Accessibility links

Қазақстан өлім жазасына мораторий жариялады


Желтоқсанның 17-күні Қазақстан президенті Нұрсұлтан Назарбаев елде өлім жазасына мораторий жариялау туралы жарлыққа қол қойды. Бұл туралы бейсенбі күні журналистерге Қазақстан президенті әкімшілігі жетекшісінің орынбасары, мемлекеттік-құқық бөлімінің меңгерушісі Игорь Рогов жария етті.

Қазақстан елбасы Нұрсұлтан Назарбаев өз жарлығымен елде өлім жазасына мораторий жариялады. Бұл жарлық жазаның осы түрін қылмыстық кодекстен біржолата алып тастаудың алғашқы қадамы болуы да мүмкін. Жарлықта президент ел үкіметіне он күн мерзім ішінде парламентке тиісті заң жобасын енгізуді тапсырып, онда Қазақстанның қылмыстық кодексіндегі өлім жазасы туралы баптарды алдағы 2004 жылдың қаңтар айының бірінен өмірлік түрме жазасына кесумен айырбастауды көздейтін заң ережелеріне өзгерту жөнінде жазылған. Сонымен бірге, жарлықта республиканың бас прокурорына қазіргі уақытта елдегі өлім жазасына кесілгендерге қатысты күшіне енген сот үкімдерінің барлығын қаншалықты заңға сәйкес, негізделіп жасалғанын тексеру тапсырылған. Жарлық баспасөзде жарияланған күннен, яғни желтоқсанның 19-нан бастап өз күшіне енбекші.

Қазақстан президенті әкімшілігі жетекшісінің орынбасары әрі мемлекеттік-құқық бөлімінің меңгерушісі Игорь Рогов «бұл жарлық Қазақстан президентінің 1994 жылы бекіткен құқықтық реформа бағдарламасының шеңберінде қабылданып отырғанын» қадап айтты. Ол бағдарламада Қазақстан өлім жазасын алып тастауды кезең-кезеңмен жүргізетіні айтылған болатын.

1998 жылғы қаңтар айының 1-нен бастап күшіне енген Қазақстан Республикасының қылмыстық кодексінде бейбіт уақытта ерекше ауыр жағдайларда қасақана кісі өлтіргендерді өлім жазасына кесу көзделген. Ал әйелдер мен жасы әлі 18-ге толмаған қылмыскерлерге, сондай-ақ, сот үкімі шыққан кезде 65-жастан асып кеткендерге Қазақстанда өлім жазасы қолданылмайды.

- Республика президентінің бастамасымен соңғы бір жарым жылдың ішінде Қазақстанда жүргізілген әлеуметтік сауалнамалар нәтижесі жұртшылықтың көпшілігі елде өлім жазасын алып тастауға әлі ерте деп санайтынын көрсетті, сол себептен де әзірге өлім жазасын біржолата алып тастау емес, ондай үкімдерді орындауды мерзімсіз уақытқа дейін тоқтата тұру туралы шешім қабылданып отыр, - дейді Игорь Рогов.

Сонымен бірге И.Рогов мырза егер елдегі қылмыстық ахуал тым ушығып кетсе, бұл жарлықтың күші жойылып, Қазақстанда өлім жазасы қайтадан қолданыла басталуы мүмкін екенін ескертті. Заңгер ұлықтың айтуынша үкіметтің парламентке енгізетін заң жобасында осындай ережелер қарастырылатын болады.
  • 16x9 Image

    Кенжебек НҰРҚАСЕНҰЛЫ

    Кенжебек Нұрқасенұлы - 1967 жылы туған. Семей мемлекеттік университетін тәмамдаған.
    Семейдегі «ТВК-6» телеарнасында, «СолDAT» газетінде, «Қазақ тарихы» журналында жұмыс істеген. Азаттық радиосында 2001 жылдан бері еңбек етеді. 

XS
SM
MD
LG