Accessibility links

2003 жылы 16 миллиард теңгедей бюджет қаржысы игерілмей қалатын болды


Алдын ала болжамдар бойынша, Қазақстан 2003 жылы барлық экономикалық көрсеткіштер бойынша оң нәтижелерге қол жеткізіп отыр. Бұл жайында желтоқсанның 23-і күні Үкімет басшысының бірінші орынбасары Александр Павлов журналистерге арнап өткізген брифингте мәлім етті.

Жыл аяғында Қазақстан экономикасының өсу қарқыны 9,1 – 9,2 пайыз деңгейінде болады деп күтілуде. Ал, болжамды көрсеткіштер 7,-7,5 пайызды құраған. Өнеркәсіптік өндіріс көлемінің өсуі жыл аяғында 8,4-8,6 пайызды, ал жүк тасымалы -9,5 пайызды, бөлшек сауда айналымы – 9,6 пайызды құрамақ. Ауылшаруашылығы саласындағы өсу өткен жылға қарағанда артқан.

Александр Павлов, экономиканы дамытуда бірқатар ірі жобалардың іске асырылғандығын, яғни, Алматы-Астана-Бурабай көлік жолының аяқталғанын, Алтынсарин-Хромтау темір жолы құрлысының бірінші кезеңінің тәмәмдалғанын, Алматы –Астана жүйрік пойызының іске қосылғанын, сондай-ақ азаматтық авиациядағы жағдайдың тұрақтанғандығын айтты. Оның айтуынша, көлікте және әуеде жолаушыларды тасымалдау 1,5 есе артқан.

Тұрғын үй салу саласында да оң өзгерістер бар. Өткен жылы 1,5 миллион шаршы метрді алатын тұрғын үй пайдалануға берілсе, осы жылы бұл көрсеткіш 2 миллион шаршы метрді құрамақ.

Александр Павлов айтқан тағы бір мәcеле, алдағы жылдың бірінші тоқсанында Үкімет мемлекеттік зейнетақы жинақтаушы қорларын халықаралық қаржы институттарының қатысуымен жекешелендіру жөнінде шешім қабылдамақ. 2003 жылдың қараша айындағы жағдай бойынша мемлекеттік зейнетақы қорларындағы зейнетақы активтері 87,7 миллиард теңгеге жеткен. Ал, биылғы жыл бюджетінің орындалуында, Александр Павлов, қаржы игеруде кемшіліктердің барын айтты. Оның айтуынша, алдын ала мәліметтер бойынша, 2003 жылы республикалық бюджеттің шығыс бөлігі 776,2 миллиард теңгені құрайды. Сонымен бірге 2003 жылы 16 миллиард теңгеге жуық бюджет қаржысы игерілмей қалатын болды. 2003 жылы бюджет тапшылығы алдын ала болжамдар бойынша 60-65 миллиард теңгені құрайды деп бағаланып отыр. Бұл ішкі жалпы өнімнің 1,6-1,7 пайызы.

Жалпы, Павловтің айтуынша, осы жылы кедейлік шегіндегі кірісі бар тұрғындардың саны 400 мыңға азайған.
XS
SM
MD
LG