Accessibility links

Қазіргі қазақ музыкасындағы ұлттық нақышты сақтап қалу жөнінде сазгерлер басқосты


Осыған орай жұма күні Алматыда өткен басқосуға әнші-сазгерлер Нұрғали Нүсіпжанов, Қалдыбек Құрманалиев, Владимир Питерцевтер қатысып, соңғы кездері орын ала бастаған келеңсіз көріністерге алаңдаушылықтарын білдірді.

- Ұлтымыздың салт-дәстүрін, сан ғасырлық бай тарихын, өнерін паш ету мақсатында келер ұрпаққа саф алтындай байлығымызды жеткізе білу жолында атқарылатын көп шаралар бар. Соның бірі қазіргі қазақ музыкасындағы ұлттық нақышты сақтап қалу үшін күресуіміз керек, - дейді сазгер, «Жас қазақ» баспа үйінің директоры Қалдыбек Құрманәлі.

Соңғы кезде батыстың әндеріне бой ұрып бара жатқан жастарды халықтың өшпес өнеріне мойын бұрғызу үшін қаңтардың 31-де Республика сарайында көрнекті сазгер Әсет Бейсеуовтың әндеріне арналған «Әсеттің әсем әндері-ай» атты ән кеші өткізілмекші.

Осы шараны қолға ала отырып, қазақ ән өнерінің қасиетін қастерлеу арқылы әркімнің санасына өзінің төл өнерін сіңіру, сөйтіп, санаға жат, даңғаза дүниенің жаппай таралуына бөгет болу жолдарын қарастыру қажет дейді осыған орай басқосып, алаңдаушылықтарын білдірген сазгерлер.

- Кейбір сазгерсымақтар ән нақыштарын бұрмалап, компьютерге салып, будандастырып, бәрін былықтырды. Біз бұған жол бере алмаймыз. Осындай әрекеттердің алдын алуымыз керек, - деді өз кезегінде әнші Нұрғали Нүсіпжанов.

Осы ойды келесі азамат сабақтастырды.

- Мысалы, Жеңіс Сейдоллаұлы шығардым деген әндерінің көбі шетелдің саздары. Ал Сейфуллин Жолбарыстан жұрт әбден шаршап бітті. Оны білмейтін адам жоқ Қазақстанда, әбден жарнамалап біттік. Жолбарыс болса, ән ұрлап, өзгелерге жиендік жасауда, сондай-ақ даңғазалықтың шарықтау шыңына шықты. Алдына жан салмайды. Осындай басқалар да көбейіп барады, - деді Қалдыбек Құрманәлі.

Келер күннің еншісінде «Жас қазақ» баспа үйі продюсерлік орталығының ұйымдастыруымен республикалық «Қазақ әні», «Қазақтың халық әндері» байқаулары, Шәмші Қалдаяқов атындағы «Менің Қазақстаным», Әсет Бейсеуов атындағы «Армандастар» ән байқауларында да қазіргі қазақ әндері бойындағы ұлттық бояуды сақтап қалуға аса мән берілетіндігі осы басқосуда әңгіме арқауына айналды.
XS
SM
MD
LG