Accessibility links

Қазақстанда үкіметтік емес ұйымдар Форумы құрылды


Қазақстанда үкіметтік емес ұйымдардың тағы бір бірлестігі құрылды. Мұндай шешім үстіміздегі жылдың 16 –сы мен 17- қаңтары аралығында «Азаматтық қоғамның белсенділер форумы» атты үкіметтік емес ұйымдар бас қосқан құрылтайда қабылданған. Ал сәрсенбі күні аталған қауымдастық өкілдері республика парламентінің мәжіліс, сондай-ақ, сенат төрағаларының атына арнайы хат жолдағандарын мәлімдеді.

Азаматтық қоғамның белсенділер форумын ұйымдастырушылардың бірі “Единство» атты қоғамдық бірлестік басшысы Дәметкен Әленованың айтуына қарағанда, қаңтар айының 16- сы мен 17- сі аралығында өткен құрылтайға Қазақстанның барлық аймақтарынан жиналған 180- ге тарта қоғамдық ұйым өкілдері қатысқан. Құрылтайда республикадағы үкіметтік емес ұйымдар төңірегінде қордаланған бүгінгі күнге өзекті проблемалар талқыға салынып, басқосуға жиналғандар бірлескен қауымдастық құруға уағдаласыпты.

Дәметкен Әленова республика қоғамдық ұйымдары төңірегінде қалыптасқан проблемалар қатарында өздерінің үкіметпен бірлесе жұмыс істеу мүмкіндігін, бұқаралық ақпарат құралдарымен тығыз байланыс орнату, ал ең бастысы, үкіметтік емес ұйымдарға қатысты Қазақстан заңнамасына өзгерістер енгізу жайын алға тартты. Сондай-ақ, «Қазақстан әйелдері» атты қозғалыс жетекшісі Бақытжамал Бектұрғанова: «Қарапайым мысал, бізбен көршілес Қырғызстанның өзінде үкімет үкіметтік емес ұйымдар арасында, Қазақстандағы жағдаймен салыстырғанда, анағұрлым тығыз байланыс орнатылған.Қырғызстан нақ осы мәселеде бізден алда келеді» дегенді айтты.

Бақытжамал Бектұрғанованың пікірінше, қалыптасқан жағдайды өзгерту үшін Қазақстанның үкіметтік емес ұйымдарға қатысты заңдарын қайта қарау керек. Өйткені,қазірде республиканың қоғамдық ұйымдармен байланысты заңнамасы шектен тыс саясиланған. Ал, шын негізінде, үкіметтік емес ұйымдар билікке ұмтылмайды. Тек қоғамдағы түрлі топтардың мүдделерін көздеу арқылы мемлекеттің нақты шешім қабылдауына ықпал етеді. «Мугедектер немесе, жалғыз басты аналар сынды тағы басқа да көмекке мұқтаж жандарға қол ұшын беруде қоғамдық ұйымдар мемлекет атқарар міндеттерді , кей жағдайларда, тіпті өз мойындарына алып отыр.Алайда, Қазақстандық билік елдегі үкіметтік емес ұйымдарды өз әріптестері ретінде көргісі келмейді» дейді Бақытжамал Бектұрғанова. «Қазақстан үкіметтік емес ұйымдарының форумы» атты жаңа бірлестік өкілдері Қазақстан парламентінің сенат және мәжіліс төрағалары Оралбай Әбдікәрімов пен Жармахан Тұяқбайға жолдауларында жоғарыда аталған жайттарды баяндаған.

Жалпы алғанда , Қазақстанда бүгінде үкіметтік емес ұйымдар бірлестіктері көптеп саналады. Ал жекелегенде республикада 5000- ға тарта қоғамдық ұйым тіркелгенімен, олардың шамамен 3000- дайы ғана жұмыс істейді дейді сарапшылар.
XS
SM
MD
LG