Accessibility links

Мәжiлiс “Орталық Азия ынтымақтастығы” ұйымын құру шартын бекiту туралы заң жобасын мақұлдады


Қазақстан Республикасы «Орталық Азия ынтымақтастығы» ұйымын құру туралы шартты бекiтуге алғашқы болып қадам жасады. Аталған ұйымға бiрiгуге Қазақстан, Тәжiкстан, Өзбекстан және Қырғыз Республикалары бұдан екi жыл бұрын уағдаласқан болатын.

Парламент Мәжiлiсiнiң қаңтардың 7-сi күнгi отырысында «Орталық Азия ынтымақтастығы» ұйымын құру шартын бекiту жобасы бойынша Қазақстанның сыртқы iстер вице-министрi Нұрлан Ұнжанов баяндама жасады. Баяндамашының сөзiне қарағанда, аталған ұйым -- Орталық Азия экономикалық ынтымақтастығының құқықтық мұрагерi. Сондықтан, осы бағытта қабылданған барлық құжаттардың күшi сақталып қалады.

«Орталық Азия ынтымақтастығы» ұйымының жарғылық органдарында Қазақстанның төрағалық етеуi көзделген. Ұнжанов мырза, аймақтық ынтымақтастықтың көп тарапты бағыттарын айқындауда Қазақстанның интеграциялық әлеуетiн ескере отырып, аталған шартты бiрiншi болып бекiту қажет деген пiкiрiн алға тартты. «Олай болса, бұл шарт екi жылдан берi неге қозғаусыз жатқан», -- деген сұраққа; «Оған iшкi жағдаяттар себеп болды»,-- деп жауап қайтарды.

Депутат Ерғали Сарманов «Орталық Азия ынтымақтастығы» ұйымы туралы шарттың шекара бойындағы жұртшылықтың көршiлес елдерге барыс-келiсiне қалай әсер ететiнiн сұрады. «Менiң сайлау округiмде 150 мың өзбек тұрады,-- дедi Сарманов мырза. Олар Өзбекстанға еркiн барып-келетiндей жағдай туғызуды сұрап отыр. Сөз болып отырған шартта осындай жеңiлдiк қарастырылған ба?» Вице-министр Нұрлан Ұнжановтың айтуынша, мұндай мәселелер екi жақты құжаттарда қарастырылады. Ал «Орта Азия ынтымақтастығы» ұйымы Қазақстан, Қырғыз, Өзбекстан және Тәжiкстан Республикалары арасындағы саяси, қауiпсiздiк және экономикалық қарым-қатынастарды нығайтуды көздейтiн 4 жақты шартқа негiзделген. Оның аясында шекаралық аймақтардағы өзара сауда қатынасын дамыту да көзделедi.

«Орталық Азия ынтымақтастығы» ұйымын құру туралы шартты бекiту мәселесiн талқылау кезiнде депутаттар негiзiнен Қазақстан мен Өзбекстан арасындағы қарым-қатынасқа көбiрек көңiл аударды. Депутат Шерхан Мұртаза аталған шартты бекiткен күннiң өзiнде оның баянды болатынына күмән келтiрдi. Ол: «Қазақстан тәуелсiздiк алғаннан берi Орталық Азия республикаларымен көптеген келiсiмдерге қол қойылды. Мысалы, Өзбекстанмен мәңгiлiк достық туралы келiсiм бар. Бiрақ, шекара бойында оқ атылады. Басқа да келеңсiздiктер болып жатады. Осы бағытта қандай жұмыстар жүргiзiлдi?» -деп сұрады. Ұнжанов мырзаның айтуынша, бүгiнгi таңда шекарадағы жағдай қалыпты. Орын алған уақиғалар диполматиялық жолмен жөнге келтiрiлген.

Парламент Мәжiлiсiнiң 2004 жылғы алғашқы жалпы отырысында Қазақстан, Тәжiкстан, Өзбекстан және Қырғыз Республикалары арасындағы «Орталық Азия ынтымақтастығы» ұйымын құру туралы шартты бекiту жобасы бiрауыздан мақұлданып, Сенаттың қарауына жiберiлдi.
XS
SM
MD
LG