Accessibility links

Баспасөзге шолу


Мерзімді басылымдарда, қаңтардың 23 жұлдызында Байтұрсынов көшесіндегі үйлердің бірінде, қатарынан үш адам өлімінің орын алғандығы, Алматы қаласының әкімі Виктор Храпуновпен сұхбат және тағы да басқа саяси, әлеуметтік, тақырыпқа арналған материалдар жарық көрген.

Қаңтардың 23 жұлдызында Байтұрсынов көшесіндегі үйлердің бірінде, қатарынан үш адам өлімі орын алды. “Экспресс К” газетінің 24 қаңтар күнгі санында жарық көрген Альбина Ахметованың мақаласындағы келтірілген деректерге қарағанда екі әйел мен бір еркектің өліміне қызғаныш сезімі себеп болған. Оқиғаның қысқаша тарихына тоқталсақ, Кристина атты жас қыз бен елу бір жастағы еркектің арасында жақын қарым-қатынас болған. Күндердің күнінде Кристина атты жас қыз бұл қарым-қатынасты үзуге әрекет жасаған. Полиция қызметкерлерінің болжамына сүйенсек, осыған қатты наразы болған еркек қызды да, оның әпкесі Тамараны да жер жастандырып, соңынан өзін-өзі өлтірген.

“Егемен Қазақстан” басылымының сенбілік санында Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің депутаты Әбдіжәлел Бәкір қазақ тіліне мемлекеттік мәртебе берілгендіктен, қазақ тілді басылымдарды қорғау керектігін тілге тиек етіпті. Әбдіжәлел Бәкір мемлекеттік тілді басылымдар арасында тендер өткізіп, бизнес-жоспарлары талап биігінен көрінетіндерге тапсырыс берген дұрыс деп есептейді. Оның айтуынша, 2003 жылы 150 миллион теңге осындай мақсатқа бөлінген. Ол 47 телерадиокомпанияның қазақ тілінде хабарлар дайындауына пайдаланылған.

“Известия-Казахстан” басылымының спорт тақырыбына арналған сенбілік санында, Филиппинда өткен бокс сайысында қазақстандық үш боксшының алтын медельді жеңіп алғандығы хабарланған. Енді олар Афинада өтетін әлем чемпионатына қатысуға жолдама алды. Атап айтсақ, олар ақтөбелік Галиб Джафаров, астаналық Генадий Головкин және шымкенттік Бейбіт Шүменов.

“Жас алаш” газетінің сенбілік санында мемлекеттік тіл проблемасына көбірек көңіл бөлініпті. Газеттің Оралдағы меншікті тілшісі Қазбек Құттымұратұлының айтуынша, Орал қалалық әкімшілігінің кіріс-шығыс құжаттарының 40 проценті ғана мемлекеттік тілде, қалғаны орыс тілінде жүргізіледі. Облыс, қала, аудан әкімшіліктерінде мемлекеттік тілдің қолданылу барысын айқындайтын зерттеу, Орал қаласы әкімі аппаратында істейтін 46 қызметкердің 3-10 процентінің ғана мемлекеттік тілде іс жүргізе алатындығын анықтаған. Сондай-ақ облыстың бас кеңсесіне келіп түскен құжаттардың 10,2 проценті ғана мемлекеттік тілде, қалған 89,2 проценті ресми тілде екен.

“Алматы қаласының” әкімі Виктор Храпунов, “Новое поколение” газетіне берген сұхбатында алдағы уақытта Алматы қаласының 150 жылдық емес, мың жылдығын мерекелейтіндігін мәлімдепті. Виктор Храпуновтың айтуынша, бұл айтулы мереке қыркүйек айының соңында тойланбақшы. Виктор Храпунов газет тілшісіне берген сұбатында осы уақытқа шейін, Алматы қаласының көшелерін дұрыстауға уәде беріпті.

“Ақ жол Қазақстан” басылымының соңғы санында Нәзира Байырбек мәжіліс депутаты Жазбек Әбдиев жетекшілік ететін жұмыс тобында қаралып жатқан “Сайлау туралы жаңа заңға байланысты” көзқарасын білдіріп өткен. Мақала авторының айтуына қарағанда, заң жобасының үш түрлі нұсқасын қатар қарау Парламент тарихында бұрын-соңды болмаған оқиға екен. Жұмыс тобының жетекшісі Жазбек Әбдиевтің айтуынша, 26 қаңтар күні бірінші оқылым бойынша, екі жобаның біреуінің тұжырымдамалық негізі қабылданады. Одан кейін екі палатаның депутаттарынан бірлескен комиссия құрылып, қабылданған нұсқаны келіп түскен ұсыныстар мен тілектерді талқылай отырып, екінші оқылымға дайындайды.

“Караван” апталығының соңғы санында 2003 жылдың 19 тамызында “Цесна Банктің” есеп-шотынан 1 миллион екі жүз мың доллар алып кеткен оқиғада, жаңа деректердің табылғандығы хабарланған. Қомақты қаржының жымқырғандар Ресейге кетіп қалған. Тергеушілердің мәліметтеріне жүгінсек, ақшаны жымқырғандар оның бір бөлігін бір ірі банктің Қарағандыдағы бөлімшесіне салып кеткен. Осы оқиғадан кейін көптеген лауазымды адамдар жұмысынан босатылған.

Таяуда Алматы қаласында жаңбыр-аралас қардың жауғандығы белгілі. Осыдан кейін Алматының көшелері көк тайғаққа айналған болатын. “Алматы ақшамы” газетінде жарық көрген Нұржамал Байсақалдың айтуынша, осы көктайғақта көп адам жарақат алған. 1-4 қаңтар аралығында аурухананың жарақаттар бөліміне өте көп адам түскен. Мақала авторының айтуынша, көшенің көк тайғақ болғанына қарамастан, әкімшіліктегі кейбір шенеуніктер шөптің басын да сындырмаған.

“Панорама” апталығында келтірілген мәліметтерге сүйенсек, таяу арада Алматы қаласында нанның бағасы тағы да қымбаттай түсуі ықтимал. Салыстырмалы түрде алғанда Алматыда басқа қалалармен салыстырғанда нанның бағасы төмен болып саналады. Мысалы Астана, Қостанай қалаларында нанның бағасы қырық теңгеге шейін көтерілген.
XS
SM
MD
LG