Accessibility links

Еуропа Одағы Гүржістандағы сайлауды мойындайды, бірақ жақын байланыс орнатуға асығар емес


Еуропа Одағы өзге бірқатар халықаралық ұйымдармен бірге Гүржістандағы сайлау нәтижесімен жаңа президент Михаил Саакашвилиді құттықтады. Бірақ бұл одақ әзірше Гүржістанды өз аймағына жақындатар ниетте емес. Ондай құрметке ие болу үшін бұл Қапқаз елі алдағы кезде әлі талай тер төгуіне тура келеді, дейді талдаушылар.

Қаңтардың 5і дүйсенбіде Еуропа Одағы Гүржістанда өткен президенттік сайлаудың игі нәтижелерімен құттықтап, өзінің жылы лебізін білдірді.

Еуропа комиссиясының сыртқы істер бойынша жауапты өкілі Диоге де Ожеданың тілшімізге айтқанындай, блок енді Михаил Саакашвилидің басым көпшілік дауыспен жеңіске жетіп, соңғы ресми мәліметтің жариялануын ғана күтіп отыр екен.

- Біз бұл сайлаудың ереже талаптарына сай өткендігіне қуаныштымыз. Жаңа жетекшілікті басым көпшілік қолдады. Енді бұл басшылық жақын күндерде өз үкіметін жасақтап, гүржі халқының тұрмыс-тіршілігін жақсарту мақсатында, шұғыл мәселелерді шешуге кірісер, - дейді ЕуроКомиссия өкілі.

Де Ожеданың айтуынша, ЕуроОдақ енді Еуропа Қауіпсіздігі және Ынтымақтастығы ұйымының бақылау нәтижелерін күтеді. Содан кейін ғана сайлаудың халықаралық талаптарға сай өткендігі жөнінде қорытынды пікір айтады.

Одақтан өз есімін атамаған бір дипломаттың айтуынша, брюссельдік ресмилер Гүржістандағы бұл қаңтар сайлауы күзде өткен парламенттік сайлауға қарағанда, еркін және әділ өтті деп мойындайды екен. Ал президент Шеварднадзенің қантөгіске жол бермей өз қызметінен кетуі өз алдына үлкен бір әңгіме дейді талдаушылар.

ЕуроОдақ өткен айда бұл сайлауға қолдау ретінде Гүржістанға 7 млн еуро берген болатын. Міне енді өкілдің айтуынша, сайлаудың ойдағыдай өткеніне орай, Одақ тағы да қосымша қаржы бөлуге әзір болып отыр.

- Біз ол көмекті БҰҰ Даму бағдарламасы және ЕҚ және Ынтымақтастығы ұйымы мен бірге сайлаудың талапқа сай өтуі үшін бердік. Біз ол науқанды бақыладық та. Енді біз алда болатын парламенттік сайлаудың да ойдағыдай өтуі үшін қаржылай жәрдем беруге дайынбыз, - дейді ЕуроОдақ өкілі.

ЕуроОдақтың тағы бір өкілінің айтуынша, бұл президенттік сайлаудың игі нәтижесі қапқаздық үш ел - Армения, Әзірбайжан және Гүржістанның ЕуроОдаққа мүшелік мүмкіндігін жеделдетуі ықтимал. Бірақ оған бір шама әрекет, күш-қайрат және уақыт қажет болар.

Ресми өкілдің айтуынша, Еуропа Одағы алдағы кезде жас президент Михаил Саакашвилидің уәде берген жаңа реформалық бағдарламасын және елдегі жағдайды жіті қадағалап отыратын болады. Диоге де Ожеданың айтуынша, ЕуроОдақ беруге дайындалып отырған қосымша көмектің нәтижесі Гүржістандағы алдағы кездегі жүргізілер реформаларға, сыбайлас жемқорлықпен күреске және бұл елдің ЕуроОдақ, АҚШ және Ресеймен өзара байланысты қай бағытта дамытуына байланысты болмақ.
XS
SM
MD
LG