағылып, алғашқыда ату жазасын алдым, кейіннен жаза 20 жылға ауыстырылды. Ақырында жеті жыл түрмеде отырып келдім. Бірақ маған тағылған айып әділетті емес. Оны талай орындарға жазғаныммен әлі күнге дейін толық ақталған жоқпын. Жамбыл Тайжұмаев та әлі ақтала алмай жүр, - деді.

Қазақ халқының тарихында өшпес із қалдырған осы көтеріліс жөнінде бірнеше кітап жазған Қайыммұнар Табеев:

- Кез-келген қоғамда ақыл-ойдың алдында жастар жүреді. Себебі студенттер өзгелерге қарағанда әлеуметік өзгерістерді жедел сезетін орта. Осы жолы да Орталық комитеттің әрекетін студенттер алдымен сезе білді, - дегенді айтты.

Осы арада желтоқсан көтерілісіне қатысушы Серкенова Анар сол оқиға құрбандарына арнап орнатылған ескерткіш тақта түбіне келіп тағзым етті. Ол өзі де сол кезде құрбыларымен зардап шегіп, 1,5 жылға сотталған.

Тәуелсіздік Қарлығаштары ұйымын құрушы, желтоқсан көтерілісіне белсене қатысушы Гүлбахрам Жүніс те осы алаңнан өткенде тебіренбей тұра алмайтынын айтып өтті.

Ал Нұртай Сабильянов болса сол кезде қолына мегафон ұстап студенттер ортасында жүрген. Ол суреті қазір барлық телеарналарда көрсетіліп, газеттерге басылған. Сол кезең туралы, ҰХК қалай қудалағанын, талай зардап шеккенін өзі айтып берді.

Әйгілі Желтоқсан көтерілісне орай 17 желтоқсан күні кешке Орталық концерт залында «Әрқашан жанымда сен желтоқсан» атты кеш болып өтті.
XS
SM
MD
LG