Accessibility links

Баспасөз шолуы


Мерзімді басылымдарда, Қазақстан мемлекетінде мұнайдан түсетін пайданың әр адам баласына шаққанда қанша доллардан шығатындығы сырт көзден жасырылып, жұмбақ күйінде қалып отырғандығы және тағы да басқа саяси-әлеуметтік тақырыпқа арналған материалдар жарық көрген.

“Мегаполис” апталығында жарық көрген журналист Ақас Тәжутовтың мақаласындағы келтірілген деректерге жүгінсек, Қазақстан мемлекетінде мұнайдан түсетін пайданың әр адам баласына шаққанда қанша доллардан шығатындығы сырт көзден жасырылып, жұмбақ күйінде қалып отыр. Мақала авторы мұнайдан түсетін пайданың халықтың әл-ауқатының жақсартуға ықпалын тигізетіндігіне күдік келтіріп, Қазақстанда жыл сайын мұнай өндірудің арта түскенімен, халық санының азайып бара жатқандығына тоқталып өтеді. Мысал үшін Сауд Арабиясында 2002 жылғы көрсеткіш бойынша әр адам баласының басына шаққанда, мұнайдан түсетін пайданың мөлшері 2 296 долларды құраған. Мақала авторының айтуынша, Қазақстан мемлекетінің тәуелсіздік алғанына он үш жыл өтсе де, мұнай немесе газ сатудан мемлекет қалтасына қанша пайда түсетіндігі ешкімге де белгісіз. Өйткені мұндай ақпарат бүкіл қоғамнан жасырылып келеді екен. Мәжіліс депутаты Серік Әбдірахмановтың айтуына қарағанда, мұнайдан түсетін пайда көзі Ресей бюджетінің 45 процентін, ал, Қазақстан бюджетінің бар-жоғы 14 процентін құрайды. “Соңғы жылдары Қазақстанда мұнайдан қанша пайда түсетіндігінен, құпия жасауды доғару керек деген ұсыныстар жиі айтылғанымен, ол әңгіме тек сөз жүзінде ғана қалып отыр. Басқа мемлекеттер үшін ашық тақырып болып саналатын мұнайдан түсетін пайда мәселесі, Қазақстанда үлкен құпия болып саналады” дейді мақала авторы.

“Жас алаш” басылымының бейсенбілік санында газет қоржынына мыңнан астам адамның қолы қойылған хаттың түсекендігі хабарланыпты. Аталмыш хатта Оңтүстік Қазақстан облысы Мақтаарал ауданындағы жерінен айырылып қалған көптеген азаматтардың кедейшілікке ұрынғандығы баяндалыпты. Бұл мәселе бойынша тұрғылықты халық ондаған жылдан бері арызданғанымен, дау ұзаққа созылып, шешілмей келеді екен. Хатты жазушылар, Бас прокурор мен Жоғарғы соттан осы істің халық пайдасына шешілуін бақылауға алуын өтініпті.

“МК в Казахстане” басылымының бейсенбілік санында “Асар” партиясының депутаттық фракциясының құрылғандығы хабарланыпты. Бұл фракцияның қатарына экс мемлекеттік-хатшы Әбіш Кекілбаев та кірген. Фракцияның баспасөз мәжілісіне депутат Валерьян Земляновтың қатысуы көпшілік үшін үлкен жаңалық болған.

“Қазақ елі” апталығының соңғы санында жарық көрген Қалбай Әділдің мақаласында кейбір лауазымды адамдардың қазақтарды аузына келгенін айтып тілдейтіндігі баяндалыпты. Мақала авторының айтуынша, Алматы қаласы әкімінің орынбасары Яков Заяц мырза, баспана дауымен жүрген қалқамандықтарды “баран” деп тілдеген. Әділдік іздеп, өзіне жүгінуге келген, “Шаңырақ” ауылының тұрғын қазақтарын “Сендер адам емес” малсыңдар” деуге шейін барған.

“Известия Казахстан” басылымының соңғы санындағы талдау мақалаға жүгінсек, Қазақстандағы жинақтаушы зейнетақы қорлары халықтың сенімен шыға алмай отыр. Мақала авторының айтуынша, көп жағдайда азаматтардың зейнетақыларын қандай қорға жинақтау қажеттілігін, азаматтардың өздері емес, жұмыс беруші жақ шешеді екен. Мамандардың айтуынша, Қазақстандағы азаматтардың басым көпшілігі жинақтаушы зейнетақы қорларының келешегі жоқ деп есептейді.

“Начнем с понедельника” апталығы келтірген мәліметтерге жүгінсек, 2002 жылы ресми түрде тіркелген жұмыссыздар саны 700 мыңға жеткен. Атап айтсақ, Қазақстан тәуелсіздік алған жылдан бері, еңбекке жарамды қыз-жігіттердің әрбір сегізіншісі жұмыссыз қалған. Қазақстан Республикасы Жастар саясаты департаментінің бөлім бастығы Саят Нұрахметовтың айтуынша, Қазақстандағы жастардың 75 проценті жұмыссыз жүр. .

“Время” апталығының кезекті санында журналист Виктор Верк “Ақ жол” партиясының тең төрағасы Людмила Жулановамен сұхбат жүргізіпті. Сұхбатта Қазақстандағы халықтың әлеуметтік мәселесі әңгіменің негізгі арқауына айналыпты.

Ал, мәжіліс депутаты Ерасыл Әбілқасымов болса, кезінде алынып тасталған Лениннің ескерткішін қайтадан қалпына келтіріп, орнына қою керек екендігін айтып, Мемлекет басшысының атына өтініш білдіріпті. Бұл туралы “Экспресс К” газетінің 29 қаңтар күнгі санында жарық көрген Лиля Ержанованың мақаласында толығырақ баяндалған.

“Алматы ақшамы” газетінің кезекті санында мәжіліс депутаты Сергей Дьяченконың Қазақстан Республикасы Қаржы ұйымдары мен қаржы рыногын қадағалау жөніндегі агенттіктің төрағасы Болат Жәмішовке жолдаған депутаттық сұрауы жарық көріпті. Сергей Дьяченко өз сауалында банктердің көрсеткен бір қызметі үшін еке есе төлем алатындығына айтып, мұндай әрекеттердің заңға қайшы келетіндігін тілге тиек етіпті.
XS
SM
MD
LG