Accessibility links

Еуропа парламентіне кейбір Ирақ тұрғындарының қазасын тергеу жөнінде өтініш айтылып жатыр


Еуропа парламентіне кейбір Ирақ тұрғындарының қазасын тергеу жөнінде өтініш айтылып жатыр. Дабылды Британия парламентінің екі депутаты, уэльс ұлтшылдарының серкелері қағып отыр. Олар Еуропа Одағына мүше елдердің кейбір әскерлері ирақтықтардың жекелеген ажалдарына айыпты, алайда тергеу сенімді жүргізіліп жатқан жоқ дейді. Сондықтан олар Еуропа парламентіне үндеу айтқанды жөн санады.

Уэльс ұлтшылдарының "Плейд кимру" партиясынан Британия парламентіне сайланған Адам Прайз әңгіме өзегіне айналған айып әзірше тек күдік деңгейіндегі мәселе екеніне ден қойып отыр. Дегенмен, 1 мамырдан бері Ирақта кемінде 250 бейбіт тұрғынның бірлестік әскерлерінің қолынан қаза тапқаны Еуропа Одағын қатты мазалау керек, дейді Адам Прайз. Күдікті жағдайларға Британия, Голландия және Дания сияқты Еуропа Одағының кемінде үш елінің сарбаздары қатысты көрінеді. Бұл елдердің үкіметтеріне әділ тергеу жөнінде айтылған үндеулерім жауапсыз қалды, сондықтан Еуропа Одағына қайырылуға мәжбүрмін, күдікті жағдайлар адам құқықтарын дәріптеуімізге және мұсылман әлемімен түзу қарым-қатынас құруымызға нұқсан келтіруі мүмкін, дейді Адам Прайз.

- Шамамен 25 ирақтықтың жағдайынан хабардармыз. Олар Британия сарбаздарының қолынан қаза тапты деген күдік бар. Дания әскеріне қатысты басқа да жағдайларды білеміз. Мәселен дәл жаңа жылдық мереке кезіндегі бір қақтығысқа Дания сарбазы айыпты болса керек.

Адам Прайз және оның партиялық үзеңгілесі Джилл Иванс бұл ажалдардың бірде біреуі толық тергеліп жатқан жоқ, әсіресе Британия үкіметінің беталысы сенімсіз дейді. Бұл жердегі мәселе – бейбіт тұрғындардың ажалы әскери орындардың тергеуімен шектеліп қалады, қаза тапқандардың туған туыстарының өтемақы алу құқы бұзылып отыр. Зардап шеккен азаматтар Америка Құрама Штаттары бастаған бірлестікті тұтастай сотқа бере алмайды, бірлестікке мүше елдердің жеке заң жүйелерінде қане әділдік іздей алады. Не АҚШ, не Британия үкіметі 1 мамырдан бері Ирақтағы бейбіт тұрғындардың ажалынан ресми мәлімет жарияламады.

Адам Прайз енді міне парламент депутаттығына жүгініп, Британия үкіметінен жауап талап етеді. Британия үкіметі 17 азаматтың ажалы жөнінде тергеу жүргізгенін, 13 басқа ажалды тағы зерттеп отырғанын мойындаған, дейді Адам Прайз. Тіпті үш ирақ отбасына 15 мың доллардан өтемақы төленсе керек. Енді осының барлығы жөнінде ресми сипаттама алғым келеді, дейді Адам Прайз. Өтемақы төлеу айыпты мойындау емес, дейді Адам Прайз.

Уэльс ұлтшылдарының "Плейд кимру" партиясының басқа серкесі Джилл Иванс бұл мәселені алдымен партияның парламенттегі фракциясында талқылаймыз, сосын Еуропа парламентінің тәртібі бойынша қимылдаймыз дейді:

- Мен алдымен серіктестікке "Жасылдар" партиясы және Еуропаның еркін елдері бірлестігінің депутаттарын шақырамын. Себебі тергеу Еуропа парламенті уақытша комитетті құрса қане жүргізіледі. Ал мұндай комитет депутаттық топтардың президенттерінің ұсынысымен қане құрыла алады.

Сонымен, Британия парламентінің екі депутаты көтерген бастама Еуропа парламентінің кеңсе талаптарынан өте алса, жеке мәселе боп қаралуы мүмкін. Көтерген әңгімеміз Еуропа парламентінде құлаққағыс таппаса Еуропа Одағында екі жүзді өлшем бар екен деген күдік пайда болады, деп ескертеді Адам Прайз.
XS
SM
MD
LG