Accessibility links

Мұстафа Шоқайдың өмірден озғанына 62 жыл болды


Мұстафа Шоқай осыдан 113 жыл бұрын 1890-жылы желтоқсанның 25і күні Сыр бойында туылып, 62 жыл бұрын 1941-жылы Германияның Берлин қаласында дүниеден өтті.

Хасен Оралтай, тарихшы, шоқайтанушы - Қазір Қазақстанда және шет елдерде шоқайтанушылдар көбейді. Қазақстанда күні кешеге дейін Мұстафа Шоқайды халық жауы деп қаралап шабуылдап келгендер енді бүгін шоқайшыл бола қалды. Жақсы, болсын. Шет елдерде де бүгін мұстафашоқайшыл болып жүргендердің көбі күні кешеге дейін Мұстафа Шоқайдың атын атамаған мырзалардан тұрады. Оларға да жақсы. Бола берсін. Елдегі және шеттегі бұл құбылыс менің ойыма мархұм Мыржақып Дулаттың әйгілі бір толғауын оралтады. М.Дулатұлы, Кешегі қара күндерде, жұлдыз айсыз түндерде, Жол таба алмай сенделіп, адасып алаш жүргенде, Бұл күнгі көп көсемдер, сұрайын, сонда қайда едің?

Ақыл таппай дағдарып, жанашыр таппай сандалып, Барарын қайда біле алмай, жүргенде бір күн сан ғарып, Есепсіз көп шешендер, жөніңді айтшы қайда едің ?

Енді бүгін кім жаман, данышпан емес кім надан, Қамқор емес, кім жауыз, жомарт емес, кім сараң, Көсем емес, кім жалтақ, шешен емес жоқ адам, Бәрі білгіш, бәрі де ер, жеткіздің Алла тағалам...


- деген екен Мыржақып Дулатұлы.

Мыржақып Дулатұлы - Мұстафа Шоқайдың алдында болған ағасы, үзеңгілес жолдасы, мұрат мақсаттасы.

Мұстафашоқайшыл болғанда Мұстафа Шоқайды құрметтегенде алдымен Мұстафа Шоқайдың асыл да асқақ мұрат-мақсатын құрметтеу керек. Ол Жас Түркістан жорналында тасқа басқан таңбадай етіп кезінде жазылған.

Мәселен, М. Шоқай 1932-жылы Жас Түркістанның 32-санындағы Түркістан түрікшілдігі деген мақаласында былай деген.

- Біз Түркістанды бөлшектеуді қабылдамайтын, Түркістан және Түркістаншылдық сезімін жоғалтпаған жерлестерімізбен бір пікірдеміз. Түркістан - біртұтас ұлттық бірлікте және сол көріністе отыр. Түркістанның рухани саяси болашағы – Түркістан түріктерінің бірлігінде жатыр.

Түркістандағы Қазақ түріктері 1918-жылы Түркістан қаласында шақырған құрылтай атынан Арқа қазақтарына Үндеу жолдап, Ұлы Түркістан ұраны астында жиналуға шақырғаны осы тұтастықтың мән -маңызын әйгілей түскен еді. Түркістан түріктері 1919-жылда да солай қабылдаған.

Ал одан кейін, М.Шоқай дәл сол мақаласында 1919-ж. ол мақсатын сол кездегі коммунист Тұрар Рысқұловтың да қостағанын ашып жазған. Яғни Түркістандықтардың бүтін мұрат-мақсаты біртұтастық болуы керек, деген.

Мәмбет Қойгелді, Тарих және Этнология институтының директоры, профессор.

- Жалпы біздің халқымыздың тарихында, жалпы Түркістан тарихында біз ұлы тұлғаларға ешуақытта кенде болған емеспіз. Ондай ұлы қайраткерлер біздің тарихымызда болды. Ал бірақ солардың арасында Мұстафа Шоқайдың тұлғасы ерекше көзге түседі. Неге деген уақытта, кез-келген халық үшін ең қымбатты нәрсе ол – оның тәуелсіздігі. Саяси, мемлекеттік тауелсіздігі. Халық үшін одан үлкен бақыт жоқ.

Мұстафа Шоқай міне осы мұрат-мақсат жолына өз өмірін, бар қарым-қабылетін арнаған ірі тұлға болып табылады. М.Шоқайдың, менің өз басым осы күні үлкен қадыр тұтатын қасиетті қыры, бұл Түркістан халықтарының біртұтастық идеясы. Осы мәселені М.Шоқай кейінгі ұрпаққа өсиет етіп қалдырды. Оның аса маңыздылығын М.Шоқай жан-жақты дәлелдеді.

Түркістан халықтары біртұтас болмай, саяси, экономикалық, мадени тұрғыдан олар өзінің еркіндігін, тәуелсіздігін сақтай алмайды. Оларға тұтастық керек, бірлік керек, аруақта - деген.

Ол кісінің Түркістан идеясы, Түрік елі идеясы бұл бұрыннан, ескі заманнан келе жатқан идея, жалпы алғанда. Ал, анау Түркістан қағанаты - одан да бұрын келе жатқан идея.

Ал енді, бірде сүрініп, бірде қиындыққа ұшырап, қайта тұрып, көтеріліп келе жатқан осы идеяға жаңа заманда дем беруші, күш-қуат беруші бірден-бір ірі тұлға осы Мұстафа Шоқай болатын.

Сондықтан, Мұстафа Шоқайдың тұлғасы осы Түркі елі тұтастығы идеясымен шын қымбатты. Қазіргі уақыт та да М.Шоқайдың осы идеясы, меніңше, өзінің өзектілігін жоғалтпаған. Сұрақ,

- Мұстафа Шоқайдың идеясы, мұрат мақсаты түркі елдері тәуелсіздік алғалы бері іске асты ма, орындалды ма ?

Азамат Алтай, АҚШта тұратын қаламгер, зейнеткер. - Меніңше әле түгелдей орындалған жоқ. Мысалы, Қырғызстанның өз шегарасын қытайларға ашып қоюын қалай түсінуге болады ?

Худайберді Халлы, түрікмен жазушысы.

- Мұстафа Шоқайдың ең негізгі идеясы Түркі халықтарының тәуелсіздігі және түркі елінің біртұтастығы, бірлігі еді. Ал енді, сол тәуелсіздік қолға түскенімен, енді түркі халықтарының басын қайта біріктіру үшін тағы да жарты ғасыр уақыт қажет болатын сықылды. Сарвар Ұсмон, өзбекстандық журналист.

Мұстафа Шоқай армандаған тауелсіздік те, М.Шоқай көксеген түркістандық біртұтастық, бірлік те әзірше жоқ.

Сұрақ. Өткен жылда мұстафашоқайтану саласында қандай жаңа ембектер жарыққа шықты, өзіңіздің қосқан үлесіңіз қандай ?

Бақыт Садықова, тілші, тарихшы. - Жуырда ғана Мұстафа Шоқайдың өмірі және қайраткерлігі жөнінде Мұстафа Шоқай деген ғылми, биографиялық зерттеуімді бітірдім. Бұл менің соңғы 7 жылда жасаған еңбегімнің 3-ші туындысы. М.Шоқай туралы деректі фильмді қоспағанда.

Бұл кітаптың дүниеге келуіне Мұстафа Шоқайдың жан-жары Мария Шоқай апамыздың аманаты себепші болды.

Мария Яковлевна Шоқай өзінің соңғы аманатын қазір Ыстамбұлда тұратын Әлім Алмат ақсақалға тапсырған екен. Ал ол Аманат менің қолыма келіп түсті.

Бұл кітапты жазуға маған 2 кісі тікелей көмектесті.

1-шісі, франциялық зерттеуші, әйгілі Александр Белингсонның шәкірті – проф. Шонтан Лемурнье Пандем. 2-шісі, Қазақстан жағынан, философии ғылымдарының докторы, профессор Сағындық Жүнісұлы Кенжебаев.

Бұл кітап бұрын жарық көрмеген дүниелер негізінде жарық көрмек.

Абдувақап Қара, Ыастамбұлдағы университет оқытушысы.

- Соңғы кезде түркиялық өзбек текті азамат, профессор Ахат Андижанның қорынан Мұстафа Шоқайға қатысты жаңа дерек-мәліметтер табылды. Ахат Андижан Түркия парламентінің бұрынғы депутаты, Ұлттар мәселесі бойынша бұрыңғы министр. Ол мұра Мұстафа Шоқайдың бір кездегі жақсы серіктері, мархұм Тайыр Шағатай мен Абдувақап Оқтайдан жеткен сықылды.

А.Оқтайдың зайыбы Саида ханым ол мұрағатты 80-жылдардың орта шенінде Ахат Андижанға өткізген. Міне енді Ахат Андижан мырза сол деректер негізінде Жаддидизмнен – Тәуелсіздікке деген кітап жазып жатыр. Ол еңбек жарыққа шыққаннан кейін проф.Ахат Андижан ол мұраларды Қазақстандағы тиіст орындарға тапсырмақ екен.

Рози Назар, АҚШта тұратын өзбек азаматы, тарихшы. 86 жастағы зейнеткер.

- Мұстафа Шоқайдың мақалаларын мен 1939-жылдан бастап Тәшкенде оқып жүрген кезден жасырын оқи бастадым. 2-дүниежүзілік соғысы кезінде нәсіп етіп, Мұстафа Шоқайды бір рет кездестіріп, өсиеттерін тыңдадым. М.Шоқайдың жолдамасымен неміс офицерлер мектебінде оқыдым.

Мұстафа Шоқай өте жоғары мәдениетті, білімпаз зиялы еді. Оның арапша қолжазбасының өзі үлкен өнер тыундысындай еді.

Мұхажирлер, шет елдегі түркістандықтар арасында Мұстафа Шоқайдай ұлы ойшыл, ұлтшыл көсем болған емес.

Ғайпен Бейіс, Түркістан легионында болған. Зейнеттегі фото жұрналист. Тамұқтан өткен тағдыр деген кітаптың ауторы.

- Мен 1941-жылы неміс тұтқынында сүзекпен ауырып жатқан кезде Мұстафа Шоқайды бір рет көрдім. М.Шоқай бізге абдан сознаниеміз бітіп , адамгершіліктен шығып, аштықтан бұралып өлгелі жатқанда келді. Әуелде немістер бізге Қазақтың бір генералы келеді деп лақап таратқан болатын. Сол генерал Мұстафа Шоқай болып шықты.

Бір кезде әлгі генерал келді. Барақ қой, ішке кіргізбеді. Есіктің алдында тұрды. Жалаңбас. Біздің бәріміз нарда жатырмыз, көпшілігіміз тұра алмаймыз. Қырылып жатқан мезгіл. Бойы аласа ғой деймін. Жіңішке басы – айқасқа, жарқырап тұрды. Қалпағын қолына алып, Ассалаумағалайкум, жарандар, деп бастады өз әңгімесін, ол.

Айта берсе көп әңгіме, мен бұлардың бәрін өзімнің Тамұқтан өткен тағдыр атты кітабымда жазғанмын.

Соғыстағы неміс тұтқынынан қайта оралып, өз отбасыма жеткен күннің ертеңінде КГБ келіп мені ұстап абақтыға салды. Содан өз атамекенімде он жылға сотталып түрменің небір азаптарын бастан кештім. От тамұқтан шыққан кездің өзінде өз аулымда жұмыс бермеді, қаңғытты.

Өмір жолдасым қайтыс болғаннан кейін қолыма қалам алып , 2-дүние соғысы кезінде бастан кешкендерді, Мұстафа Шоқай жөнінде көрген, білген, зерттеген, тапқан дүниелерді реттеп кітап етіп шығардым.

Ол кітапта Мұстафа Шоқайдың, түркістандықтардың болашағына орай, немис басшылығы алдына қойған 15 талабын түгел келтірдім. Ол талаптарды тауып тасқа таңбалауымның өзі бір үлкен әңгіме. Жауабын сол кітаптан және Жас Түркістан жорналынан таба аласыздар.
XS
SM
MD
LG