Accessibility links

Баспасөзге шолу


Мерзімді басылымдарда, жексенбі күні кешкісін Жамбыл облысы аймағында жол-көлік оқиғасы салдарынан жеті бірдей адамның көз жұмғандығы, нан өнімдерінің қымбаттай бастағандығы туралы және тағы да басқа саяси, әлеуметтік, тақырыпқа арналған материалдар жарық көрген.

Нан өнімдерінің қымбаттай бастауы Қазақстандағы бірқатар басылымдардың басты тақырыбына айналды. “Деловая неделя” апталығының кезекті санында жарық көрген Қазира Аяпованың мақаласында осы тақырып кеңінен сөз болыпты. Мақала авторының айтуынша, нан зауыттарының өз өнімдерінің бағасын көтеріп жіберуі әсіресе, Қазақстандағы әл-ауқаты төмен отбасылар мен зейнеткерлерге ауыртпашылығын тигізіп отыр. Газет тілшісінің келтірген деректеріне қарағанда Қазақстанда инфляция керемет қарқын алғанымен, жалақы мен зейнетақы аса көтеріле қоймаған. “Қалалық жерде тіпті отыз мың жалақы алатындар да әр тиынын санап, оны айдың соңына шейін әрең жеткізіп отырғанда, нан өнімдерінің бұлай қымбаттап кетуі қарапайым халыққа үлкен қиыншылық туғызары сөзсіз” дейді мақала авторы. Азық-түлік корпорациясының бірінші вице-президенті Абай Бисембаевтың мәлімдеуінше, нанның бағасын аса қымбаттатпау үшін, компания қорынан 900 мың тонна астықты, нарық бағасынан төмен сату көзделіп отыр.

Ал, “Панарома” апталығында нан өнімдерінің қымбаттай бастағандығына орай Алматы әкімшілігінде қалалық антимонополиялық комитеттің ұйымдастыруымен отырыстың болып өткендігі хабарланған. Бүгінгі таңда “Алматы нан” және “Ақсай нан” зауыттары өз өнімдерінің бағасын көтеруге байланысты өтініш білдіріпті. Осы зауытта істейтін компания менеджерлерінің айтуынша, маусым айынан бері ұнның бағасы екі есеге көтерілген. Сонымен қатар жанар-жағар май бағасы да шарықтап кеткен. Алайда осы отырысқа қатысқан “Алтын диірмен” корпарациясының өкілі Әділмырза Маралов өз зауытында нан өнімдерінің бағасын қымбаттатпайтындығын мәлімдепті.

“Жас алаш” газетінің сейсенбілік санында журналист Жанарбек Әшімжан Қазақстан Республикасының төтенше жағдайлар жөніндегі Агенттігінің төрағасы Заманбек Нұрқаділовпен ашық әңгіме жүргізіпті. Газет тілшісіне берген сұхбатында Заманбек Нұрқаділов тақтың мұрагерлік жолмен берілуіне үзілді-кесілді қарсы екендігін білдіріп өткен. Заманбек Нұрқаділов мұрагерлік дегеннің Иранда да, Египетте де, тіпті Иракта да жоқ екендігіне тоқталып, барлық жерде халық кімді сайласа, соның ел басқару құқығына ие болу керектігін тілге тиек еткен. “Қолдан ештеңе жасауға болмайды, қолдан жасалған нәрсе түбінде оңбайды. Біздің Парламенттің оңбай жататыны да сол депутаттардың дені қолдан жасалған” дейді Заманбек Нұрқаділов газет тілшісіне берген сұхбатында.

“Алматы ақшамы” газетінің соңғы санында жарық көрген Құттыбек Аймахан сараптамалық мақаласында Қазақстандағы су мәселенің тақырыбын әңгіменің арқауы қылыпты. Мақала авторының айтуынша, әсіресе Шардара су қоймасындағы орын алған ахуал Қазақстан мемлекетінің бас ауруына айналған. Құттыбек Аймахан өз мақаласында Шардара су қоймасындағы ахуалдың көрші мемлекеттердің мүдде-мақсатын жүзеге асыру үшін іске асыратын саяси ойынан айналып бара жатқандығына да талдау жасайды.

“Қазақ елі” апталығының соңғы санында 1999 жылы Қазақстанға келушілердің санының 1991 жылғымен салыстырғанда, 5,6 есеге төмендеп кеткендігі баяндалған. Мақала авторының келтірген деректеріне жүгінсек, соңғы жылдары Қазақстанға көшіп келіп жатқандардың арасында қазақтардан гөрі, өзбектер, әзірбайжандар, дұңғандар мен күрдтердің саны өсіп келеді екен.

“Известия Казахстан” басылымының сейсенбілік саны таяуда мәжіліс мақұлдаған “Жергілікті мемлекеттік басқару” туралы және “Аймақтық әкімшілік құрылым” туралы заң жобасына арналыпты. Мәжіліс депутаты Валентин Макалкиннің пікірінше аталмыш Заң жобаларында Қазақстанның Ата заңына қайшы келетін тұстар көп.

“Егемен Қазақстан” басылымының соңғы санында жексенбі күні кешкісін Жамбыл облысы аймағында жол-көлік оқиғасы салдарынан жеті бірдей адамның көз жұмғандығы хабарланған.

Қайғылы оқиға Алматы-Ташкент автожолының 548 –ші шақырымында орын алған. Осы жолда “Камаз” жүк көлігі мен “Ваз 2106” жеңіл мәшинәсімен соқтығысқан. Күшті бетпе-бет қақтығыстан жеңіл көліктің жүргізушісі мен оның барлық жолаушысы – бес ересек адам мен бір өскін тіл тартпай кеткен.

“Экспресс К” газетінің сейсенбілік санында өткен сенбіде Зайсан өзенінде УАЗ жеңіл көлігінің суға батып кеткендігі хабарланған. Судан тек көлік жүргізуші ғана аман-есен шыға алған, қалған бес жолаушының бәрі де қаза тапқан.
XS
SM
MD
LG