Accessibility links

Вашингтон Ирақтың тәуелсіздігін қалпына келтіруге қатысты ұстанымын жариялады


Ирақта тікелей сайлау өткізуге байланысты өсіп бара жатқан қысым шеңберінде АҚШ енді Ирақ тәуелсіздігін қалпына келтіру жолдары жөнінде өзіндік ойлағаны, ашық ой-пікірі бар екендігін айта бастады. Бұл тікелей немесе жанама сайлаулар арқылы ел билігін Ирақ тұрғындарының өз қолына беру турасындағы жоспарды Вашингтонның кері қаққысы келіп отырғанын көрсете ме?

Ирақтың тәуелсіздігін қалпына келтіру үшін маусымның 30-да тікелей сайлау өткізу мүдделері осы аптада Вашингтонның алдына қызу тартыс пен күресті көлденең тартқалы тұр.

БҰҰ-ң Бас хатшысы Кофи Аннан алдағы бірнеше айдың ішінде Ирақта тікелей сайлаулар өткізудің мүмкіндігі қандай деген маселені зерттейтін БҰҰ-ң арнайы сарапшылар командасын жіберетіндігі жөнінде апта барысында хабарлауы тиіс.

Жұма күні Ақ үйдің өкілі Скот Макклеллан Кофи Аннанның тезірек шешім қабылдауын сұраған болатын-ды.

Вашингтон Ирақтағы 18 облыста фракциялық жиналыстар немесе жанама сайлаулар өткізу арқылы өтпелі жаңа жиынды сайлап, ал ол өз кезегінде өтпелі үкіметті сайлады деген бағытты көптен бері ұстанып келді. Кейбір талдаушылардың айтуынша, Вашингтон Ирақтағы басқа этникалық және діни топтарға қарағанда антиамерикандық көзқарастағы шиит мұсылмандары діни жетекшілерінің уысынан шығып бара жатқан саяси билікке мүдделі болып отыр.

АҚШ президенті Буштың әкімшілігі Ирақта 30 маусымда еркін де әділ сайлаулар өткізу мүмкіндігі қалыптаса қоймайды деген көзқараста болған. Алайда тікелей сайлау өткізу жөнінде Аятолла Али әл-Систани бастаған көпшілік шиит мұсылмандарының қойып отырған талабы Американың бұл жоспарына сызат түсіргендей.

Осындай қысым астында қалған Вашингтон талап қоюшылармен бір ымыраға барып қалатындай ойы барын білдірген жұма күні. Американың мемлекеттік департаментінің өкілі Адам Ерели дау-дамайды шешудің мүмкіндігін Вашингтон біледі деп айтты:

- Біз сайлаудың 15 қарашадағы келісімде айтылған мерзімін ұстанатын тетіктерін қарастырып жатырмыз және осы құрылым шеңберінде Ирақ билігін өз адамдарына беру кезегін қалай тиімді және жеңіл жүзеге асыру турасында өз ашық пікіріміз де бар-, деп айтқан болатын.

Тікелей сайлау өткізу жөніндегі мұнан кейінгі қысым Вашингтонға жұма күні Ирақ соғысы алдындағы Американың негізгі одақтасы болған, қазіргі Ирақтың басқару кеңесінің мүшесі Ахмед Чалаби тарапынан жасалды.

- Американың жоспары демократияны ретке келтірудің оңайлау түсінік жолы емес. Мұның сыртында сайланатын адамдардың барша жұрттың өкілі болатыны немесе олардың көзқарастарына жауап бере алатындығы белгісіз. Және бұл үрдіс мықты деген жетешілердің сайланарына кепілдік бермейді, - деп атап көрсеткен Ахмед Чалаби.

Өзінің сөзінің соңында Чалаби сайлау өткізудің мүмкіндігі жоқ болатындай себептерді іздемей, керісінше сайлау өткізудің мүмкіндігін қарастырыңдар, сонда сайлау да мүмкін болады деген.

Таяу шығыс саясаты жөніндегі Вашингтон институтының талдаушысы Патрик Клаусон Чалабидің пікірлеріне мынандай көзқарас білдіреді:

- Чалаби сайлау қашан өтсе де, тиімді жағдайда қала береді. Егер сайлау келесі аптада өткізілсе де, ол басшылық қатарында болады, өйткені ол өте белгілі және қазіргі Басқару кеңесінің мүшесі. Егер сайлау бір жылдан кейін өтсе де, соған дейінгі бір жыл бойына ол басшылықта болады, - дейді Патрик Клаусон.

Ендігі жерде Вашингтонның БҰҰ-ы Ираққа сарапшылар жіберіп, мұнда сайлауды қашан өткізудің мүмкіндіктерін анықтап, өз жоспарын құтқаурға көмектеседі деген үміті бар.

AzattyqTV

Аудиоподкаст

XS
SM
MD
LG