Accessibility links

Ливияның жаппай қырып-жоятын қару бағдарламасынан бас тартуы


Ливияның жаппай қырып-жоятын қару бағдарламасынан бас тарту қадамының сыртында көптеген себептер бар,- дейді сарапшылар. Соның бірі- елді экономикалық тығырықтан шығару болуда.

Халықаралық атом энергеиялық агенттігі басшысы Мұхамед ӘлБарадеймен демалыс күндері болған келіссөздерден кейін, Жаппай қырып-жоятын қаруды қолданбау жөніндегі келісіммен қатар, оған қосымша қаттамаға қол қоятындығын Ливия жариялаған болатын. Аталған қаттама Ливияның ядролық қару-жарақтарына халықаралық тексеру жүргізуге мүмкіндік бергелі отыр. Таяу арада Трипольге сапар шегуді жоспарлап отырған ӘлБарадей мырзаның сөзіне қарағанда, ондай тексерулер ең тез дегенде келесі аптада басталуы мүмкін. Ливияның мұндай шешімге келуі оның АҚШ және Британия өкілдерімен тоғыз ай бойы, құпия түрде жүргізген келіссөздерінің нәтижесінде мүмкін болып отыр-, дейді Азаттық радиосы жаңалықтар бөлімінің тілшісі Голназ Есфандияри. Мұндай қадамды әлемнің талай елдері бейбітшілік пен қауіпсіздік жолындағы аса маңызды қадам, деп бағаласуда. Дей тұрғанмен, сарапшылар және экономистердің пікіріне қарағанда, мұндай қадам сыртында талай себептер тұр. Мысалы, БҰҰ қару тексеру комиссиясының бұрынғы басшысы Ханс Бликстің пікірінше, Саддам Хусейннің кебін киюден Ливия басшысы Моамар Қаддафи қаймығып қалса керек. “Менің шамалауымша, Ирақтағы болған жағдайдан Қаддафи қорқып қалған болуы мүмкін. Дәл осындай әрекеттерді Иран мен Солтүстік Кореяда жасау америкалықтар үшін қиындық туғызуы мүмкіндігі себепті, Ливияның қауіпті жағдаймен бетпе-бет келіп қалуы кәдік. Сондықтан да оның уайымдайтындай реті бар”-, деді Бликс мырза өз сөзінде.

Сарапшылардың пікірінше, сондай-ақ Қаддафи мырза өз елінің экономикасын жақсарту мақсатында сырттан келетін инвестицияға есігін айқара ашпақшы. 1988-ші жылы АҚШ әуе кемесіне бомбалық шабуыл жасағаны үшін Ливия еліне қарсы халықаралық тиымның жарияланғаны белгілі. Бомбалық шабуыл үшін жауапкершілікті өз мойнына алып, сондай-ақ сол жолы қаза болған 270 адамның отбасы мүшелеріне 2 миллион 700 мың доллар төлеуге келісімін бергеннен кейін ғана Ливияға қарсы тиымын БҰҰ алып тастаған болатын. Алайда, АҚШ-тың тиымы әлі күнге дейін күшінде. Әлем елдері басшылары мұндай шешімді қызу қолдай келіп, ядролық қарулары бар өзге де елдер Ливия мысалынан үлгі алса керек, деген болатын. АҚШ елбасы Джордж Буш та Ливияның бұл қадамын қуаттады. Ливияның осы шешімін қоштай отырып, Араб және Ислам елдері ендігі жерде Израильдің жаппай қырып-жоятын қаруларын тоқтатқызуға мәжбүрлеуді халықаралық қауымдастықтан сұрап отыр. Израиль елі кең тұрғыда ядролық қаруларды иеленіп отыр, деп танылуда. Араб Лигасының басшысы Әмір Мұса: “Ливияның бұл қадамы ядролық қаруларға қарсы салынған барлық халықаралық заңдарды Израильдің орындауына міндеттеудің аса маңыздылығын тағы да дәлелдеді”-, деді. Израильді қарусыздандыруға шақыра келіп, Иран елі ресми Тель-Авивті “ аймақтағы ең басты қатер төндіруші” деп бағалады.
XS
SM
MD
LG