Accessibility links

АҚШ-ң сарапшылары Ирақтағы күдікті делінген снарядтан уландыратын химиялық қарудың іздерін таба алмаған


Дат әскерінің айтуынша, жақында Ирақтан табылған миномет снарядтарын зертханада сынақтан өткізудің нәтижесі артиллерияда улы химиялық зат қолданылған болу керек деген күдік төңірегінде соңғы нүктені қойған тәрізді. Енді осы зерттуелер нәтижесіне арналған тілшіміздің талдау хабарымен таныс болыңыздар.

Американың жаппай қырып-жою қаруының сарапшылары жүргізген сынақ қорытындылары жақында табылған снаряд қалдықтарынан осыған дейін күдіктелгендей, химиялық қарудың белгілерін таба алмаған. Бір апта бұрын Басраның оңтүстігінен Дат солдаттары пластмассамен оралып, жерге көмілген 36 миномет снарядын тауып алған болатын. Дат әскерінің полковнигі Хенрик Фрайс сол кезде тілшілерге былай деп мәлімдеген-ді:

- Біз кейбір миномет снарядтарының қалдықтарын таптық. Олардың ішінде әлдебір сұйық зат бар, оны рентген суреті арқылы көрдік. Оны сол табылған жерде төрт рет тексеріп көрдік, біздің ойымызша ол газ түйіршіктері болуы мүмкін.

Дегенмен де американдық әскери ресмилер мұндай мәлімдеме жасаудан бойларын аулақ салып, аса сақтықпен қарады. Олар американдық қару сарапшылары жан-жақты мұқият тексеруден өткізіп, оның нәтижесі белгілі болмайынша, ешқандай түсініктеме бермейтіндіктерін айтқан.

Ирақтағы Даттың әскери өкілі майор Питер Апелгаард жексенбі күні журналистерге АҚШ-ң қару сарапшылары ешқандай газ түйіршіктерін, не болмаса басқадай улы химиялық зат белгілерін тапқан жоқ деп айтқан.

Лондондағы "Jane`s Defence Weekly" басылымының редакторы Яан Кемп бұл мәселе турасында Азаттық радиосына былай деген:

- Әрине АҚШ пен Ұлыбритания және коалицияның басқа да мүшелерінің бұл мәселеге сақтықпен қарауының бір себебі - бұл табылған 120 миллиметрлік миномет 1980-88 жылдары Иран мен Ирақ арасында болған соғыстан қалған болу керек деген сенімде болды.

Кемп сонымен қатар табылған қару түрлері вашингтондық шенеуніктердің қандай да бір айыптау мәлімдемесіне тым сақтықпен қарап, мүмкін бұл өткен жылы Ираққа жасалған соғысты ақтауға көмектесер бірден - бір фактор болар деген үміттерін оятты дейді:

- 105 немесе 120 миллиметрлік артиллерия минометінің дөңгелектері химиялық құралдарды сақтауға оншалықты тиімді бола қоймайды. Олар арнайы дөңгелектер болғандықтан қажетті деген қауіпті туғыза алмайды, олардың диапозон қашықтығы өте шектеулі. 120 миллиметрлік миномет айналасындағы 8 шақырымнан 10-12 шақырымды ғана қамтиды. Сондықтан да ол стратегиялық мақсаттарға жеткзібейді. Әрине, АҚШ-ң тапқысы келген жаппай қырып жою қаруы мұндай емес.

Кемп американдық ресмилердің бұл тұрғыда сақтық бағытын ұстануы олардың Ирақта бұдан да үлкен химиялық қару түрлері болуы ықтимал деген талапқа қайтып оралу мүмкіндіктерін сақтап қалды дегенді де айтады.

Апелгаард зертханадағы тексерістің қорытындыларын алған Британия мен Дат әскерлері өздері өткізген алғашқы далалық сынақтың нәтижелері не себепті дұрыс болмай шыққанын біле алмай аң-таң деген.

Ал Кемп болса, Саддам Хусейінде болды деп күдіктелген химялық қару-жарақ арсеналын бағалайтын қазылар әлі күнге жоқ дегенді айтады. Ол сондай-ақ Вашингтон мен Лондон өздерінің Ирақта химиялық, биологиялық жаппай қырып-жою қаруы болды дейтін соғысқа дейінгі айыптауларын ақтайтын басты жаңалық жақын арада ашылып қалады деген үмітпен отыр деген пікірде.
XS
SM
MD
LG