Accessibility links

Шағын қалаларға арналған бағдарлама бекітілді


Қазақстанның экономика және бюджеттік жоспарлау министрінің орынбасары Қайрат Әйтекенов қазіргі таңда республикадағы 60 шақты шағын қаланың ішіндегі экономикасы пәсең он елді мекенге арнайы қолдау шаралары әзірленіп отырғанын айтты.

- Елдегі шағын қалаларды дамыту бағдарламасында 2004-2005 жылдары аталмыш қалалар экономикасындағы нақты салаларда инвестициялық жобаларға қаржылай қолдау таныту үшін республикалық бюджеттен бір жарым миллард теңге бөлу белгіленген. Бұл қаржы республикада құрылған «Шағын кәсіпкерлікті дамыту қоры» жабық акционерлік қоғамының жарғылық қорына толықтыру арқылы бөлінгелі отыр. Бұдан өзге алдағы екі жылдың көлемінде шағын қалалардағы өмірлік маңызы бар нысандар үшін облыстық бюджеттерге трансферт ретінде 900 млн теңге қаржы бөлу көзделген. Оның 750 млн-ы экономикасы артта қалған шағын қалаларға арналған. Жалпы бұл бағдарлама аясында алдағы үш жылдың көлемінде республикалық бюджеттен 2 млрд 400 млн теңге бөлу қарастырылған. Аталмыш қаражаттан 1 млрд 50 млн теңгені алдағы жылы шағын қалаларға беру жоспарланып отыр, - деді вице-министр Қ.Әйтекенов.

Бұдан өзге 2004-2006 жылға арналған республикалық басымды инвестициялық жобалар тізімінде шағын қалалардағы денсаулық сақтау, білім беру мекемелері мен ауыз сумен қамтамсыз ету нысандарын салу және қайта жөндеуден өткізуге 7 млрд 100 млн теңге бөлу жоспарланған. Қайрат Әйтекенов бұл қаржының 2,2 млрд теңгесін келесі жылы бөлу белгіленіп отырғанын айтты. Оның айтуынша, бюджеттік ақшалардан өзге шағын қалаларға ұлттық компаниялар жүзеге асыратын жобалар арқылы да қаржы жұмсалады. Атап айтқанда, "Қазақстан Темір жолы" ұлттық компаниясы 4,6 млрд. теңге, ал "Қазақтелеком" акционерлік қоғамы 1,9 млрд. теңге бөлетін болады.

Шағын қалаларға арналған бағдаралама үкіметтің дүйсенбі күнгі отырысында бекітілді.
  • 16x9 Image

    Кенжебек НҰРҚАСЕНҰЛЫ

    Кенжебек Нұрқасенұлы - 1967 жылы туған. Семей мемлекеттік университетін тәмамдаған.
    Семейдегі «ТВК-6» телеарнасында, «СолDAT» газетінде, «Қазақ тарихы» журналында жұмыс істеген. Азаттық радиосында 2001 жылдан бері еңбек етеді. 

XS
SM
MD
LG