Accessibility links

Джордж Буштың қоғамдық беделі ең биік межеге көтерілді


Осыдан не бәрі екі апта бұрын АҚШ президенті Джордж Буштың ел ішіндегі қоғамдық абыройы мүшкіл жағдайда болды. Президент қайта сайланатын 2004-шы жылға Буштың аяқбасуы нашарлау көрінген еді. Енді міне, Ирақтаң түсіп жатқан жақсы жаңалықтар, Таяу Шығыста жойқын қаруға тұсау салу, экономикадағы серпіліс президент Буштың беделін ең биік межеге көтерді.

Қоғамдық пікірдің қараша айындағы зерттеуі 45 пайыз американдықтардың көңілі Буштан қалғанын айғақтады. Ал желтоқсан айының орта тұсында американдық газеттер мен телеэкрандарға Саддам Хұсейннің сақалды да мүсәпір бейнесі қаптап кетті. Экономиканың үшінші тоқсандағы өсуі 8 пайызға жеткені де осы сәтте белгілі болды. Сөйтіп, баяғы сол «Галлап» мекемесі өткізген зерттеу Буштың беделі 63 пайызға бірақ секіргенін көрсетті.

Мұндай жетістікке соңғы рет 1993 жылы тек президент Рональд Рейган жеткен. Үлкен президент Джордж Буш 1992 жылы қайта сайлана алмағанда оның рейтингісі не бәрі 41 пайыз құрады. Президент Билл Клинтон 1996 жылы екінші рет сайланғанда қоғамдық беделі 50 пайыздан аспады. Қазіргі президент Джордж Буш болса үстіміздегі кезеңде ең биік 63 пайыздық межеге жетті. «Кето» институтының американдық талдаушысы Патрик Башам мұны болжау мүмкін болмады дейді:

- Жағдайдың осыдан біраз ғана уақыт бұрын болғанын көңілсіз деп айтпас едім, дегенмен ол болжамға мүлдем келмеді. Қазіргі жағдайды алдын ала білу өте қиын болды. Буш әкімшілігі енді жеке нүктелердің арасын жалғап, міне, ұлттық қауіпсіздік жағдайындағы, экономика саласындағы жоспарымыз іске асып жатыр деп жетістігін сүреттей алады.

Буш әкімшілігі осылайша ауыз толтырып мәлімдеп те жатыр. Осама бин Ладен басқаратын «Әл Қаида» ұйымы Америкада жаңажылдық мереке күндері шабуыл жасауы мүмкін, әлі талай шаруа істелінбей жатыр деп Ақ үй айтсада, американдықтардың басым көпшілігі терроризмге қарсы соғыс олжалы деп біледі. Терроризмге қарсы соғысты жалғастыру қажет деген ұстанымды американдықтар негізінен қолдайды. Саддам Хұсейннің ұятты жағдайда қолға түскені Таяу Шығыс елдеріндегі әкімшіл-әміршіл билеушілердің зәресін алса керек. Ливия президенті Мұхаммад Каддафи жойқын қаруына тиім салатынын мәлімдеді. Ал АҚШ оған он жылдан аса қысым жасап осы күнге шейін көндіре алмады. Иран Біріккен Ұлттар Ұйымының инспекциясына атом кәсіпорындарын тексерткізуге келісті. Саддам Хұсейннің тоңқалаң асуы осындай нәтижеге қол жеткізетінін Мичиган университетінің профессоры Раймонд Тантер болжамдаған болатын. Ендігі аяқалысты профессор Тантер «Азаттық» радиосына былай жорамалдайды:

- Домино тастары сәтімен түсіп, президент Буш ұпай жинап алғандай. Бұл – жақсы жаңалық. Нашар жаңалықты да айтатайын. Зұлым-президенттер қырсық мінездерін өзгерпегегін ұпай жинап жатқан адам дәл осы сәтте ұмытпау керек. Жаман жағы осы.

Дегенмен, қоғамдағы абыройының шарықтағанына қарамастан президент Буш сайлау күніне тек келесі жылдың қараша айында жетеді. Осыдан 200 ден аса жыл бұрын қабылданған тәртіп бойынша Америка Құрама Штаттарының президенттік сайлауы әр төрт жыл сайын өтеді. Демек, қараша айында қайта сайлануға ұмтылатын Джордж Буш әлі талай өткелден өтуге тиіс. Келер жылы Ирақтан қарабайыр жаңалық қаптай түскенде Буштың қазіргі самғауы төмендеуі мүмкін, дейді «Азаттық» радиосына Саяси зерттеулер институтының талдаушысы Филлис Беннис.
XS
SM
MD
LG