Accessibility links

Парламент мәжілісі өлім жазасына мораторий енгізуді қолдады


Қаңтардың 28-і күні болған Парламент Мәжілісінің жалпы отырысында “Қазақстан Республикасының Қылмыстық, Қылмыстық іс жүргізу және Қылмыстық- атқару кодекстеріне өлім жазасын орындауға мораторий енгізуге байланысты өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы” заң жобасы қаралды.

Бұл жоба Қазақстан Президентінің Қазақстан Республикасында өлім жазасына мораторий енгізу туралы 2003 жылдың 17-і желтоқсандағы №1251 Жарлығын іске асыру мақсатында әзірленген.

Жоба бойынша Қылмыстық кодекстің өлім жазасына кесілген және өлім жазасын қолдануға мораторий қолданылатын адамдардың мәртебесін, мораторий қолданысының кезеңінде, сондай-ақ оның күші жойылғаннан кейін қылмыстық жазаларды іске асыру шарттары мен тәртібін белгілеу бөлігіне өзгерістер мен толықтырулар енгізіледі.

Ал Қылмыстық іс жүргізу кодексіне толықтыру енгізу, өлім жазасы туралы үкімді қараудың және өлім жазасын орындауға мораторий енгізу кезеңінде,сонымен қатар оның күші жойылғаннан кейін заңды күшіне енгізу тәртібі мен негізін белгілейді.

Қылмыстық – атқару кодексіне енгізілетін өзгерістер мен толықтыруларға келетін болсақ, онда мораторий қолданысының уақытында сондай-ақ оның күші жойылғаннан кейін өлім жазасын орындауды тоқтата тұрудың реттелуін көздейді. Өлім жазасын кейінге қалдыру кезінде оның күші жойылғаннан кейін өлім жазасына сотталғандарға кешірім жасау құқығын қамтамасыз ету кепілдігін бекітуді көздейді.

Бұл мәселеде мәжіліс депутаты Жекен Қалиұлы баяндамашыларға мынандай сауал қойды.

“Бұл Еуропалық Одаққа кіру үшін жасалып отырған ұмтылыс па? Әлде өмір талабы ма? Мұндай қортындыға келердің алдында кең зерттеу болды ма? Халықтың пікірімен санастыңыздар ма?”

Аталмыш жоба бойынша қосымша баяндама жасаған депутат Рамазан Сәрпеков өз жауабында былай деді.

“Халықтың арасында әлеуметтік сауалдамалар жүргізіліп, халықтың басым көпшілігінің “өлім жазасын толық жою әлі ертерек” деп санайтындығына көз жеткіздік. Осыған байланысты мораторий енгізу таңдап алынды. Жариялап отырған мораторийдің мерзімдік шегі жоқ. Тиісті мемлекеттік органдардың мораторийді қолдануға байланысты елдегі қылмыстық ахуалға ұдайы мораторий жүргізіп отырып және нәтижесіне қарай болашақта өлім жазасын толық жою мүмкіндігі туралы шешім қабылдау қаралуда".

Мәжіліс депутаттарының басым көпшілігі өлім жазасына мораторий енгізуді қолдап, заң жобасын екі оқылымда да мақұлдап, сенаттың қарауына жіберді.

Бас прокуратураның мәлімететтері бойынша 2000-ы жылы 71 адам, 2001-і жылы 65, 2002-і жылы 51, ал 2003-іжылы 26 адам сот үкімімен өлім жазасына кесілген.
XS
SM
MD
LG