Accessibility links

Баспасөз шолуы


Мерзімді басылымдарда, Қазақстан Республикасының Ішкі істер министрі Зауытбек Тұрысбековтың оқырмандардың сауалына берген жауабы, нанның бағасының не себептен қымбаттап жатқандығы және тағы да басқа саяси, әлеуметтік, тақырыпқа арналған материалдар жарық көрген.

Қазақстан Республикасының Ішкі істер министрі Зауытбек Тұрысбеков, “Начнем с понедельника” газетінде, оқырмандардың сұрақтарына берген жауабында, таяу арада заңсыз есірткі сатушыларға қарсы комитеттің құрылатындығын мәлімдепті. Министрдің айтуына қарағанда, бүгінгі таңда учаскелік инспекторлардың қызметі күшейіп жатқан көрінеді. Ендігі уақытта олар мектеп инспекторларымен бірге мектепте, аулада, түнгі клубтарда, және дискотекаларда жұмыс істейді екен. Зауытбек Тұрысбеков, түнгі клубтарда есірткі сатылады деген ақпараттардың пайда болуына орай, көптеген сауық-сайран құратын мекемелердің тексерілгендігін, алайда есірткі сатумен шұғылданған бірде-бір мекеменің табылмағандығын тілге тиек етіпті. Министрдің айтуынша, кейбір сауық-сайран құратын мекемелер, есігінің алдына мықты күзет қойғызып, олар тіпті құқық қорғау орындарының адамдарын да кіргізбейді екен. Сондай-ақ Зауытбек Тұрысбеков, учаскелік полицейлердің жалақасының жаңа жылдан бастап қырық мың теңгеге көтерілуіне байланысты да түсініктеме берген. Министр егер де олардың айлығы жоғары, тұрмыс-тіршілігі дұрыс болса, пара алу да азаяды деп есептейді. “Учаскелік полицейлердің пара алуына тосқауыл қою үшін, және олардың жұмысының пәрменділігін арттыру үшін, адал қызмет еткен полицейдің пәтерін он жылдан кейін жекешелендіріп беру де көзделіп отыр” дейді Зауытбек Тұрысбеков.

Қазақстанда доллардың құны түсіп бара жатқанымен, керісінше азық-түлік тауарларының бағасы жоғарылып барады. Әсіресе, соңғы бір-екі айдың ішінде нанның бағасы да қымбаттай бастады. “Жас алаш” газетінің тілшісі Шыңғыс Мұқайдың сараптамасына сүйенсек, мұның әр түрлі себебі бар. Мемлекеттік азық-түлік келісім-шарт корпорациясы президентінің орынбасары Абай Бисембаевтың айтуынша, корпорация Қазақстан нарығының бағасын реттеу үшін ішкі рынокқа 900 мың тонна астық шығармақшы. Қазір бір тонна бидайдың нарықтық бағасы 160 доллар болса, корпорация 145-160 доллардан сатпақ. Бисембаевтың болжамы бойынша, наурыз және сәуір айларында астық бағасы 180 долларға дейін жетуі мүмкін. Бұл Қазақстан нарығында бұрын-соңды болмаған баға.

Ал, “Известия Казахстан” қосымшасына берген сұхбатында, Монополиялық қызметті реттеу және бәсекелестікті күшейту Агенттігінің төрағасы Ораз Жандосов нан өнімдерінің қымбаттауының басты себебін, Қазақстан астығына деген сұраныстың күшейіп отырғандығымен байланыстырып өткен. Ораз Жандосовтың айтуынша, былтырғы жылдағы Ресей мен Украиндағы құрғақшылық, астық бағасының шарықтап шыға келуіне септігін тигізген. Агенттіктің мәліметтеріне қарағанда, нан зауыттары өнімдерінің бағасын тағы да 41 процентке көтеруді жоспарлап отыр.

“Түркістан” басылымының соңғы санында жарық көрген Рымтай Сағымбаеваның мақаласында да осы тақырып жалғасын тауыпты. Ауыл шаруашылығы министрлігі мен “Азық-түлік келісім шарт корпорациясы” Жабық акционерлік қоғам өкілдерінің мәлімдеуі бойынша, нан бағасын көтеру – ішкі астық рыногын қорғау қажеттілігінен туған шара. Мақала авторының айтуынша, егер де астықтың бағасы төмендеп кетсе, украиналық, қырғыстандық, ресейлік делдал фирмалар Қазақстанның арзан астығын көтере сатып алып, астық жетіспеушілігіне әкеліп соқтыруы ықтимал.

Қазақстан Қытайға 7 мың гектар жерді жалға берді деген ақпаратты Сыртқы Істер Министрлігі теріске шығарып мәлімдеме жасағанымен, бұл мәлімдеменің растығына күмән келтірушілер де табылып жатыр. “МК в Казахстане” басылымына берген сұхбатында, Әлеуметтік-экономикалық ақпарат, және жоспарлау институтының президенті Сәбит Жүсіпов, Қазақстанның Қытайға жалға жер беруі әбден мүмкін деген болжам жасапты.

“Алматы ақшамы” газетінің кезекті санында бүгінде Парламент депутаттарының талқылауында жатқан Қазақстан Республикасының Жастар саясаты туралы заң жобасы төңірегінде сөз болыпты.

“Время” апталығының 22 қаңтар күнгі санында журналист Генадий Бендицкидің вице-премьер Григорий Марченкоға жолдаған ашық хаты жарық көріпті. Журналисттің ашық хатында жоғарғы билікте, мемлекетке зиянын келтіріп жатқан лауазымы жоғары шенеуніктердің бар екендігі атап өтілген.
XS
SM
MD
LG