Accessibility links

АҚШ-та президент Бушқа Демократиялық партиядан бәсекелес үміткерлер сайысы басталады


Екі аптадан кейін АҚШтағы Демократиялық партиядан президент Джордж Бушқа бәсекелес үміткерлер сайысы басталмақ. Олардан шыққан жеңімпаз алдағы қараша айында Джордж Бушпен бірге АҚШ президенттігіне болар сайлауда қатысады.

2004 - Мешін жылы - АҚШтағы президенттік сайлау жылы. Солтүстік шығыстағы шағын штат Нью Хампширде НАТОлық бұрыңғы қолбасшы, демалыстағы Армия генералы Уесли Кларк пен сайлаушы арасында мынадай пікір алмасуы өтіпті. Дауыс беруші: - Бізді Ирақтан алып шығып кетіңіздер, Менің атым Луиза. Мен Нью Хамширдің қызы боламын. Көмек беріңіз. Біздің перзенттерімізді Ирақтан алып шығу керек.

Генерал Уесли Кларк, - Біз оларды Ирақтан алып шығамыз. Олар Ираққа бармауы керек еді.

Дауыс беруші, - Әрине бармауы керек еді. Соның үшін көмегіңіз қажет.

Генерал, - Онда ана анкетаны толтырыңыз.

Генерал Кларк қарашаның 2-сінде президент Бушпен елбасылық сайысқа түсу үшін, қазір демократтардан тағы да 8 үміткермен бірге өзара бәсеке күресінде сынасып жүр.

Олар - Вермонт штатынан бұрыңғы губернатор Хауард Дин, Миссурилік конгресмен Дик Гепхардт, Массачусетстен сенатор Джон Керри және Солтүстік Каролинадан сенатор Джон Эдуардз. Алдағы алты ай бойы осы аталған азаматтар штаттарда өтетін өзара бәсекеде белдеседі.

Бірінші дауыс берген штаттардың әсері үлкен болмақ. Ал, алғашқы дауыс беру қаңтардың 19, 27сі күндері Айова және Нью Хампшир штаттарында өтеді. Бұл екі аймақтағы сайлаушы саны 4 млндай, бірақ олардың 22 млн. адамы бар Техас немесе, 34 млн сайлаушысы бар Калифорния штатынан мән-маңызы артықтау болып тұр, дейді талдаушымыз. - Дауыс беру Оңтүстік штаттарға жеткенше бұл 9 үміткерден екеуі алға шығар. Олардың біріншісі - Вермонттан Хауард Дин, ал екіншісі конгрессмен Дик Гепхардт, немесе генерал Уесли Кларк болар, - дейді Вашингтондағы Като орталығынан Патрик Башам.

Сауалнама нәтижелеріне қарағанда, алшағқы екі штатта Хауард Дин табысты болады. Екінші үміт – Гепхардта. Бұрыңғы губернатор Дин жуырда, Саддам Хұсейннің ұсталуынан Америка қауіпсіз бола қоймас, депті. Сондай-ақ, Диннің, Осама бин Ладен ұсталса, оны 11-қыркүйек шабуылы үшін қалайша жазалаймыз, деген сұрағы да кейбір сайлаушыларға ұнамағандай.

Дегенмен, оның Нью Хампширде айтқан төмендегі сөзі жұрттың көңілінен шыққандай.

- Егер біз күшті саясат жүргізіп, Сауд араб еліндегі мұнайға ақша шығындамасақ, біздің қорғанысымыз күшейе түсер еді. Мен Саддам Хұсейн, Осама бин Ладен жөніндегі өз ойларымды айтпаған болар едім, - деген Хауард Дин.

Дин Ирақ соғысына қарсы екендігін ашық айтып, президент Буш саясатын қатты сынайды. Ол қазірдің өзінде бұл сайлау науқанына 40 млн доллар жинаған. Бұл аз қаржы емес. Бірақ Джордж Бушпен болар бәсекеде Диннің табысына күдікпен қарайтындар да баршылық. Терроршылықпен күресте Дин әлсіздік байқатар, дейді олар.

Вашингтон Пост газеті жүргізген сауалнама нәтижесі бойынша, ұлттық қауіпсіздік мәселесінде, Бушқа 67 пайыз, ал Динге 21 пайыз адам сенетін сияқты.

- Хауард Диннің сыртқы саясат бойынша тәжрибесі аз. Американың өзінде Дин талай сүрінді. Ол ойланбастан соға береді. Бұл ретте оны екінші Джордж Буш десе де болады, - дейді Охайолық пошташы Джейн.

Бірақ талдаушылардың пікірінше, егер генерал Кларк, конгрессмен Гепхардт, сенатор Керри немесе Либерман финалға шықса, бүкіл ұлттық сайлауда, олардың біреуі, президент Бушқа жақсы соққы бере алуы мүмкін екен.

Керри Вьетнамда соғысса, Кларк 1999-жылы НАТОның Сербияға қарсы соғысында жетекшілік еткен. Сондықтан бұл екеуі Ұлттық қауіпсіздік мәселесінде Республикандарға дес бере қоймас. Ал, Либерман мен Гепхардт Ирақ соғысын жақтаған, сондықтан қорғаныс мәселесінде осал емес.

Президенттік сайлауда Джордж Бушпен белдесер үміткер алдағы шілде айының соңында анықталады. Дегенмен, осы айдың соңында, Нью Хампширде берілетін соңғы дауыстар да біраз нәрсенің басын ашып қалар.
XS
SM
MD
LG