Accessibility links

Кейбір заң актілеріндегі жергілікті мемлекеттік басқару мәселелеріне өзгерістер енгізілмек


Қазақстан Республикасының кейбір заң актілеріне жергілікті мемлекеттік басқару мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізілмек. Осы мақсатты көздейтін заң жобасы қаңтардың 21-і күні Парламент Мәжілісінің жалпы отырысында екінші оқылымда қаралып, мақұлданды.

Қазақстанның Экономика және бюджеттік жоспарлау министрі Қайрат Келімбетовтың айтуынша, заң жобасында орталықтың жекелеген функциялары мен өкілеттіктерін жергілікті деңгейге тапсыру ұсынылған.

- Заң жобасының негізгі мақсаты жергілікті органдардың өкілеттігін ажырату. Бұл бірінші заң жобасы. 150 заңға өзгерістер енгізу жұмысына дайындық жүруде, - деді Қайрат Келімбетов.

«Жергілікті мемлекеттік басқару туралы» Заңның 27-інші бабына өзгерістер енгізу арқылы облыс әкімдігінің сәулет және қала құрлысы, қоршаған ортаны қорғау саласындағы қызметі, табиғи монополиялар субьектілерінің және басқа да қызметтерді реттеу жөніндегі құзыретін кеңейту ұсынылып отыр.

Заң жобасында қалалардағы аудандардың, ауылдық, кенттік, қалалық деңгейдегі мемлекеттік басқару жүйесін жетілдіру мәселелеріне маңыз беріліп отыр.

Басқарудың тиімділігін арттыру үшін 400 мыңнан астам халқы бар ірі қалаларда аудандар құру көзделуде.

Мәжіліс депутаттары тарапынан заң жобасына бірқатар ұсыныстар жасалды. Депутат Болат Әбішевтің ұсыныстары мәслихаттардың құзырын кеңейтуге қатысты болды.

- Заң жобасында мәслихаттардың әрбір депутатының өкілеттіктерін кедергесіз және тиімді жүзеге асыру үшін жағдай жасауына, оның құқықтарын, қадір–қасиетімен ар-ожданын қорғауға кепілдік беріледі деп жазылған. Кім кепілдік береді? Үкімет тек жаза салған. Мәслихатты айтпағанда, Мәжіліс депутаттарының сауалдарына жауап уақытылы келмейді. Келген күнде де жаза салған жауаптар. 28-ші бап бойынша Мәжіліс депутаттарын мемлекеттік органдардың басшылары міндетті түрде қабылдауы тиісті. Бізде неше түрлі жағдайлар болады. 2-3 сағаттай күттіреді. Тіпті қабылдамайтын да басшылар болады.Кейбір мекемелер депутаттармен санаспайды. Оған ешқандай шара жоқ. Соған қарағанда мынадай редакциямен мәслихаттарға жұмыс жасауға мүмкіндік болмайды. Сондықтанда мен нақтылау жаздым. Мемлекеттік органдар мен ұйымдардың басшылары мәслихат депутаттарына олардың өкілеттіктерін жүзеге асыруға көмек көрсетуге міндетті деп, - деді депутат Болат Әбішев.

Заң жобасы Сенаттың қарауына жіберілді.
XS
SM
MD
LG