Accessibility links

Италия Сотының шешімі үкіметбасы Берлускониге оңай соқпайды


Италияның Конституциялық соты бас министр Сильвио Берлускониді парақорлығы үшін соттан сақтайтын мәртебесін конституцияға сай емес деп тапты. Енді оның бірнеше жыл алдын сотқа тартылған қылмыстық істер бойынша қайта сотқа шақырылуы мүмкін. Бұл даулы үкіметбасының ақыры ма?

Италия заңдары бойынша, бұғанға дейін мемілекеттің жоғарғы бес қызметінің иегерлері сотқа тартылмайтын. Атап айтқанда елбасы, үкіметбасы, парламенттің қос шатырының екі төрағасы мен конституциялық соттың басшысы. Елдің конституциялық соты апта басында жоғарғы шенді ұлықтардың сот алдындағы қорғалатындығы туралы заңға өзгеріс енгізді.

Бұл шешімге байланысты солшылорталықшыл көсем Франческо Рутели өз пікірін былайша білдірді:

"Бұл өте қайырлы күн, өйткені біздің конституциялық сотымыз өзінің тәуелсіздігі мен азаттығын көрсете білді. Ол біздің қалыптасқан демократиялық өміріміздің өзекті кезеңінде шешім қабылдай алды."

1980-ші жылдарда парақорлығы бойынша, Миланда сотқа тартылған БАҚ алпауыты Берлускони, кейін саясатқа арласып, ол сот алдында иммунитет алған болатын. Берлускони өз кінәсін мойындамай, бұл өзіне қарсы солшыл судьялар тарапынан ұйымдастырылған саяси қудалаулар деуде. Өткен айда италиян президенті Карло Азельо Чампи үкімет ұсынған БАҚ туралы заңға қол қоймады. Сын айтушылардың дәлелінше, бұл құжатқа қол қойылған болса онда Берлусконидың БАҚ империясы Италияда басымдық алар еді. Чампи бұл пікірді ескеріп жобаны қайтадан парламенттің талдауына жіберді.

Бонн Университетінің Еуропалық серіктестік орталығының аға талдаушысы Питер Зервакистың айтуынша, бұл шешім италиян бас министрі үшін айтарлықтай соққы. Берлускони өзіне қарайтын БАҚ-дары арқылы өзін қылмыскер емеc, керісінше қудалауға ұшыраушы ретінде көрсетеді,-дейді ол. Зервакис Италиядағы жағдайға былайша баға береді:

"Көптеген айлар бойы, мен қоғамдық пікірдің нәтижелерін байқауымша, италияндықтар Берлускониге өзгеше көзбен қарайды, ол өзінің Италияны қалпына келтіріп және жұмыссыздықты шешіп сондай-ақ, әлеуметтік саладаға қаржы қиыншылықтарын түзеймін деп берген уәделерінің ешқайсында орындаған жоқ."

Сондықтан,- дейді Зервакис, Берлускони биылғы жылғы үкіметбасын сайлауларда айтарлықтай қиыншылықтарға душар болары анық. Әрі Берлусконидың бақталасыда тегін адам емес, ол Еуроодақтың Комиссиясының президенті Романо Проди. Проди солшыл либерал. Бұған қоса Берлускони Еуроодақтағы таяуда ғана аяқталған Италияның президенттігі кезінде де, бірнеше қиыншылыққа тап болды. Бұл ішкі саяси әрі заң алдындағы қиыншылықтармен қосқанда Берлусконидың байырғы бақталасы Продиге үлкен басымдылық береді.
XS
SM
MD
LG