Accessibility links

Қазақстан мен Ресей арасындағы ықпалдастық туралы конференция өтті


Қаңтардың 23-і күні Парламентте Ресейдің Қазақстандағы жылына арналған «21 ғасырдағы Қазақстан-Ресей ықпалдастығы және жаһандану үндеулері» тақырыбында ғылыми-тәжірибелік конференция өз жұмысын бастады. Конференцияны ұйымдастырушылар-Қазақстанның Парламент Сенаты, Білім және Ғылым министрлігі, Қазақстандағы Ресей Федерациясының елшілігі, Қазақстан-Ресей Университеті және Мәскеу қаласындағы Қазіргі заманғы Гуманитарлық Академия.

Конференция жұмысын Парламент Сенатының төрағасы Оралбай Әбдікәрімов сөз сөйлеп ашты.

Коференцияда қазақстан–ресей қарым –қатынасына арналған баяндамалар тыңдалды. Мәселен, Парламент Сенатының депутаты Қуаныш Сұлтанов, Қазақстан–Ресей қарым-қатынасындағы гуманитарлық ынтымақтастық туралы жәйттерге тоқталды.

- Бұрынғы кеңес одағы кезіндегідей, бір орталықтың жүйесінен немесе бір мемлекеттің басымдылығы тұрғысынан қарамауымыз керек. Екеуі де теңдей дәрежесі тұрғысынан қарауымыз керек. Сол жғадайда біздің де кең мүмкіндіктеріміз бар, - деді Қуаныш Сұлтанов.

Ал, Ресей Федерациясының Білім министрінің орынбасары Никита Банцекин білім саласында ресей-қазақстан ынтымақтастығы дамуының ахуалы мен болашағын сөз етті. Оның айтуынша, қазақстан мен ресейдің білім беру үлгілері көп жағдайда ұқсас. Оларда кеңестік білім беру жүйесінің сапасы сақталған. Бізге одан әрі даму жайын сиппаттау қажет. Біз Қазақстанның Білім және ғылым министрлігімен ол жайында жұмыс жасап жатырмыз. Бұл әсіресе қашықтықтан оқыту ісінде көрініс табуда. Қашықтықтан оқыту жөнінде қазақстан–ресей университетін құру бұл мәселеге дәлел болады, - деді Ресей Федерациясының Білім министрінің орынбасары Никита Банцекин.

Мәжіліс депутаты Амангелді Айталы өз сөзінде Ресейдегі қазақ диаспорасына қатысты мәселелерді көтерді. Депутат Айталының айтуынша, ресейде 800 мыңға жуық қазақ бар. Олар Қазақстанмен шекаралас облыстарда орналасқан.

- Ресейдің ірі-ірі қалаларында қазақ диаспорасы бар. Бірақ сан жағынан удмурдтардан, еврейлерден артық қазақ диаспорасының жағдайы күні бүгін аяқ асты мәселе болып отыр. Себебі, ресейдегі қазақ диаспорасының жағдайын диаспораның өзі фольклорлық деңгейдеміз дейді. Бізге әнімізді айтқызып, күйімізді тартқызып, өзімізді қазақша сөйлетіп, мешіт салдырып жатқанына рахмет. Бірақ азамат ретінде кәсіпкерлікпен айналысуға, саяси билікке араласуға, жоғары деңгейдегі депутат болуға қазақтардың ешқандай мүмкіншілігі жоқ деген өкпе айтып отыр, - дейді Амангелді Айталы.

Депутат бұл жайттардың қазақ диаспорасы үшін өткір мәселе екендігін айттты.

- Оның басты себебі, былтыр Ресейде Қазақстан жылы өткенде осы 800 мың қазақтың тағдыры мемлекеттік деңгейде және мемлекетаралық қатынаста бірде -бір әңгіме болмады, - деді Амангелді Айталы.

Конференция қаңтардың 24-і күні де жалғасады.
XS
SM
MD
LG